Cіз білесіз бе?

Аллаға да, адамға да ұнайтын амалды білесіз бе?

Халқымызда «Аллаға жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол» деген сөз бар. Бағзы заманда айтылғанымен бұл сөз әлі күнге маңызын жоймай келеді. Ал, күллі ғаламды жаратқан Аллаға да, жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық адам баласына да жағатын амал бар ма?

      Бұл сұраққа Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) мына бір өсиетімен жауап беріп көрелік. Бірде адамзаттың абзалы Мұхаммедке (с.а.у.) бір кісі келіп:

— Уа, Алланың елшісі! Маған бір амал үйретіңізші. Оны жасағанда мені Алла да, адамдар да жақсы көрсін,-дейді. Сонда әлгі кісіге Пайғамбарымыз (с.а.у.):

— Дүниеге еш қызықпа, Алла сені жақсы көреді, адамдардың қолындағыға еш қызықпа, олар да сені жақсы көреді,-деп жауап береді. Бұл хадиске ғұлама Ибн Мәжә «хасан» дәрежесін берген.

Демек, Алланы да, адамдарды риза қылатын амал – дүниеге қызықпау екен. Бірақ, бұл мал-дүние, ақша жинамау керек, бай, мансап иесі болмау керек деген сөз емес. Бай, бақуатты Пайғамбарлар да, Мұхаммедтің (с.а.у.) соңынан ерген сахабалар, табиғиндер де болған. Қазақ халқының тарихына көз салсақ та небір атымтай жомартты кездестіресіз. Сонда дүниеге қызықпау дегенді қалай түсінеміз?

Бұған уағында Мәуләна Жәләладдин Руми «Кеменің жүзуі үшін суға мұқтаждығы бар. Бірақ, су кеменің ішіне кірсе, кемені суға батырады. Кеме үшін су қандай болса, мүмин үшін де дүние сондай» деп жауап беріпті. Яғни, қолыңда барға қанағат етіп, одан артығына орынсыз талпынбау, өзгенікіне қызықпау мұсылманның әзиз басын дүниеге құл қылудан сақтап қалмақ.

Сонымен қатар, өзгенің дүниесіне қызықпау адамның бойын іштарлық, көреалмаушылық секілді ұнамсыз қасиеттерден аулақ ұстайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл амалды Алла да, адамдар да жақсы көреді деп айтуының бір мәнісі осы болса керек.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close