Ғибратты әңгімелер

Айдай сұлу болмасаң, «талақсың»!

Аббаси халифа әулетінің өкілі Иса бин Мұса әйелін қатты жақсы көреді екен. Күндердің күні әйелімен дастарқан басында әзілдесіп отырып: «Айдай сұлу болмасаң, саған талақ бердім»,-дейді. Иса осылайша, сен айдан да сұлусың дегісі келгендей еді. Бірақ, әйелі лезде орнынан тұрып, басын орамалмен жауып: «Сіз маған талақ беріп қойдыңыз,-дейді. Айтпағы, ай – ең сұлу жаратылыс. «Айдың сұлулығына жететін жан жоқ. Сондықтан, мен енді сіздің әйеліңіз емеспін» деген екен.

Бұл түн – Иса бин Мұсаның ең ауыр түндерінің бірі болды. Таң атқан бойда ағасы халифа Мансұрға барып болған жайтты айтып, соңында:

«Уа, мұсылмандардың әміршісі! Егер мен әйелімді талақ етіп қойған болсам, өлім мен үшін өмірден жақсырақ»,-дейді.

Халифа бауырының жүзінен жағдайы ауыр екенін көріп сарайға фиқһ ғалымдарын шақырып, пәтуасын сұрайды. Келген барлық ғалымдар дерлік талақ жүзеге асырылған деп пәтуа береді.

Алайда, араларында ханафи ғалымы үнсіз тұрған. Халифа Мансұр: «Сіз неге үндемейсіз, сіз не дейсіз?»,-деді. Сонда ханафи ғалымы: «Інжірге және зәйтүнге, Сина тауына, осы бейбіт қалаға серт. Расында адамзатты көркем бейнеде жараттық[1]»,-аятын оқып: «Адамнан асқан көркем жаратылыс жоқ»,-деп пәтуасын берген екен.

Халифа Мансұр туысы Иса бин Мұсаға: «Алла Тағала сенің уайымыңды сейілтті. Мәселе аятта айтылғандай, әйелің сенен ажыраған жоқ»,-деген екен.

Руслан ҚАМБАР
Исламтанушы

[1] Тин сүресі, 1-4 аяттар

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close