Ата-анасын наразы еткен перзент

    436

    Бұл – адам сенгісіз оқиға. Өйткені, оқиғада кездейсоқ сәйкестіктер тым көп. Детективтік кино желісіндегідей шым-шытырық. Десе де, болған оқиға.

    Мұны қылмыстық істер бойынша хирург ғалымдар ұйымының басшысы әріптестеріне тәжірибе алмасу мәжілісінде әңгімелеп береді. Әрине, қылмыстық істі ашуда хирург мамандардың еңбегі зор. Кәсіби тәжірибесінде көпті көрген дәрігерлерді таң қалдыру қиын. Алайда, бұл оқиға оларды да таңдай қақтырды. Өйткені, дәл осылай мұндай оқиға екінші мәрте қайталануы мүмкін емес. Бұл – физикалық және басқа да заңдарға қайшы құбылыс.

    1994 жылдың мамыр айы. Роналда Опуса есімді азамат өзіне қол жұмсамақ болып оныншы қабаттан секіреді. Алайда, сегізінші қабат деңгейіндегі қорғаушы қалқанға құлап мерт болады. Бірақ, оның өліміне биіктен құлауы емес, басына тиген оқ себеп болған еді. Мұны патологоанатом дәрігерлер мәйітті тексеру барысында анықтады.

    Бір қарағанда суицид болып көрінген жағдай кісі өлтіру болып шыға келді. Оқ мәйітке оныншы және сегізінші қабат арасында тиген. Тергеу барысында тапанша оғы табылды. Әрі 9-қабаттағы қарт ерлі-зайыптылардың терезесінен атылғаны анықталды. Олардың үнемі жанжалдасып, көршілеріне тыныштық бермейтіні мәлім болды. Бұған қоса, ұрыс барысында әйелін тоқтату үшін күйеуі оқталмаған тапаншасын кезеніп, шүріппесін тарс-тарс еткізіп қорқытады екен. Сол бақытсыз күні ерлі-зайыптылар ұрысып, күйеуі тапаншасымен терезеге қарай атып жібереді. Қаңғыған оқ жоғарғы қабаттан секірген Роналдаға тиеді. Осылайша әкесі баласын өлтірген болып шықты.

    Бірақ тергеу әлі жүріп жатты. Қылмыскер әкеден сұрақ-жауап алу барысында тапаншаны Роналданың оқтағаны дәлелденді. Роналда әкесінің әдетін біле тұра қасақана оқтап қойған. Демек, оның ниеті кісі өлтіру болған. Себебі, бірнеше апта бұрын анасы Роналдаға бұдан былай ақша бермейтінін кесіп айтқан екен. Ызаланған Роналда анасының кісі қолынан өлуін ұйымдастырған болып шықты. Тіпті, тапанша шүріппесін баспаса да, қылмыс құралына қол тигізбесе де, Роналда қылмыскер, кісі өлтіруші болып тұр. Ал, әкесі бұл қылмысқа ешбір қатысы жоқ деп танылды.

    Осылайша қылмыс тарихында мәйіт әрі қылмыскер, әрі кісі қолынан қаза тапқан адам болып шыққан еді. Қылмыс ісі осылай жабылған. Бұл – ата-анасын наразы еткен перзент оқиғасы.

    Ғалымдардың екі дүниеде де жазасы берілуі керек күнәлардың бірі ата-анасын ренжітіп, көңілін қалдыру деген сөзі бар. Бұхаридің де хадис кітабында сахаба Әбу Бәкрадан (р.а.):

    «Екі адамның жазасын Алла Тағала кешіктірмей береді: залым мен ата-анасын ренжіткеннің», — деген риуаят бар.

    Руслан ҚАМБАР

    Пікір жазу