Адам құбылысын, мәнін, еркешелігін танып-білу, ұғынуға талпыну – сонау ерте кезеңнен бастап, соңғы заманға дейін жалғасын тауып келе жатқан күрделі тақырыптардың бірі. Ол үрдіс адамзаттың ойлау тарихымен қатар дамып, әр кезеңнің ерекшелігіне сай түрленіп отырды.

«Екі аяқты, ойланатын жануардан» бастап «ажалды құдай» түсінігі арасындағы адам бейнесі бір жағынан оны дәрменсіз бір болмыс ретінде сипаттап, немқұрайдылық танытылса, ең соңында «тәңірге» теңестірерліктей астамшылыққа ұрындырды. Адамды маймылдан таратқан түсінік бойынша, еңкейіп жүре бастаған «маймыл» эволюцяның нәтижесінде бойын ғана тіктеп қойған жоқ, жасампаздықта құдаймен жарысатын, керек десеңіз құдайды жоққа шығаруға дейін барған болмысқа айналды.

Гуманизм түсінігінде, адам барлық нәрседен жоғары, кез келген нәрсені жасауға құқылы, одан жоғары күш те, қуат та жоқ. Материалистік санадағы бастауы кездейсоқтық пен мәнсіздік, ал соңы белгісіздікке, жоқ болып шіріп кетуге негізделген адам түсінігінің адамзатты қандай қасіреттерге ұрындырғанына тарих куә.

Уахидан нәр алмаған ой-түсінік, адамның бір қырын ашса, екінші бір қырын елеусіз қалдырып, нағыз адамның анықтамасын бере алмай, ақсап жатты. Алла тағала «Мен оларды көктердің және жердің жаратылысында және өздерін жаратқанда куә тұтпадым» деп (Кәхф, 51) бұл ақиқаттың мәнін баяндады.

Жалпылай алғанда, адам болмысын зерттеумен айналыспаған білім жоқ, ол жайлы ой қозғамаған ойшыл да, дана да жоқ. Десе де, шын мәнінде адам баласы – әлі толықтай танылып бітпеген, сан-қилы сырларды бойында түйген беймәлім болмыс. Адам феноменінің мәні мен мақсатын анықтауға тырысқан бұл ұзын-сонар үрдісті ақыл-ой мен пәлсапа тарихының еншісіне қалдыра отырып, ислам діні тұрғысынан адамның ардақталған негізгі ерекшеліктерін баяндауға тырысайық.

Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың сүннетінде адамның түрлі қырлары жан-жақты қарастырылып, талқыланған. Алла Тағала бір жағынан адамзаттың «ахсану тақуим», яғни ең көркем бейнеде жаратылғандығын айтып, ерекше жаратылысына назар аударса, екінші жағынан «асфәл әс-сафилин», яғни «төменгілердің ең төменіне түсірдік» дей отырып, адамның өз мәні мен міндетін дұрыс ұғынып, адамдыққа сай өмір сүрмегендегі жағдайының қандай болатындығын баяндап берген.

Оның дәрменсіздік, қауқарсыздық, нәпсі қалауына еру тұрғысынан әлсіздіктері, кемшіліктері айтылумен қатар, өзге жаратылыстардан ерекшеленген артықшылығы мен даралығы да түрлі аспектіден баяндалған. Ендігі кезекте осы ерекшелігі мен артықшылықтарын мынадай тақырыптар негізінде назарларыңызға ұсынайық.

Адам баласының ардақталып, өзге жаратылыстардан үстем етілуі

Алла Тағала адам баласын ерекше ардақтап, көптеген жаратылыстардан үстем еткендігін: «Біз, расында да, адам баласын ардақты қылып, көптеген нығметке бөледік: Оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ, оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем қылдық» («Исра» сүресі, 70) деу арқылы ашық, айқын баяндаған.

Aллa Тағала бұл aяттa тек қана мұcылмaнның, не бip ғaнa ұлттың емеc, жалпы aдaм бaлacының құpметтiлігін атап өткен. Пайғамбарымыз да (с.а.с.): «Уа, адамдар, естеріңде болсын! Барлықтырыңның жаратушыларың бір. Ешбір арабтың араб еместен, араб еместің арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа артықшылығы жоқ. Күмәнсіз, Алланың алдында ең мәртебелілерің тақуа болғандарың» (Ахмад ибн Хабал, Мунад, 5/411) деп осы осы түсінікті нық орнықтырған.

Ең көркем бейнеде жаратылуы

Алла Тағала әлемдегі барлық нәрсені ерекше бейнеде, өзара үлесімділікте жаратқан. Солардың ішінде «Расында адамзатты ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4) деу арқылы адам жаратылысының көркемдігіне, әсемдігіне, өзге жаратылыстардан физиологиялық әрі рухани тұрғыдан ең көркем бейнеде жаратылғандығына назар аудартады.

Осы аятқа сүйенген тәпсіршілер «Алла Тағаланың ең көркем бейнеде жаратқан болмысы – адам» деген. Құдіретті Құдай адамды тіршілік иесі, ақылды, ерікті, сөйлей алатын, көретін, еститін, ойланып, қорытынды шығара алатын, даналықпен әрекет ететін, осы қасиеттерінің арқасында өзінен физиологиялық тұрғыдан сан есе күшті жаратылыстарды бағындыра алатын болмыс ретінде жаратқан.

Шын мәнінде түрлі ерекшеліктерге, қасиеттер мен қабілеттерге ие адам баласы – Шеберлігінде шек жоқ Алланың керемет өнер туындысы. Ол өз көркем болмысы арқылы Алла Тағаланың ең көркем сипаттарын бойында көрсететін айна іспетті.

Осы тұрғыдан да адам баласының жаратылысы ерекше. Осылайша Алла Тағаланың өзі адам баласының жаратылысын «ең көркем бейнеде» деу арқылы қаншалықты ерекше болмыс екенін тайға таңба басқандай көрсетуде.

Иләхи рухтың үрленуі

Адам жаратылысының ардақтылығының ең айқын ерекшелігі – оған Иләхи рухтың үрленуі.

Алла Тағала адамның мәртебесін көрсету үшін «Өзінің рухынан үрлеп» жан бергенін былайша баяндайды: «Кейін оған (ана құрсағында) ең лайықты да, ең керемет кескін-келбет берді һәм Өзінің рухынан үрлеп (жан бітірді). Сондай-ақ, сендер үшін (яғни, өмірге бірте-бірте бейімделу, үйрену арқылы толыққанды адам болып қалыптасуларың үшін) есту қабілетін, көздерді және жүректерді (яғни жүректегі рухани сезімдерді) жаратты» («Сәжде» сүресі, 9).

Тәпсіршілер осы аяттағы рух сөзінің Аллаға телінуінің мақсатын «оның (рухтың) ұлықтығын, ардақтылығын баяндау» деп түсіндірген. Мәселен, Алла Тағаланың «Байтулла» (Алланың үйі), «Нақатулла» (Алланың түйесі) деп айтқаны секілді.

Өз кезегінде адам рухының ақылмен қамтылмайтын, таным-түйсік жетпейтін ерекше құбылыс екендігіне: «Сондай-ақ олар сенен Рух жайлы сұрайды. Оларға: «Рух – Раббымның ғана білетін ісі. Бұл мәселеде сендерге тым аз ілім берілген», – деп айт» («Исра» сүресі, 85) деу арқылы назар аудартқан.

Осыған қатысты Фахруддин әр-Рази «Осы аят адам баласы үшін рухтың мәнін үғынудың өте қиын һәм мүмкін еместігін көрсетеді. Неге десеңіз, рухтың мәні мәселесі ғасырлардан бері адамзатты ең көп толғандырған тақырыптардың бірі болуына қарамастан әлі күнге дейін мәселенің түйінін шешетін тұжырым жасалған емес. Бұдан кейін де жасала қоймас. Көптеген ойшылдардың осы нәтижеге келуі Құран Кәрімнің ақиқаттығын дәлелдейді» деп атап өтеді.

Тағы бір аятта «Оған толыққанды (ең лайық, ең көркем) кескін-келбет беріп, ішіне Өз Рухымнан үрлеп жан бітіргенімде бірден оған (сый-құрмет көрсетіп) сәжде етіңдер», – деген еді», – дейді («Сад» сүресі, 72).

Осы сан қырлы сырға толы иләһи нұр оны өзге жаратылыстардан үстем, халифалық міндетке лайық етіп, періштелерге құрмет сәждесін жасатқызып, бас идірді. Болмысы топырақтан тұратын адамды өзге болмыстан үстем етіп, асыл қасиеттер сыйлаған – осы «иләһи дем».

Ақыл және рухани тұрғыдан дамып, ілгерілеу – тек адам баласына берілген қасиет. Ол өзге жаратылыстарға нәсіп болмаған. Өйткені адам баласы алғаш жаратылған кезде түрлі тіршілік иелері бар еді. Сол кезден бастап, қазіргі кезге дейін ешбір болмыс ақыл һәм рухани тұрғыдан адам секілді дамыған емес. Алла Тағаланың осы тіршілік сыйы болмағанда оның өзге жаратылыстардан ешбір айырмашылығы қалмас еді. Адам баласы осыны ұғынғанда халифалыққа лайық болады.

Халифа ретінде жаратылуы

Алла Тағала адамды жаратудағы мақсатын былайша баяндаған: «Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жер бетінде (үкім жүргізетін) халифа жаратамын», – дегенде, періштелер (таңырқап): «Сонда, жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасайтын және нақақтан-нақақ қан төгетін біреуді жаратасың ба?! Біз бір Өзіңе үздіксіз мадақ һәм шүкіршілік айтып, мінсіз, кемшілік атаулыдан ада, пәк һәм ұлы екеніңді жар салып, Сені ұлықтаудамыз ғой!» – деді. Сонда Алла оларға: «Расында, Мен сендер білмейтін қаншама жайттың қыр-сыры мен хикметін білемін», – деді» («Бақара» сүресі, 30).

Осы аяттағы «халифа» сөзі – Жаратушының жер бетіндегі өкілі дегенді білдіреді. Яғни ол – жер бетінде Алланың атымен үкім жүргізетін ерекше жаратылыс.

Алайда, бұл жердегі халифалық гуманистер ойлағандай шексіз билікті білдірмейді. Алла тағаланың разылығына сай әрекет етуді қажет етеді. Неге десеңіз, адамды да қоса алғанда ешбір жаратылыстың Алланың жасайтын істерін жасауға өкілдік жасауы мүмкін емес. Адам баласы осы жер бетіндегі игіліктердің бәрінің Алланың мүлігі, аманат екенін біле отырып, Жаратқан Жаббар Хақтың белгілеген шекаралары шеңберінде әрекет етуі тиіс.

Мына аятта Алла Тағала «Ол сендерді жер бетінде халифалар қылды» («Фатыр» сүресі 39) деу арқылы жер бетін көркейтетін, онда Өзінің үкімі, орнатқан заңы бойынша өмір сүріп, ондағы өзге жаратылыстарды меңгеретін Өзінің өкілдері еткендігін білдірген.

Демек, адам – бойына сол қызметке лайық боларлық қасиеттер мен сипаттар берілген ардақты жаратылыс. Жер бетінде Алланың халифасы бола білу – жоғары мәртебе һәм ерекше абырой.

Періштелердің сәжде етуі

Aллa Тағаланың адамды халифа ретінде жаратудағы мақсатын баяндаған жоғарыдағы «Бақара» сүресінің келесі аяттарында: «Сөйтіп, періштелерге (Адамның ілімін, артық жаратылысын және Алланың өкілі болуға әбден лайық екенін мойындап): «Адамға сәжде етіңдер!» – деп бұйырдық. Олар сол мезетте тегіс сәжде етті. Алайда, Ібіліс тәкаппарлық танытып, сәжде етуден бас тартты» («Бақара» сүресі, 34) деу арқылы періштелердің Адам атаға сәжде жасағандығы баяндалады.

Өз кезегінде бұл aдaмның қaншaлықты құpметтi, apдaқты жapaтылыc екендiгiн көpсетеді. Бұл жерде сәжде құлшылық мақсатында емес, құрмет мақсатында жасалған. Фахруддин ар-Рази «Бұл қыссаның баяндалуының мақсаты – адамның ардақтылығын білдіру» дейді (Рази. Тәфсиру кәбир мафатих ал-ғайб, 2/335).

Елмалылы Хамди Иазыр осы мәселеге қатысты «Періштелердің сәжде етуі – Адамға (а.с.) құрметпен қатар, Аллаға деген құлшылықты білдіреді. Осы сәжде арқылы періштелер Алланың үкімдерін жүзеге асыру тұрғысынан халифа ретінде жаратылған Адамға (а.с.) қызмет және жәрдем етуге қызметкер етіліп, олардан уәде алынған.

Олай болса, періштелер Адамның (а.с.) өзіне тікелей емес, халифалық міндеті үшін қызмет етеді. Құлшылыққа лайық – жалғыз Алла. Сондықтан бұл құлшылық мақсатындағы сәжде емес» дейді (Хақ дини Қуран дили, 1, 319).

Періштелердің сәжде етуі – адамзаттың жер бетіндегі халифалығын мойындау әрі әлемдегі материалдық-рухани, физикалық-метафизикалық заңдылықтардың адамзатқа қызмет ететіндігінің белгісі.

Аяттағы шайттаның сәждеден бас тартуының баяндалуының мәні әлемде адамның алдынан кес-кестеп шығатын кедергілердің мәңгілікке дейін болатындығын көрсетеді.

Жер бетіндегі нығметтердің адам үшін жаратылуы

Алла Тағала адамзатқа қаншалықты мән беріп, осы дүниеге құтты қонақ қылғанын көптеген аяттарында ашық баяндаған. Мына аятта осы ақиқат: «Ол – жердегі (яғни, жердің асты-үстіндегі) бүкіл нәрсені сендер үшін жаратты» («Бақара» сүресі, 29) тілге тиек етілген.

Тағы бір аятта: «(Уа, адамдар!) Алланың күллі аспан әлеміндегілер мен жердегінің бәрін өздеріңе бағынышты етіп қойғанын, сондай-ақ сендерді Өзінің жария һәм жасырын (заттық әрі рухани) мұншама нығметке кенелткенін көрмеймісіңдер?!» («Лұқман» сүресі, 20) деу арқылы жер мен көктегі игіліктердің барлығы адам үшін екендігін айрықша атап көрсетеді.

 

«Лұқман» сүресінде: «(Уа, адамдар!) Алланың күллі аспан әлеміндегілер мен жердегінің бәрін өздеріңе бағынышты етіп қойғанын, сондай-ақ сендерді Өзінің жария һәм жасырын (заттық әрі рухани) мұншама нығметке кенелткенін көрмеймісіңдер?!» («Лұқман» сүресі, 20) десе, мына аятта «Ол сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Бергені соншалық, егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар» («Ибраһим» сүресі, 34) деп есепсіз нығметтерге бөлегендігін білдірген.

Шын мәнінде әлемдегі барлық нәрсе адамның тіршілігіне оңтайлы етіліп, соған бағындырылып, игілігіне жаратылған. Барлық жаратылыс соның жағдайын жасау үшін жарысқандай. Сансыз нығметтердің адам баласына тегіннен-тегін берілуі Алла тағаланың оны қаншалықты ардақтағандығын көрсетеді.

Алла тағаланың адамға жақындығы

Көптеген аяттарда Адамның Аллаға, Алланың адамдарға жақын екендігі айтылады. Мына аятта Жаратқан иеміз: «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын, Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын» («Бақара» сүресі, 186) деп адамдарға әрдайым жақын екендігін білдірген.

Бұл ақиқат мына аттарда да былайша баяндалады:

«Біз оған өз күре тамырынан да жақынбыз» («Қаф» сүресі, 16 ), «Үш кісі жасырын бас қосып құпия сөйлессе, сөзсіз олардың төртіншісі Алла болмақ. Сондай-ақ, бес кісі жасырын бас қосып, құпия сөйлессе, сөзсіз, олардың алтыншысы Алла болмақ. Тіпті, одан да аз яки көп адам қай жерде болмасын жасырын бас қосып құпия сөйлессе, Алла міндетті түрде олармен бірге болмақ» («Мужәдилә» сүресі, 7).  

Пайғамбарымыз да осы ақиқатты білдірген мына құдси хадисте былай дейді: «Менің құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен сондай боламын. Ол Мені есіне алғанда, Мен оның қасында боламын. Егер ол Мені іштей есіне алса, онда Мен де оны іштей есіме аламын, ал егер ол мені басқа адамдардың арасында есіне алса, онда Мен де оны олардан да жақсылардың арасында есіме аламын. Егер құлым Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған шынтақтай жақындаймын, егер ол Маған шынтақтай жақындайтын болса, Мен оған сажындай жақындаймын, ал егер ол Маған қарай бір қадам жасайтын болса, онда Мен оған қарай жүгіремін (әл-Бұхари 7405; Мүслим 2675).

Алла Тағаланың әрдайым адамның қасынан табылуы да оның қаншалықты ардақты жаратылыс екендігін көрсетеді.

Алау ӘДІЛБАЕВ

Пікір жазу