«Алматы қалалық Интерактивті діни картасына» 40 қоңырау түскен

    81

    23 шілде. KAZISLAM – Алматыда екі жыл бұрын ашылған интерактивті діни картасына 40 қоңырау түскен. Адамдар көбінесе тіркелген заңды діни бірлестіктердің орналасу аумағын білу мақсатында хабарласып, заңсыз сатылымдағы діни әдебиеттер мен атрибуттар, миссионерлік қызметпен айналысатын күдікті тұлғалар мен бірлестіктер туралы ақпаратпен бөліскен.

    «Social Development Center» қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғанов аталған ресурстың қойылған мақсаттың үдесінен шыққанын айтты.

    «Қазіргі заманауи қоғамда жастар арасында дін, діни догмат, діни нышан, діни сана-сенім, діндарлықтың табиғи және жасанды үдерісі белең алып жатыр. Бұл жердегі басты мақсат – халықтың сана-сеніміне қоғамдағы тіркелмеген діни ұйымдар мен деструктивті ағымдардың теріс ықпал әрекеттерінен дін тұрғысында максималдық және сенімді мағлұмат жеткізу. «Алматы қалалық Интерактивті діни картасы» жобасы осы мақсатпен құрылды. Бұл – толықтай ақпарат енгізілген электрондық портал.

    Картада қала аумағында тіркелген барлық діни бірлестіктер туралы қажетті анықтамалар, мәліметтер (мекен-жайы, байланыс, қызметкерлері, тіркеу және қайта тіркеу күні, діни ұйымға келушілердің орташа саны туралы мәлімет), діни ғимараттар, олардың қасбеті мен интерьер суреттері, діни әдебиеттерді таратуға рұқсат етілген жерлер, Алматы қаласы төңірегінде өз қызметін жүзеге асыруға рұқсат алған миссионерлер туралы деректер көрсетілген», — дейді ол.