Бауыржан Момышұлы бабамыздың «Парыз алға қойған міндеттен туады, яғни, міндет адамға парызды жүктейді. Сондықтан да парыз бен міндет адамның қызмет әрекетінде де әр түрлі» деген дуалы сөзі көп нәрсені ұқтырғандай.

Иә, бүгінде алға қойған міндетіміз не? деген сұрақты ең көп естісек керек. Сұрақтың жауабын көп жағдайда әркім өз саласы бойынша қарастырып жатады. Бұл да дұрыс. Әйткенмен, кез-келген бір халықтың тарихы мен өркениетін танытып, келешегін кемелдендіретін қуатты бөлігі, ол – жастар тобы.

Жастарда рухани кемелдену, өнер-ғылымға деген махаббат жанып тұрмаса, ол халықтың тарихы да, өркениеті де ұмыт болмақ. Адамның өмірдегі ең сенімді досы да, ісін нәтижелі ететін серігі де осы жастар, яғни, олар қабілетін дамытуға, күш-энергиясын қолдануға мүмкіндіктері бар. Сол себепті, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Маған сый-сияпат ретінде жастардың көмегі тарту етілді» [1] деген.

Тақырып түсінікті болуы үшін ғұмыры ғибратты Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жастармен ара-қатынасы қандай болғаны туралы қысқаша мысалдар келтіріп өтелік.

Ол (с.ғ.с.) жастардың көңілін қалдырмайтын

Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында болып, оған көп қызмет көрсеткен сахабалардың бірі Әнас ибн Мәлік (р.ғ.) еді. Ол 10 жасыннан бастап өмірінің соңына дейін Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызметінде болады. Сол қызметте болған кезін, «Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында он жылдан астам қызмет еттім. Ешуақытта «Ананы неге сөйттің? Мынаны неге бүйттің?», — деп зекіп, ренжіткен емес» [2] деп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызметкерлеріне болған мейірімділігін таңданыспен жеткізеді.

Ол (с.ғ.с.) жастармен қалжыңдасатын

Алла елшісі (с.ғ.с.) Өзімен ұзақ уақыт бірге болған Әнас ибн Мәлікті (р.ғ.) «Екі құлақ иесі» (яғни, тіл алғыш) деп еркелетсе, танымал хадисші сахаба Әбу Һурайраны (р.ғ.), осы «Әбу Һурайра» (яғни, мысықтың көкесі) деген лақап атымен шақыратын. Бұл ат оның мысықты көп құшақтап жүретіндігінен берілген. Оның шын аты Әбдурахман ибн Сахр әд-Дуси еді.

Ол (с.ғ.с.) жастарға деген сүйіспеншілігін ашық білдіретін

Алла елшісі (с.ғ.с.) жас сахаба Муғаз ибн Жәбәлға (р.ғ.) өзінің жақсы көретінін Аллаға ант ете отырып айтқаны туралы риуаттар келеді [3]. Талха ибн Убайдулла (р.ғ.) туралы «Кім жер бетінде жүрген бір шәһидті көргісі келсе, Талха ибн Убайлуллаға қарасын» [4] деген.

Ол (с.ғ.с.) жастарды әрдайым жігерлендіріп отырған

Алла елшісі (с.ғ.с.) 12 жасында мұсылман болған Зұбайыр ибн Аууамға (р.ғ.): «Әр пайғамбардың бір көмекшісі бар. Менің көмекшім Зұбайыр»[5] десе, Әли (р.ғ.) туралы: «Сен менің бір бөлігімсің, мен де сенің бір бөлігіңмін» деген. Абдулла ибн Аббасқа да (р.ғ.): «Уа, Аллаһым! Оны дінде фақиһ (ғалым) қыл және тәуилін (яғни, діннің мәнін, хикметін) көңіліне сал» деп дұға етеді.

Ал, Әбу Мұса әл-Әшғарге (р.ғ.): «Ей, Әбу Мұса! Саған Дәуіт отбасының үні сияқты әдемі дауыс берілген» деп, жас сахабалардың бойындағы ерекшеліктерін атап, жігерлендіріп отыратын.

Ол (с.ғ.с.) жастардың қателігін бетіне баспай, оң жол көрсететін

Әбу Рафи ибн Амр әл-Ғифари (р.ғ.) әлі жас бала кезі, құрма ағаштарын сындырып, құрмасын жеп отырған еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) одан құрма ағаштарын неге сындырғаны туралы сұрайды. Ол қарны ашыққанын және құрма жеу үшін сындырғанын айтады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) әуелі жерге түскен құрмаларды жеген дұрыс, сосын құрма ағашын сындырмай жеуге әрекет ете ғой деп басынан сипап: «Уа, Аллаһым! Бұл баланың қарнын тойғыза гөр» [6] деп дұға етеді. Тағы бірде Алла елшісінің (с.ғ.с.) құзырына бір жас сахаба келіп, «Уа, Алла елшісі! Мен діннің барлық әмірлерін орындауға дайынмын. Бірақ, зина жасамасам тұра алмаймын. Соған рұқсат берсеңіз», — дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.) алдындағы жас сахабаны кінәламайды. Зинаның жиіркенішті іс екенін хикметпен түсіндіре келе, өзінің анасымен, әпке-қарындасымен және қызымен біреудің көңіл қосуын қалар ма едің? деп сұрақ қоя отырып, сен көңіл қосып жүрген әйел біреудің анасы, біреудің әпке-қарындасы, енді біреудің қызы деп түсіндіреді. Осыдан кейін әлгі сахаба көзіне жас алып, ешуақыт зина жасамайтынына уәде береді [7].

Қорыта айтар болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) айналасындағы жас сахабаларға құрмет көрсетіп, олардың бойындағы қабілетін ашу жолында бар ыждаһаты мен шексіз төзімділігін көрсете білген. Рахым пайғамбары (с.ғ.с.) тек жастарға ғана емес, өзге жастағы адамдармен де қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйретіп кетті. Оның (с.ғ.с.) салихалы өмірі жайлы том-том кітаптар жазылып, мұсылман әлемінің, тіпті, мұсылман еместер де өмірлік қыбланамасы етуге талпынып пайғамбар өмірін зерттеп жүр. Сол себепті, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету алға қойғам міндетіміз болса, пайғамбар сүннетімен жүру парызымыз.

Самет Оқанұлы,
исламтанушы

[1] Фадайлул-қадр шарху жәмиғис-сағир мин ахадисил-бәшәйрин-нәзир, 6-том, 283 б.
[2] Термизи, Сунан, 4-том, 368 б.
[3] Әбу Дәуіт, Сунан, 2-том, 86 б.
[4] Ибн Бәрр, әл-Истиғаб фи әсмәул-Асхаб, 2-том, 221 б.
[5] Ибн Хажар, 1-том, 546 б.
[6] Термизи, Сунан, 3-том, 584 б.
[7] Ахмад ибн Ханбал, Мүснад, 4-том, 256 б.