Ашуымызды басқара білеміз бе?

    491

    Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Бұл қағида күнделікті қарым-қатынаста кез келген мәселені шешуге қабілетті. Аяқ асты болған келеңсіздік ақыл таразысына тартылуы қажет.

    Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

    «Біреуді атып ұрған – мықты емес. Нағыз мықты – ашу үстінде өзін ұстай білген кісі[1]»,-дейді.

    Көшеде немесе қоғамдық орындағы дөрекі әрекеттер мен сөздердің салдарын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Бұл тақырыптағы зерттеу нәтижесі мынадай: ашу кезінде жасалған 90 пайыз қылмыс пен қақтығыс алғашқы 20 секундтің еншісінде. Демек, алғашқы жарты минутта ашуға бой алдырмау үлкен бәленің алдын алады. Ашудың төркіні – оттан. Өзекті өртеп жібере жаздайтындай болған алаудан. Шайтан да оттан жаратылған. Риуаятта:

    «Анығында, ашу – адам баласының жүрегіне түскен шоқ. Көрмейсіңдер ме, ашуланған кісінің екі көзі қызарып, тамырлары ісіп кетеді»,-делінген.

    Дөрекі сөзге үнсіз қалу қиын. Ал, дөрекі әрекетке жауап бермеу тіптен ауыр. Мына бір оқиғаны қараңыз. Әнас бин Мәліктің (р.а.) риуаяты:

    Мен Алла елшісімен бірге келе жатқанмын. Үстінде жағасы қатты шекпені бар еді. Жанына бәдәуи араб жетіп келіп, жағасынан ұстап өзіне қарай күшпен тартты. Қатты тартқаны соншалық, мойына із түсіп қалғанын көрдім. Ол бәдәуи:

    «Ей, Мұхаммед! Сенің қолыңдағы Алланың мал-дүниесінен (қазынадан) маған берсін деп айт»,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған қарап күлімсіреді де, бұл кісіге беріңдер деп тапсырды»[2].

    Бұл оқиға дөрекі кісіге төзімділікпен мәміле жасауға, оның қылығына дәл солай қайтарудың қажеті жоқтығын, «таспен ұрғанды аспен ұрды» ұстану керектігі көрсетеді. Неге, олай жауап беруіміз керек? Себебі, данышпандар:

    «Наданның сөзін үнсіз қабылдасаң, оған берген жауаптың да, жазаның да ең ауыры осы болмақ»,-дейді. Әдетте, қоғамдық орында болған келеңсіздік ар-намысымызға тигендей түйіледі. Сол сәтте жауап бермесек жеңілген, мойындаған боп қалатындаймыз. Өз биіктігіңізді сақтауды үйреніңіз. Бейәдеп деңгейіне түспеңіз.

    Ибн Аббас (р.а.):

    «Сендердің бірің ашуланса, үндемесін[3]»,-деген. Демек, ашулануға бізді итермелейтін факторлардың ең көп кездесетіні мыналар:

    Бірінші себеп: Ашулану – батырлық және мәрттік деген жансақ ой. Ғұлама Ғазали: «Басым көпшілік жаңылысып, ашуды батылдық, батырлық, намысшылдыққа балайды»,-дейді. Ашулану немесе барлық мәселені күшпен шешу батырлық деп ойлаймыз.

    Екіншісі себеп: Тәкаппарлық. Адамның жүріс-тұрысы мен жетістіктеріне шектен тыс ғажаптануы. Нәтижеде, менмендік туады. Ал, эгоист ешкімді мойындамайды.

    Үшінші себеп: Дауласу. Ең көп кездесетіні де осы. Қоғамдық орындарда сөзге келіп қалу. Ең сорақысы бұл кей жерлерде әдеткі жағдайда айналып кеткен. Абдулла бин Хусейн: «Дауласу – ашудың хабаршысы. Ашуға алып баратын ақылды Құдай қор етеді»,-деген. Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

    «Өзі ақ бола тұра дау-дамайға бармаған адамға жәннат атырабынан бір үйге кепілмін…[4]»,-дейді.

    Бір сағатқа жетер-жетпес уақыт өткізетін қоғамдық орында кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп дауласу ешкімге абырой әкелмеген. Мың жерден ақ болсаңыз да тартысқа кіріскен сәтте жеңіліс табасыз. Ешкімге бет бақтырмай барлығының аузына құм құюыңыз мүмкін. Бірақ, нәпсіңіз бен ақыл таразысы алдында жеңілесіз.

    Төртінші себеп: Орынсыз қалжың. Жөнсіз қалжыңдасып, әзілдесе беру кісі көңіліне ашу ұялатады. Омар бин Абдулазиз: «Әзіл-қалжыңнан сақ бол, ол жағымсыз жайтқа себеп әрі ашу мен жеккөруді тудырады»,-деген.

    Ал енді, жиі ашулану немесе одан да жаманы үнемі ашулы күйде жүру адамның денсаулығын күрт төмендетіп жібереді. Ас қорыту жүйесі, асқазан сөлінің бөліну реті бұзылу салдарынан асқазан жарасына соқтырады. Қант жетіспеушілігі мен обыр, яғни ісік ауруына да себеп болады. Ескеретін жайт, әр нәрсе қажетті өлшемінен шықпаса, құптарлық болып табылады. Ашу да солай. Ашудың да қолданатын жерлері бар. Керек болса, қажетті кезде ашуланбау – айып іс. Мәселен, Құран, намаз сияқты дін құндылықтарына, отан, ұлт, тіл, ар-намыс сияқты киелі ұғымдарға қол сұққанда үнсіз қалу, бейтарап болу – үлкен айып. Сондықтан, ақыл-сана мен дін қағидаларына сай ашуды қолдану – жақсы қасиет.

    Жүрекке аз-аздан жиналып қалған кектену, жақтырмау сияқты теріс энергия – ашу. Ашу басқа да мінездің категориялары сияқты жаттығып, машықтану арқылы тәрбиеге көнетін мінез. Ашуланған сәтте ақылдың үштен екісі істен шығады. Сондықтан, ақылға қонымсыз сөздер мен тірліктер болуы соның салдары. Мұндай агрессиялық әрекетті қалай басқаруға болады? Оны тәрбиелеудің әдістері қандай? Бұл мәселеде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар кеңестері бар.

    Бірінші әдіс – Алладан қорған тілеу. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында отырған екі кісі сөзге келіп қалады. Бірінің жүзі қызарып, екіншісінің тамырлары одырайын кетеді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осындай жағдайға тап болған адам айтса, бойындағысын кетіретін сөзді білемін. Егер Алладан шайтанның жамандығынан пана тілеймін десе бойындағысы кетеді»,-деген.

    Екінші әдіс – жағдайын өзгерту. Хадисте: «Сендердің бірің ашуланса, түрегеп тұрған болса отырсын. Одан да ашу кетпесе жатсын»,-деген. Демек, ашу кезіндегі қалыпты ауыстыру керек. Бойдағы ашуды ешкімге зиян тигізбей шығарып тастау керек. Бұл өкінетін сөз айтудан, әрекеттен сақтанудың бірден бір жолы.

    Үшінші әдісі – дәрет алу. Хадисте:

    «Ашу – шайтаннан, ал шайтан – оттан жаратылған. Анығында, отты су өшіреді. Сендер ашулансаңдар дәрет алыңдар[5]»,-делінген.

    Адамның басты құралдарының бірі – жақсы қарым-қатынас құра білуі. Ал, ашуды жеңбейінше бұған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, кез келген арандатушылықты елемеуді үйрену керек. Ашуға ырық бермеңіз. Бойды кернеген ашуды тізгіндеп ұстап, қажетінше тәрбиелеңіз. Керек болса, дұрыс жаққа бағыттауды және басқара білуді үйреніңіз.

    Ибн Аббас (р.а.) риуаятында:

    «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Үш қасиет бойынан табылған адамды Алла Тағала қамқорлығына алып, мейірімімен қателіктерін жасырып, махаббатымен жәннатқа кіргізеді»,-деді. Сонда: Уа, Алла елшісі, ол қай қасиеттер?,-деп сұрағанда, пайғамбар (с.ғ.с.): «Берілген жақсылыққа алғыс айта білу, есесін алуға толықтай шамасы келе тұра кешіру және ашуланғанда тез басылу»,-деген екен. Ашу-ызаны бойға жинамай, бір қалыпты сақтау мекеме басшысын да, отбасындағы әкені де, мектептегі мұғалімді де табысты етеді. Құран Кәрімде:

    «Оларға Алланың мейірімімен жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес…[6]»,-деген. Сахаба Әбу Дарда (р.а.): «Уа, Алла елшісі! Жәннатқа кіргізетін амалды көрсетіңізші,-деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ашуланба, ашуға бой берме, сонда сен жәннаттықсың»,-деген. Абдулла бин Амр (р.а.):

    «Мені Алла Тағаланың ашуынан алыстататын не?,-деп сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.): «Ашуланба[7]»,-деп жауап берген. Расында, әрбір сый-сияпат та, жазалау да жасалған амалдың түріне байланысты.

    Хасан Басри:

    «Төрт қасиеті бар кісіні Алла Тағала шайтан азғыруынан қорғап, тозақ отынан аман сақтайды: қызығу, қорқу, құмарту және ашу үстінде нәпсісіне ие болған адам». Күнә атауының барлығы ашу және құмарлықтан туады. Ашу қуатының соңы – кісі өлімі, ал құмарлық қуатының нәтижесі – зина. Сондықтан Құран Кәрімде кісі өлтіру мен зина күнәлары «Әнғам», «Исра», «Фұрқан» және «Мұмтахинә» сүрелерінде қатар айтылады. Оның мақсаты ашу мен құмарлық қуатынан туындайтын жамандықты намаз оқумен Алладан пана тілеумен қорғану қажеттілігі айтылады.

    Халифа Омардың тәрбиесінде болған Ахнаф бин Қайс: «Ашуды жұмсақтықпен басу, өш алудан әлдеқайда артық»,-деген. Сондай-ақ, «Біз ашуды баса білу азаматтық деп білетінбіз. Бір сөзге сабыр ете алмаған, мың сөз тыңдауға мәжбүр болмақ»,-деген. Ислам философы Жунайд Бағдади:

    «Пенде амалы мен білі аз болса да мәртебесін көтеретін төрт қасиет бар: жұмсақтық, кішіпейілдік, жомарттық және көркем мінез. Міне, бұл кемел иман»,-деген екен. Абдулла бин Масғұд (р.а.):

    «Кісінің жұмсақтығын ашу үстінде байқаңдар, аманатшылдығын дәмету кезінде тексеріңдер. Ашуланбайынша оның жұмсақ екенін саған ешнәрсе білдірмейді. Кісінің аманатшылдығын да дәмету болмайынша байқамайсың»,-деген екен.

    Руслан ҚАМБАР

    [1] Бұхари, Муслим

    [2] Бұхари, Муслим

    [3] Ахмед

    [4] Әбу Дауд

    [5] Ахмед

    [6] Әли Имран сүресі, 159-аят

    [7] Ахмед