Адамзаттық құндылықтарды насихаттаудың маңызы

    0
    163

    17 сәуір. KAZISLAM – Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыпов діни экстремизм мен терроризмге қарсы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде ойымен бөлісті. 

    Оның айтуынша, Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» дінтанушы, теолог мамандары жастармен, оқушылармен, жұмыссыздар және шетелден оралған қандастармен әр түрлі форматта кездесулер өткізіп, діннің ең басты қазынасы – адам және оның өмірін сақтау керектігі туралы насихаттарды тұрақты түрде жүргізіп жүр.

    «Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2022 жылы діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтайтын адамдар санын 65%-ға дейін азайту көзделіп отыр. Аталған мақсатқа жету үшін Жамбыл облысында дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері діни құндылықтарды қазақтың мұсылмандық дүниетанымына  сәйкес жүргізіп келеді. Сондай-ақ, елімізде заңды тіркеуден өткен 18 конфессиялардың діни сенімін кемсітуіне жол берілмеуін ескеру жөн болады. Себебі әр конфессияның артында әлемде миллиондаған жақтаушылары кездеседі. Әр жақтаушы азаматтың діни сенімі өзі үшін қасиетті болып саналғандықтан, осындай нәзік мәселені ескере отырып, діни алауыздықты турдырмас үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттау ел бірлігі мен татулығы үшін жемісті болмақ» — дейді Е.Жасқанбайұлы.

    Сонымен қатар, Е.Жақыпов қазіргі алма-ғайып заманда әр мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізуі ел тыныштығының тұрақты кепілі саналады деп есептейді. 

    «Дін мен мемлекет заңды тұрғыдан бөлінгенімен, елімізде өмір сүріп жатқан азаматтар діни ғұрыптарын еркін өтеуде. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты дегеніміз Кеңес өкіметіндегі дінсіздендіру режимі емес, керісінше, неше түрлі діни сенімдер мен ғибдат ерекшеліктеріне қарамастан татулықта, келісімде өмір сүруін нығайту болмақ. Қоғамдағы қарым-қатынасты реттеу мақсатында ең әуелі адам өзін рухани тәрбиеге, имандылыққа баулуы керек. Сонда ғана жеке адам түзелсе, қоғам да түзеледі. Бұл дегеніміз елімізде тұрып жатқан жүз отыздан аса ұлттар өздеріне тән болмысын сақтап, татулықта өмір сүру деген сөз. Төле би бабамыздың әкесі, Әнет баба Кішікұлы айтпақшы «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегендей ынтымағымыз жарасу үшін мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын қолдау маңызды деп білемін» — дейді ол.