Абай айтқан есті адам болудың жолы қандай?

    394

    Ибраһим (Абай) Құнанбайұлы өзінің он бесінші қара сөзінде:

    «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп, адамды өз-өзінен есеп алуға шақырады.

    Дініміз Исламда өз-өзінен есеп алу мәселесі бар ма, болса, қалай аталады һәм өз-өзінен есеп алу қалайша жүзеге асады? Осы мәселеге аз-кем тоқталып өтсек…

    Дініміздің «тасаууф» ілімінде адамның өз-өзінен есеп алуын «мухасаба», яғни «нәпсіні есепке тарту» деп атайды. Ғалымдар рухани асқақтап, кемелдікке жету үшін адам әуелі өз нәпсісін өзі есепке тартуы тиіс екенін айтады.

    Тасаууф ғалымдары «мухасабаны» Құранның:

    «Уа, иман келтіргендер! Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Әркім ертеңгі ақыреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын. Аллаға шын көңілден тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан сақтаныңдар! Шүбәсіз, Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар», – деген «Хашр» сүресінің 18-аятынан алады.

    Мұндағы «Әркім ертеңгі ақыреті үшін (не істеп, о дүниеге) не жолдағанына көңіл аударсын» деген аятына Ибн Кәсир өзінің тәпсірінде:

    «Есепке тартылмастан бұрын өздеріңді есепке тартыңдар. Өлімнен кейінгі тірілетін және Раббыңыздың құзырына шығарылатын күн үшін өзіңнің пайдаларыңа қандай салиқалы амалдарыңыз бар екеніне бір қараңыз», – дейді.

    Міне, бұл – адамның әрбір амалын, ертеңгі күнге не дайындағанына бір назар аудару керектігін ескерткен бір аят. Осы аятты негізге алған ғалымдар мен тақуа құлдар үнемі өздерін есепке тартып отырған.

    Абайдың «есті кісілердің қатарында болғың келсе…» дегеніндей, Имам Ғазали де өз-өзін есепке тарту ақылды адамдардың ісі екенін айтады.

    «Құлдың күннің басында ақиқат жолында болуы үшін нәпсісімен келісетін бір сағаты болатыны секілді күннің соңында да оны есепке тартатындай бір сағаты болуы тиіс. Тіпті, бұл дүниеде саудагерлер де өздерінің серіктестерімен жыл сайын немесе ай сайын, болмаса күн сайын осылайша есептеседі. Саудагерлер дүниеге ынтық болғандықтан және өздеріне құнды болған дүниенің қолдарынан шығып кетуінен қорыққандықтары үшін осылай жасайды. Алайда, дүние-мүлік қолдарында уақытша ғана болады.

    Ал ақылды адамдар мәңгілік бақыт пен жаман жолға түсудің қаупіне қатысты мәселелерде нәпсісін қалайша есепке тартпасын?» – деп есепке тарту ақылды, есті адамның ісі екенін айтады.

    Демек, өте шығар уақытша дүние үшін әркіммен есептесіп, мәңгілік өмір үшін нәпсімізді есепке тартпау ақымақтық емей немене?

    Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінен насихат сұраған адамға:

    «Бір істі көздеген уақытыңда соңын жақсылап ойлан. Дұрыс болса, оған кіріс, ал бұрыс болса, одан бас тарт», – деп өсиет еткен.

    Тарихымызда көптеген салиқалы жандардың мухасабаға қатысты айтқан сөздерін білеміз. Мәселен, Хазіреті Әли:

    «Есепке тартылмастан бұрын өздеріңді есепке тартыңдар. Амалдарың таразыға тартылмастан әуелі оларды өздерің тартыңдар және Аллаһ Тағаланың «Сол күні жауапқа тартылу үшін Алланың алдына келтірілесіңдер. Сөйтіп, (Алланың алдында) бірде-бір жасырын сырларың болмайды» (әл-Хаққа, 18) деген үлкен сұрақ-жауап күні үшін өздеріңді ғибадат және амалмен әшекейлеңдер», – дейді.

    Мүминдердің Әміршісі болған Хазіреті Омар да күн сайын кешке қамшымен аяқтарын сабап, өз-өзіне: «Бүгін не істедің?» – дейді екен.

    Хасан Басри болса, нәпсісін есепке тартатын адамдарды ғана мүминдердің қатарынан санап:

     «Мүмин – нәпсісіне ие болып, оны Алланың атынан есепке тартқан адам. Дүниеде нәпсісін есепке тартқандардың есептесуі оңай болады. Нәпсі мухасабасын жасамастан өмір сүргендердің қиямет күні есептесуі қиын болады», – дейді.

    Әбу Мухаммад бин Жәрири былай дейді: «Біздің жолымыз екі негізге құрылған: бірі – Алла Тағала үшін нәпсіні үнемі бақылау астына алу, екіншісі де – заһири (сыртқы) амалдарда ілімнің әмір еткеніндей әрекет ету».

    Омар Сухрауардидің айтуынша, мухасаба:

    1) Әрбір деміңді ғапылдықтан сақтау, яғни, әрбір деміңде Алланы еске алу;

    2) Ағзаларды күнәдан сақтау;

    3) Уақыттың хақысын беру, яғни әрбір уақытыңды ақыретің үшін тиімді өткізу;

     4) Ең маңызды нәрселермен айналысу арқылы болады.

    Омар Сухрауарди өзінің «Ауариф ул-Мағариф» атты еңбегінде өзін есепке тартқандардан біреудің өз-өзін есепке тартудың жолын көрсетіп:

     «Намаз уақыттарын бір қағазға жазады да, әрбір екі намаздың арасына бос жер тастап кетеді. Осы екі намаз уақыттары арасында қандай да бір ғайбат айтатын болса немесе басқа да күнә-қателіктер жасайтын болса, бұл бос жерге ұзын сызық сызып қояды. Ал егер Алланы еске алудан тосатын «малаяғни», яғни бос бір сөз айтып не іс атқаратын болса, оған бір нүкте қояды. Мұны өзіне пайдасы болмаған күнә не әрекеттерін есіне түсіріп, ғибрат алу, мухасабасын жақсы жасау, жүрегінде шайтанның және үнемі жамандықты әмір ететін нәпсінің жолдарын тарылту үшін жасайтын. Бұл әрекеті де халін көркем бақылау мәселесіндегі шынайылығы және ақиқат құлдардың мақамына қол жеткізуге деген ынтықтығынан келеді», – дейді.  

    Имам Ғазали де мухасабаның үш жолы барын айтады, олар:

    1) Өзіңе берілген жақсылықтар мен игіліктерге шүкір және мадақ-мақтаумен жауап беру

    2) Кеткен кемшіліктерді қаза және нәпіл ғибадаттармен орнын толтыру;

    3) Нұқсандықтар мен күнәларды тәубе және истиғфармен жою.

    Міне, есті жандардың нәпсіні есепке тарту жолдарынан бірнеше мысал келтірдік. Ендеше өзімізді есепке тартудан ғапыл болмайық.

    Салтан САЙРАНҰЛЫ

    Пікір жазу