Алаштың Ахметсафасы

    1931

    Өткен тарихи кезеңдерді салыстырып қарайтын болсақ, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы Қазақ халқының Хақ дінге ерекше қарқынмен бет бұрған дәуірі еді.

    Осы кезеңде Қазақтың сайын даласынан небір айтулы ахундар мен ишандар, қазылар мен молдалар шықты. Олардың базбірі алыс-жақын шетелдерде оқып білім алса, кейбірі өз топырағымызда бүр жарған оқу ордаларынан құнарланып,  алып-шынар – ғұлама-ғалымға айналды. Солардың бірі, белгілі ғұламамыз – Ахметсафа қажы Қалдыбайұлы болатын.

    Ахметсафаның шыққан тегі, өскен ортасы

    Ахметсафаның әкесі Қалдыбай Қасқабайұлы Сыр бойы Жаңақорған өңірінде дүниеге келген. Сол заманда өмір сүрген маңдайалды ғұлама-ғалымдардың алдын көріп өскен. Жас күнінде Самарқан, Хиуа, Бұқара медреселерінде оқып, діни білім алады.

    Оқуын аяқтаған соң ата-бабаларының қонысы жер жәннаты Жетісу жеріне көшіп келеді. Сарқанд өңірінде мешіт тұрғызып, имамдық қызмет жасайды. Ауылынан шағын медресе ашып, бала оқытады. Өз қаражатымен екі мәрте Меккеге қажылыққа барып келеді. Дүние жинамай, жиған-тергенін Хақ жолында сарп қылған аса мәрт адам еді. Ахметсафа Қалдыбайұлы өзінің «Өсиетнамасында» әкесі туралы:

    Бабам аты Қасқабай,

    Атам аты Қалдыбай,

    Мұратына жеткізген,

    Марқұмдарды бар Құдай.

    Ғалым болған атамыз,

    Бұқарада оқыған,

    Араб-парсы кітаптың,

    Әрқайсысынан тоқыған.

    Имам болып халыққа,

    Мешіт салып Хақтыққа,

    Тура жолға басшы боп,

    Шариғатын таратқан.

    Исламның үлкен парызы,

    Байтолланы тауап қып,

    Меккеге бармақ мұратын,

    Екі мәрте қаж қылып,

    Сұрады Хақтан сұрағын — деп жырлайды.

    Жетісудің Сарқанд өңіріне қарасты Қарабөгет ауылындағы Қалдыбайдың отбасында 1892 жылы Ахметсафа Қалдыбайұлы дүниеге келеді. Жалпы, Қалдыбайдың Абдолла, Ахметсафа, Файзолла, Әбдіғапар атты төрт ұлы болды. Балаларына әліпбиді өзі үйретіп, арабша хат танытады. Діннің негізгі шарттарын оқытып, төрт ұлын да бала күнінен ғылымға баулиды. Балаларының ішіндегі аса алғыр, ғылымға талапты екінші ұлы Ахметсафа еді. Ол 13 жасқа толғанда, Қалдыбай одан арықарай баласын Орталық Азияның белгілі оқу орындарында оқытқысы келеді.

    «Әбілқасым ишан» медресесі

    Ахметсафа әкесіне еріп 1905 жылы Ташкентке келеді. Осында іргетасы XVI ғасырда қаланған, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан кейін «Әбілқасым ишан» деп атала бастаған медресеге оқуға түседі. Сол кезеңде медреселердегі білім бағдарламасы әрқайсысы 4-5 жылдық ибтидаия, рушдия, иғдадия, ғалия басқыштарынан тұратын. Бірақ, туабітті алғыр, оқуда озат болған шәкірттердің оқуды жедел бітіруіне мүмкіндік қарастырылатын.

    Ахметсафа алғырлығының арқасында  өзінің қатарластарынан басып озып, 21 жылдық медресе оқуын бар-жоғы 7 жыл мерзім ішінде тәмамдайды.

    Әу баста, «Әбілқасым ишан» медресесі қадимдік бағытты ұстанса да, Ахметсафа оқыған жылдары жәдиттік бағытқа көшеді. Ахметсафаның естеліктерінде онда діни сабақтардан бөлек фән (жаратылыстану) ғылымдары, атап айтар болсақ, медицина, астрономия, математика, жағрафия дәрістерін оқығандығы айтылады.

    Сонымен қатар, «Әбілқасым ишан» медресесі шәкірттердің тілдерді игеруіне басымдық береді. Ахметсафа медреседе жүргенінде араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгереді. Ол ұзын-ырғасы 11 тілді білген. Осылайша, Ахметсафа медреседе діни сабақтармен қатар, бірнеше тілді және жаратылыстану ғылымын да қатар меңгеріп шығады.

    Арпалысқа толы ғұмыр

    Ахметсафа 1912 жылы оқуын бітіріп, елге оралады. Ташкенттен кітаптарын атан түйеге жүк қып артып келеді. Лепсі өңіріндегі әкесінің мешітінде имам хатыб қызметін атқарып, ауылда бала оқытады. Жиырма жасар жігіттің өңірге аты шығып, ел ағалары оған төрден орын береді. Ауыл молдалары білмегенін үйреніп, жұрт арнайы іздеп келіп ақыл сұрайтын зор құрметке ие болады. Мысалы, «Алашорда қарсаңында» атты деректі романда Ахметсафаның Жетісу жерінде билер қараған даулы іске шариғат үкімін айтуға барғандығы баяндалған. Оның Алаш күрескерлерімен жылы қатынаста болғандығы суреттелген.

    Кеңес үкіметі орнаған жылдары Ахметсафа Қалдыбайұлы Лепсі өңірінде діни қызмет жасайды. Жетісудегі жәдиттік білім берудің алғадай қолдаушысына айналады. Алайда, 1930-шы жылдары дін адамдарын қудалау басталады. Большевиктер дін шырақшысының ықпалынан үркіп, мал-мүлкін тәркілеп, оны Шығыс Қазақстан облысы Глубокое селосына жер аударады. Қалың орыстың арасында қара жұмысқа жегіліп, бірнеше жыл өмірін өткізеді. Соғыс жылдарында мыс қорыту өндірісінде еңбек етеді. Бәйбішесі қайтыс болып, біраз жыл ауырып, отбасылық қиыншылықтарды бастан өткереді.

    Соғыс аяқталған 1945 жылы өз туыстары тұратын Талдықорған облысы М.Горький колхозына көшіп келеді. Осында екінші рет үйленеді. Іле-шала 1946 жылы Лепсіге қоныс аударып, станцияда жұмыс істейді. Ахметсафа осы тауқымет тартқан ауыр жылдарда халыққа ашық уағыз-насихат айтпаса, молдалық қызметін бір сәтке де тастамаған көрінеді.

    «Тінібай» мешітіндегі тынымсыз тірлігі

    Генсек Сталиннің ІІ Дүинежүзілік соғыс кезінде амалсыз қолдауымен 1943 жылы ашылған САДУМ-ның Қазақстандағы қазиятын алғашқыда Әбдулғаппар Шамсутдинов басқарады. Соғыс жылдарында орын алған тауқыметке байланысты әуелгіде Қазақстан қазияты қаржылық-материалдық тұрғыдан көп қиыншылыққа тап болады. Тіпті, Алматыдан Қазақстан қазиятының кеңсесін ашуға да ғимарат табылмайды. Осылайша Ә.Шамсутдинов Семей қаласында отырып, қазиятты басқарады. Денсаулығына байланысты 1952 жылы Ә.Шамсутдинов қызметтен босап, қазият жұмысын Сәдуақас Ғылманиге тапсырады.

    С.Ғылмани бас қазы болып жұмыс істеген жылдары Қазақстан қазиятының жұмысы қаржылық-материалдық тұрғыда біршама ілгерлейді. Әсіресе, кадр саясаты дұрыс жолға қойылады. Ол еліміздің түкпір-түкпіріне жер аударылып, қара жұмысқа жегілген дін оқымыстыларын Қазақстан қазияты жұмысын жандандыруға шақырады. Соның бірі, белгілі ғұлама Ахметсафа Қалдыбайұлын 1954 жылы Семей қаласындағы «Тінібай» мешітіне имам-хатыб етіп тағайындайды.

    Атақты Уақ болысы, дәулетті саудагер Тінібай Кәукенов 1836 жылы қарағайдан қидырып салдырған мешітті Кеңес үкіметі орнаған жылдары большеквиктер әртүрлі мақсатта өз қажетіне жаратады. Бір кездері қасиетті құтхана қойма да болған көрінеді. Біраз жыл қараусыз қалып, тоз-тозы шыққан тарихи мешітті Ахметсафа қызметке тағайындала салысымен күрделі жөндеуден өткізеді. Ол мешіт ауласын айналдыра қызыл кірпіштен қорған салдырады. Ауланы көгалдандырып, ағаш егеді. Мешіттің соғыс жылдары мұнарасы бұзылған еді. Халықтың көмегімен мұнара қайта жөнделеді. Төбесінен су тамшылайтын болғандықтан, мешіт қаңылтыр шатырмен қапталады. Дәретхана мен күзетшінің үйі де жөндеуден өткізіледі.  Мешіттің іші-сыртын сырлап, ауласын мұнтаздай етіп тазалайды.

    Мешіттің ішіндегі жайнамаздар алаша мен түкті кілемге ауыстырылады. Кіре-берісіне аяқ киім шешетін орындар дайындалады. Әйел жамағатына арнап, мешіт ішінен сөндіре (ішкі екінші қабат) жасап, оған көтерілетін басқыштар және терезелер жасалынады. Алғашқыда мешітті жылытып, ыстан таза ұстау үшін контрамарка пештерін, соңыра ыстық сумен жылытатын жылу жүйесін жасайды. Мешіттің бір бұрышынан кітапхана ұйымдастырып, оқырман санын көбейтеді.

    Уағыз мәдениетінің көсемі

    Ахметсафа зерделі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізудің арқасында «Тінібай» мешітін Қазақстандағы маңдайалды мешіттердің қатарына қосады. Мешіттің материалдық базасын қалпына келтіріп ғана қоймай, ол білімпаздығымен һәм әсерлі уағыз-насихат айтымен дүйім жұртты өзіне ұйыта біледі. Оның уағыз айтудағы шешіндігіне, әрбір діни үкім мен қағидаларды аят-хадистермен дәлелдеп айтатын ғұламалығына қалың көпшілік тәнті болатын.

    Баласы Мұзаффардың айтуына қарағанда Ахметсафа елімізде алғаш болып уағыз-насиқатта Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін пайдаланған. Осыдан да болар жұма күндері Ахметсафаның уағызын тыңдауға «Жоламан», «Комсомол», «Ескі Семей», «Орталық» тұрғындары да «Тінібай» мешітіне қарай ағылады екен. Кейде мешіт ауласына қалың нөпір халық сыймай, көшеге дейін шығып кететін болған.

    Ахметсафа Қалдыбайұлының ғұламалығын естіп білген жұрт, оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздеп келеді. Оған хаттар жолдайды. Тіпті, САДУМ төрағасы Зияуддинхан Бабахановтың өзі бірнеше рет Ахметсафамен көрісу үшін Семейге ат басын бұрады. Шешенстанның муфтиі де арнайы іздеп келіп, Ахметсафамен сұқбат жасайды. Сол жылдары елге танымал болған Хаким хажы, Шайхан қари, Розбек қажы, Жақия қажы секілді дін қайраткерлері Ахметсафамен тұрақты байланыс құрады.

    Ахметсафа Қазақстанның бас қазиі Сәдуақас Ғылманимен тығыз қарым-қатынаста болған. Екі ғұлама әрдайым бір-біріне қонақ болып, діни мәселелер бойынша түннің бір уағына дейін мәжіліс жасайды екен. Сәдуақас қалпе көбіне кітаптарын жазарда Ахметсафаны шақырып, екеуі кеңесіп, көне тәпсір, хадис, фиқһ кітаптарын ақтарып шығатын болған. Екеуінің бір-біріне арабша жазған ондаған хаттары сақталынған.

    Ахметсафа 1958 жылы Кеңес үкіметінің рұқсат беруімен Меккеге қажылық сапарға аттанады. Қажылық парызын өтеу барысында кезінде Ауған мен Араб елдеріне қашқан Орта Азия ғұламаларымен ұшырасады. Әл-Азхар университетінің ғалымдарымен де кездеседі. Кайр ғұламалары: «Кеңес үкіметінде дін жоқ» деп сын айтқанында, Ахметсафа: «Олай кесіп-пішіп айту дұрыс емес» деп қарсы тұрады. Сонда, әл-Азхар шейхтерінің бірі: «Онда қазір, жас қари баланы алдыртып, Құранның кез-келген жерінен бір аятты оқытамыз. Сендерде дін бар болса, осы аятқа жеті ғұламаның тәпсірін айтып берсін» деп шарт қояды. Сөйтіп, алдыртқан қари баласы Құранның бір аятын оқиды. Сонда, Ахметсафа әлгі аятқа жеті ұлы муфассирдің түсіндірмесін мүдірместен бірінен кейін бірін баян қылады. Кайр ғұламалары Ахметсафаның ғұламалығына тәнті болып, таңдай қағады.

                   Коммунизмнің күйрейтінін алдын ала ескерткен

    Ахметсафа құр уағыз айтып ғана қоймай, ел ішіндегі жөнсіздіктермен табанды түрде күрес жүргізеді. Ішімдікке салынып кеткен талай адамды уағыз-насихат айтып, арақ ішуін қойдыртады. Тұрмыс-тіршілікте орын алатын қателіктерді түзетіп, талай отбасын күйреуден аман сақтап қалады. Жаман ғадеттерден арылуда көпшілікке өзінің бойына біткен сұңғылалығымен, биік парасатымен, асқан тақуалығымен үлгі болады. Көп арасындағы келіспеушіліктерді шариғат айтып, екі ауыз сөзбен шешіп, халықты ұдайы татулыққа үндейді.

    Ахметсафа басқаға тіс жармаса да, өзі кіндігінен тараған үш ұл, үш қызына коммунистік үкіметтің түптің түбінде құлайтынын, халықтың арқа-жарқа болып Хақ дінмен қауышатынын айтып ескерткен екен. Бірақ, сол арайлы таңды Ахметсафаның өзі көре алмай кетті. Ол 1973 жылдың желтоқсан айының 30 күні бақиға аттанды. Ахметсафа Қалдыбайұлы жантәсілім еткенде, оның жаназасына қарақұрым халық жиналады.  САДУМ төрағасы З.Бабахановтан бастап, жан-жақтан жанашыр азаматтар көңіл айту телеграммаларын жолдайды. Семей жұртшылығы Алаш ардақтысын қимастықпен жер қойнына тапсырады.

    Түйін

    Қазақтың боз бетеге, сұр соқпағында небір дүлдүл би-шешеннің, аузымен құс тістеген айтулы ақын-жыраудың, талай көсемдар мен абыздардың атының ізі қалған. Сөз жоқ, осы ұлы көштің ішінде Алаштың Ахметсафасы да бар деп ойлаймыз. Өйткені, туғаннан өлгенге дейін оның жүрегі Хақ деп соқты.

    Ес біліп, етек жиғаннан ақырғы демі шыққанша, ол Алашым деп өтті. Коммунизмнің түнек дәуірінде небір тауқымет тартып, қасірет жамылса да, Алланың ақ жолынан Ахметсафа қылдай да тайған емес-ті. Олай болса, Алаш баласы ондай қас зиялының есімін ешқашан ұмытпайды.

    Мұхан ИСАХАН

    Пікір жазу