Айна нейрондарының құпиясын ашқан нейробиолог Ризолатти адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсартуға болатынын, инсульт пен аутизмді емдеудің жаңа жолдарын айтты.

Айна нейрондары табылды – мидың ерекше жасушалары, олар адам өзгенің әрекетін бақылағанда іске қосылады екен. Бұл жасушалар айна іспетті. Өзгенің әрекетін біздің басымызда айнадан көргендей қайталайды. Сол әрекетті құдды өзіміз жасап жатқандай әсер қалдырады екен. Қазір Джакомо Ризолатти Парм Университетінің Неврология институтын басқарып отыр. Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің құрметті докторы атанған.

БІР СТАҚАН СУ ТӘЖІРИБЕСІ

— Қараңыздар: мен қолыма бір стақан су алдым, — деп сұқбатты күтпеген жерден Ризолатти өзі бастап кетті. – Стақанды ұстағанымды түсіндіңіз ғой? Бірақ сол аралықта физиканың барлық заңдылығын еске түсіріп үлгермейсіз. Жердің тартылыс күші бар, мен оған қарсы шығып жатқанымды айтпаймын.

Менің әрекетім әп-сәтте сіздің миыңызда айнаға шағылысқандай әсер қалдырды. Бұл айна нейрондарының – біздің мидағы ерекше жасушалардың арқасында мүмкін болды. Олар біз көрген әрекетті автоматты түрде бейсанада танып біледі.

Егер қазір сіздің миды сканерлеуге рұқсат бар болса, менің әрекетімді көргенде сіздегі сол нейрондардың белсенді бола бастағанын байқар едік. Құдды өзіңіз стақан ұстап тұрғандай күйді кешкен боп шығасыз.

Бірде Францияда тәжірибе өтеді. Бір топ адам әр түрлі эмоцияларды көрсетуге келіседі. Қуаныш, қайғы, жағымсыз бірдеңе иіскетеді, түрі бұзылады. Сол адамдарды суретке түсіріп алады. Суреттерін басқа топтағы адамдарға көрсетеді. Олардың да реакциясын суретке түсіреді.

Не болды дейсіз?

Әр суретке қараған адамның миында тура сондай нейрондар белсенділік танытып, өздері сасып кеткен жұмыртқа иіскегендей әсер алған. Бұл тәжірибе – айна нейрондары, оларды моторлы деп те атайды, моторлы нейроннан бөлек эмоциялық айна нейроны бар екенін көрсетті.

Дәл сол нейрондар бізге бейсанамызда ешбір талдаусыз, тек мимика мен жестке сүйеніп, өзге адамды түсінуге көмектеседі. Мида сол әрекеттің айнадағыдай сұлбасын көреміз, сол себепті тура сондай сезімді сезінеміз.

 НЕМҚҰРАЙЛЫ АДАМДАРДА НЕЙРОНДАР ЖЕТІСПЕЙ МЕ?

— Адамның бәрі әр түрлі: өте биязы, сезімталдар бар. Немқұрайлы, бейтарап, тасжүректер бар. Оларды табиғаттың өзі сезімнен, яки айна нейрондарынан ада қылғандай.

— Мүмкін емес. Ми соншалықта қарапайым емес. Айна нейрондарынан бөлек бейсанамыз да жұмыс істейді. Ерік-жігер – солардың көмегімен айна нейрондары тудыратын сезім мен эмоцияны басып тастап отырады.

Қоғамдағы әлеуметтік шектеулер одан да зор рөл атқарады. Егер қоғам эгоизм, индивидуализм идеологиясын қолдап отырса: алдымен өзіңді ойла, денсаулығыңды күт, дәулет жина десе – онда сізге өзімшіл болуға тура келеді, солай етсең ғана жетістікке жетесің дейді. Мұндай кезде сіздегі айна нейрондарының нәтижесін ерік-жігер, тәрбие, қалыпты әдет-құлық басып отырады.

Мотивацияның рөлі зор. Көптеген дінде мынадай принцип бар: өзгені өзіңді сүйгендей сүй дейді. Бұл принцип Құдайдан тарайды деп ойламаңыз – негізінде өте қалыпты, қарапайым принцип, ол адамның биологиялық жадысында бар, айна нейрондарына негізделген.

Егер адамдарды жақсы көрмесе, қоғамда өмір сүру қиындайды. Батыста соңғы  ғасырларда индивидуалистік көзқарас қатты бағаланды. Қазір, мәселен, Италия, Франция, Германия қоғамдағы әлеуметтік өмір жеке бастың қиындығынан да мағыналы екенін мойындай бастады.

ЕРКЕКТЕРГЕ РЕНЖІМЕ

— Егер әр түрлілік туралы айтсақ, онда мидағы айна нейрондары еркектерге қарағанда әйелдерде көптеу. Әйелдердің ден қою, көңіл білдіруі еркектікінен неге артық екенін түсіндіруге болады. Бір тәжірибеде әйелдер мен еркектерге бірдей қайғыны көрсетеді, әйелдің миы еркектікіне қарағанда қаттырақ белсенді болды.

Эволюция солай қалыптастырды: баланың жанында көбірек уақыт өткізетін ананы ашық-жарқын, әр ісіне мұқият, сезіміне ықыласты, қуанғанда бірге қуанып, бірге қайғыратындай етіп жаратқан. Сол арқылы баланың дамуына үлес қосады.

— Ендеше, еркектерді тасжүрек деп кінәлау бекер болғаны ғой. Оларға ренжудің қажеті бар ма?

— Әрине, бізге ренжудің еш қажеті жоқ (күлді). Бұл болмыс қой. Тағы бір қызық зерттеу тәжірибесі бар. Ерлер мен әйелдер арасындағы айырмашылықты көрсететін тәжірибе.

Арнайы ойын ұйымдастырылады: айталық, мен сізбен басқа адамға қарсы ойнап жатырмын, бір уақта сіз маған ерегескендей, қулыққа басып, маған қарсы ойнайсыз. Осындай жағдайда мен еркек болғандықтан қатты ашуланамын. Ал әйел мұндай әрекетті қалжың деп қабылдайды екен. Яғни, әйел кешірімге бейім. Ақырында көп құбылысқа жеңіл қарайды. Мәселен, ерлер әйелінің опасыздығын өте ауыр қабылдайды. Кешірмейді. Қиналады.

ОЙ НАУҚАСТАРДЫ ДЕРТІНЕН ҚАЛАЙ САУЫҚТЫРАДЫ?

— Сіз айна нейрондарын жиырма жыл бұрын аштыңыз. Содан бері ғылыми зерттеуден бөлек медицина саласында осы жаңалықты қолдану ұмтылысы болған шығар?

— Әрине, ашқан жаңалықты өмірде қолдануға тырысамыз, әсіресе медицина саласында. Моторлы айна нейрондары қазір көрген дүниені сол күйі ойша жасап көруге талпындырады. Егер басқа адам компьютер не теледидар экранында бірдеңе жасап тұрса, соны түсініп тұрамыз.

Осыдан түйгеніміз: егер адамдар боксерлардың жекпе-жегін көріп отырса, олардың да бұлшықеттері жиырылып, жұдырығы түйіліп кетеді екен. Бұл ең қарапайым нейроэффект. Соған қарап инсульттан, Альцгеймер ауруынан, жалпы қимыл-қозғалыссыз қалатын аурулардан кейінгі оңалтудың бағдарламасы жасалды. Бұл тәжірибелерді Италия мен Германияда қолданып жатырмыз.

Бұл тәжірибенің мәні неде: егер пациенттің нейроны толығымен «шашылып» қалмаса, олардың жұмысы ғана бұзылса, онда көру дүмпуі арқылы – осындай шартқа лайық әрекеттерді көрсетіп – жүйке жасушаларының нейрондарын белсенді етуге болады, олар көз алдындағы қимыл-қозғалысты айнадан көргендей көрсетіп, дұрыс қимылдауды үйретеді.

Мұндай тәсілді «әрекет пен бақылау терапиясы» (action-observation therapy) деп атадық. Инсульт алған науқастарды оңалту тәжірибесінде көп көмек көрсетіп жатыр.

Алайда ең керемет нәтижені мұндай тәсілді күрделі жарақат алған, жол апатына ұшырағандарға қолданғанда байқадық. Егер адамға гипс салса, содан кейін ол басынан бастап жүріп үйренеді. Мұндай кезде аяқ басып жүру қиын. Көпке дейін қиналып жүреді. Пациент ақсап қалады. Оны дәстүрлі медицинадағыдай үйретіп, жаттықтырса, көп уақыт кетеді.

Ал егер қажетті қимыл-әрекетті көрсететін арнайы фильмді көрсетсе, онда мида зақымдалған нейрондар тіріліп, белсенділік танытып, адам бірнеше күннің ішінде бәз-баяғыша жүріп кетеді. Бұл кейде біз сияқты ғалымдар үшін де тосын жаңалық боп жатады.

«СЫНҒАН АЙНАЛАР»

— Профессор, адамның айна нейрондары зақымдалса не болмақ? Қандай дерт кезінде мұны байқауға болады?

— Шын мәнінде бұл нейрондарды бүтіндей зақымдау соншалықты оңай шаруа емес. Нейрондар ми қабығының бойымен тұтастай таралып орналасқан. Егер адам инсульт алса, мұндай нейронның бір бөлігі ғана зақымдалады. Мысалы, мидың сол жағы зақымдалса, онда адам өзгелердің қимыл-әрекетін түсінбей жатады. Бұл белгілі жайт.

 Айна нейрондарының неғұрлым күрделі зақымдалуы текпен берілетін бұзылушылықтармен байланысты. Көбінесе аутизм кезінде байқалады. Себебі мұндай науқастардың миында өзгенің әрекеті мен көңіл күйін көрсететін «айна» механизмі жойылғандықтан, аутистер өзге адамдардың не істеп жатқанын түсінбейді. Олар көңіл білдіру, өкіну дегенді білмейді. Қуанған, алаңдаған көңіл күйлерді де түсіне бермейді. Өздері ондай сезімді сезінбейді. Бұл сезімдердің бәрі оларға жат. Сондықтан аутизммен ауырған адамдар қарым-қатынастан қашқақтап, тығылып жүргенді ұнатады.

— Егер бұл дерттің себебін білсе, ғалымдар оның емдеп жазар шипасын да табатын шығар?

— Біздіңше, аутисттерді бала күнінен емдесе, толықтай қалыпқа келтіруге болады деген тоқтамға тоқтадық. Ерте күннен бастау керек.  Өте ерте кезден сезімталдығын анықтау тиіс.

Мұндай баланың жылағанынан бәрін анықтап отыру қажет. Анасы да, дәрігер де баламен көп сөйлессін. Жиі-жиі сылап-сипап, тәніне қол тигізіп, моторлы әрі эмоционалды дағдыларын дамытсын. Баламен ойнау маңызды. Бірақ жарысатын ойындар ойнамаңыз. Бірге жетістікке жеткізетін ойындар ойналсын.

Мысалы, бала арқанды тартса – қолынан түк шықпайды, анасы тартса – түк шықпайды, екеулеп тартса – жүлде жеңіп алатындай ойындар болсын. Сонда бала сен және мен – бұл маңызды, қорқынышты емес, пайдалы екенін түсінеді.

ЖАН-ЖАНУАРЛАР БІЗДІ ТҮСІНЕ МЕ?

Көбіміздің үйімізде жануарлар бар. Кей адам үшін олар отбасы мүшесі сияқты. Олардың көңіл күйін түсінуге барымызды саламыз. Кей адам ұғып та жатады. Бұған айна нейрондарының әсері бар ма? Ит, мысықтарда айна нейроны бар ма?

— Мысыққа келсек, оны анықтау өте қиын. Анықтау үшін басына электродтар енгізуге тура келер еді. Ал бізде мұндай жануарларға тәжірибе жүргізуге тыйым салынған. Маймыл мен иттерді анықтау оңай: олар әлдеқайда «саналы». Егер маймыл бір әрекеті үшін банан жейтінін білсе, ғалымның айтқанын істейді. Итке де мұны үйретуге болады. Мысық, өздігінше бөлек әлем. Ол тек өз қалағанын істейді. Ит тамақты адам сияқты ішеді. Біз онысын түсінеміз. Өзіміз де сондай әрекет жасаймыз. Ал егер ит үрсе, біздің ми бұнысын түсінбейді. Есесіне маймылмен көп ортақтығымыз бар. Оларда айна нейрондары болғандықтан адамды тез түсінеді.

Кейбір сайрайтын құстарда да айна нейроны бары анықталған. Мидың моторлы қабығында белгілі бір ноталар үшін жауапты жасушалар анықталған. Егер адам сол ноталарды шығарса, онда құстың миында соған сай нейрондар белсенді бола бастайды.

БІЛГЕНГЕ МАРЖАН…

Өзіңнің де, өзгенің де көңіл күйін көтеруді үйрен.

— Профессор, егер біз бейсаналы түрде өзгенің эмоциясын қабылдайтын болсақ, ендеше қорқынышты кино не түрлі трагедиядан хабар жасайтын бағдарламаларды көргенде автоматты түрде сондай эмоцияны қабылдайтын болғанымыз ба? Мәселен, көңіліміз түссе, күйзеліс гормоны кортизол бөлініп шығады, ол ұйқыны ұрлайды, жадының жұмысын әлсіретеді, қалқанша без жұмысын бұзады емес пе? 

— Иә, бұл автоматты түрде жүзеге асады. Тіпті сабыр сақтағыңыз келсе де, өзіңізді бақылап ұстасаңыз да – бұл реакцияны басады, бірақ жоя алмайды.

— Бірақ, айна нейрондарын көңіл күйді көтеруге де пайдалануға болатын шығар?

— Болады. Рас. Егер позитив адаммен аралассаңыз немесе сондай кейіпкері бар кино көрсеңіз, сіздің миыңызда да сондай эмоциялар пайда болады. Егер басқа біреудің көңіл күйін көтергіңіз келсе, онда қабағыңызды түймей, керісінше жадыраңқы қалпыңызда күлдіртіңіз.

Анна ДОБРЮХА