Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Дұға – құлшылықтың өзегі» — дейді. Мұсылман баласының қаруы саналған дұғаның маңызы зор. Ал пайғамбардың (с.ғ.с.) үмбетіне жасаған дұғаларын білесіз бе? Алла елшісінің дұғасында қияметке дейін болатын 6 түрлі адам кім?

Салауат айтушы

 Пайғамбарға (с.ғ.с.) үнемі салауат айту – мұсылман баласының дұғасының тез қабыл болуына, күнәсінің кешіріліп, таудай сауапқа кенелуіне үлкен мүмкіндік. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Араларыңнан біреуің маған салауат айтсаңдар, сәлеміне жауап беруім үшін Алла Тағала менің жанымды қайтарады» — деген (хадисті Әбу Дәуіт жеткізген).

Екінті намазының сүннетін оқитындар

 Әбу Дәуіттен жеткен тағы бір хадисте Алла елшісі: «Екінтінің алдында 4 рәкағат намаз оқыған үмметіме Алла рақым етсін!» — деп дұға еткені айтылады.

Саудада әділ әрі мейірімді болған адамдар

 Адамдармен сауда жасауда, ақшасын беру, қайтаруда мейірімді болғандарға қарата пайғамбар (с.ғ.с.): «Алыс-берісте, адамдармен қарым-қатынаста кішіпейіл болғандарға Алла рақым етсін!» деп дұға жасаған (Ибн Мәжә)

Тәхәжжуд намазын оқитындар

 Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала түнгі намазға оянып, әйелін де оятып, оянуға шамасы келмей жатса, бетіне су бүркіген ер адамды және өзі де тұрып, күйеуін де намазға оятқан, оянбаса, бетіне су бүркіген әйел адамға рақым еткей!» — деген (Әбу Дәуіт, Нәсаи жеткізген хадис)

Баласын ғибадатқа үйреткен әке

«Әкенің баласына беретін ең үлкен сыйлығы – тәрбие» деген пайғамбар (с.ғ.с.) балаларды жастайынан ғибадатқа үйретуді де ер адамдарға міндеттейді. Тіпті, ешқандай сая болмайтын қиямет күні Алланың көлеңкесінде (қорғанында) болатын 7 адамның бірі – бала күнінен құлшылыққа ден қойғандар болатыны жайлы да сахих хадистерде айтылған. Ал заманында баласының ғибадат жасауына ерекше көңіл бөлген әкелерге дән риза болған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Баласының ғибадат жасауына жәрдемдескен әкені Алла рақымына алсын!» — деп дұға жасапты.

Қажылықта шаш алдырған ер адам

  Әдетте қажылық сапарында жүрген ер адамдар шашын қысқартып немесе толықтай тақырлатып алдыратыны белгілі. Бірде шашын толықтай алдырған мұсылман ерлерге қарата пайғамбар (с.ғ.с.): «Я, Раббым! Шашын алдырғандарға рақым ет!» — деп дұға жасайды. Мұны естіген адамдар: «Шашын қысқартқандарға да!» — дейді. Алла елшісі (с.ғ.с.) қайтадан: «Я, Раббым! Шашын алдырғандарға рақым ет!» — деп дұға тілейді. Адамдар да қайтадан: «Шашын қысқартқандарға да!» — деген кезде барып екі дүние сардары: «Шашын қысқартқандарға да рақым ет!» — деп дұға жасапты (Бұхари мен Мүслим).