Иә, ораза тұтқандардың жағдайын жасап, ауыз аштырудың сауабы мол екені бәрімізге белгілі. Сондықтан да осы айда ауыз аштыру сынды игі істер мен жақсылықты қолдан келгенше көптеп жасауға тырысқан адам есепсіз сауаптарға кенелері хақ.

Бүгінгі қоғамда Ораза ұстағандарға ауызашар беру жылдан жылға жетіліп, дәстүр ретінде қалыптаса бастады. Енді осы дәстүр ретінде қалыптасып қалған сауап амал жасаушылардың жақсылықтарына көз жүгіртіп көрейік.

1. Мұхаммед Пайғамбар өзінің бір хадисінде: «Аузы берік пендеге ауызашар жасап, тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» — деп бұйырады. Осыны санасына сіңірген иманды азаматтар ораза ұстаған жандарға құрмет көрсетуге жарыса кірісіп жатқанын көріп, кеудеде қуаныш ұялайды. Бұл дегеніміз адамдардың сауап алу мақсатында өздерінің дүние-мүліктерімен басқалармен бөлісуді үйренгенінің дәлелі.

  Осындай қайырымды жандардың көмегімен еліміздегі облыстық, аудандық деңгейдегі барлық мешіттерде ораза тұтушылар үшін арнайы ауызашар дастарханы жайылып, мүмкіндігі барлар дастархан жаюға азық-түлікпен болсын немесе ақшалай болсын көмегін беріп жатыр.

  Бір ғана Алматы қаласының Орталық мешітінде күн сайын 500 адамға тегін ауызашар берілуде екен. Ал, еліміз бойынша қайырымдылық ауызашарына  қатысушылардың саны күніне 50 мыңға жуық деп есептейтін болсақ, Рамазан айы бойынша 1 500 000 адам жетіп жығылады екен.

 Ойлап қараңызшы, осыншама адамның елдің амандығы, жұртымыздың тыныштығын және халқымыздың амандығын тілеп жасаған дұғалары қабыл болмауы мүмкін бе?!

   Пайғамбарымыз  Мұхаммед тағы бір хадисінде: «Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды»  — деп бұйырады.

2. Ораза ұстау тек ішіп-жеуден ғана бас тарту емес. Рамазан айында адамдар сонымен қатар нәпсісін тыйып, жамандық атаулыдан аулақ болады. Ораза пайдасыз істен, уақытты босқа өткіузден, өсек-аяң айтудан құтылуға мүмкіндік беретін ғибратты амал.

   Иісі мұсылман баласы 30 күн Оразада мешітке барып жақсы менен жаманның ара жігін ажырататын уағыздар тыңдап, руханиятын күшейтеді. Рухани байыған адамның Отанына деген сүйіспеншілігі, отбасына және бала-шағасына деген мейірімділігі артады. Салауатты ұрпақтың артуына себеп болған да сауап амалдардан емес деп ешкім айта алмайды.

3. Рамазан айында көптеген қала мешіттері тарауық намазында Құранды бастан-аяқ хатым етуді дәстүрге айналдырған. Ал, сол хатымды өткізуге Құран Кәрімді толық жаттаған білікті мамандар шақырылады. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі мешіттерде хатым түсіру үшін мамандар көршілес Өзбекістан, Тәжікстан мен бауырлас Түркия елінен шақырылып жатушы еді. Бүгінгі күні жағдай өзгерді, Құран Кәрімді толығымен жаттаған қариларымыз елімізде көптеп тәрбиеленуде.

   Алматы Орталық мешітінде Құран хатымды ҚМДБ-ның өкіл имамы Еркінбек қари Керімбекұлы мен Серік қари Ахметовтар түсіріп жатқаны осының айқын дәлелі. Осындай қариларды тәрбиелеп шығарғандарға Алланың нұры жаусын!

4. Сонымен қатар, мешіттердегі тарауық намаздары түннің біруағына дейін жалғасып, кеш аяқталатын болғандықтан, келуші жамағаттың үйлеріне қайту мәселесі де ескеріліп, шешімін табуда.

Әкімдіктердің қолдауымен тарауық намазынан кейін бағыттық автобустар қойылып, әр кеште мешіттерден шыққан жамағаттың үйлеріне емін-еркін жетіп алуларына жағдай жасалынып отыр. Оған қоса, бағыттық автобустар жүрмейтін кейбір мешіттерде, мысалы Алматы қаласындағы «Сұлтан Қорған» мешітінде тегін такси қызметі жолға қойылған.

   Бұл да мемлекеттің өздерінің азаматтарының руханиятына көңіл бөліп отырғанының нақты дәлелі.

  Жалпы алғанда Ауызашар дәстүрі сауап амалдармен қатар, экономикалық жағынан да пайдалы құбылыс. Күн сайын сауда орталықтарынан ауызашарға күнделікті қажеттілікке деп қаншама азық-түлік сатып алынады. Сауда-саттық болған соң, бір жағынан кәсіпкерлердің экономикалық жағынан әлеуеті жақсарады, бір жағынан кәсіпкерлердің қоғаммен байланысы күшейеді. Яғни, бұл жерден ешкім ұтылмайды, керісінше еселеп сауап табады. Барды бөліскенге не жетсін!

   Рамазан айы құтты, ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын!