Ислам және қоғам

Зағип жанның жанары

– Мен ол кезде зағиптарға  арналған кітапханада кітапханашы болып істейтінмін. Қаншама жылдан бері кітапханада жұмыс істеп келемін, бірақ, соқыр жандар секілді кітапқа құштар, білімге құштар жандарды көрмеппін, – деп әйел әңгімесін бастады. 

Олар он екі мүшесі сау, мына әлемнің барлық сұлулығын көзімен көретін адамдардан гөрі өмірді әлдеқайда сүйетінін, өздері  ешқашан көрмеген табиғатқа өлердей ғашық екенін сезіндім. Олардың жасы да, кәрісі де ертелі-кеш кітапханада отыратын. Алпыстан асқан бір соқыр шал таңертең кітапхана ашылғаннан келіп, кітапхана жабылғанда кететін. Үйінен бәліш, тоқаш, нан, сары майын әкеліп, кітапхананың ішінде отырып, тамақтанатын. Біздің ұжымның кейбір жас қыздары: «Өлмелі әрі соқыр шалға сонша көп оқудың қажеті қанша? Профессор емес қой. Мына кісінің оқыған кітаптарын біз оқысақ, ішіміз пысып кетер еді. Қалай шыдайды, ә?!» дейтін.

Біздің кітапханашылар көзі көрмейтін адамдарға газет-журнал, кітап оқып беруге міндетті еді. Әлгі қария тарихи кітаптарды жақсы көретін. «Маған пәлен деген кітапты оқып беріңіз» дейді. Біз де пендеміз. Ертелі-кеш жұмыста боламыз, үйдің бітпейтін шаруасы бар, қысқасы, біз де шаршаймыз. Кейде шаршағанымыз сол: кітаптың оқылуға ауыр жерін тастап кетіп, әрі қарай оқи береміз. Әлгі шал тоқтатып, «Сіз мынандай жолдарды оқымадыңыз» деп әлгі тастап кеткен сөйлем жолдарын жатқа айтатын. Амал жоқ, қайта оқуға тура келеді. Біздің міндетіміз – зағип жандардың өтінішін орындау. Ол кезде бәріміз жаспыз. Жұмыстан соң киноға барамыз, болмаса, жігітімізбен кездесеміз. Біздің кезімізде шашты бұйралау деген сән болатын. Ол кезде шашымызды химиямен бұйралатамыз, болмаса,  шашымызды сулап, қағазбен шашымызды түбіне дейін орап, қатты жіңішке қиылған матамен байлап қоямыз. Шашымыз үш-төрт сағаттан соң бұйраланып шыға келеді. «Химия шашымды бүлдіреді» деп біздің қыздар шашын қолмен бұйралайтын. Не керек, жұмыс үстінде шашымызды қағазбен орап тастап, көрген адамның күлкісін шақыратындай бәріміздің  басымыз қауғадай болып отыратын.

Біздің кітапхананың бастығы да зағип жан еді. Келушілер де – зағиптар. Бастық шақырса, алдына сол «шаш үлгісімен» кіріп баратынбыз. Ол кісі көрмеген соң, ештеңе демейді. Тіпті, кейде жұмыс орнында үйге киетін халатпен жүре беретінбіз. Соншалықты еркін едік. Бұл еркін жүрісімізді біреулер мүсәпір жандарды басыну деп түсінетін шығар, кім біледі, бәлкім, жан дүниеміздің еркіндікті аңсауы да шығар.

Біздің сол ұжым – өте тамаша ұжым еді. Бәрі де соншалықты қарапайым еді. «Бүгін сен жұмысқа әдемі киініп келіпсің, не нашар киініп келіпсің» деп ешкім ешкімді күндеп, әңгіме айтпайтын.

Біздің ұжымда Жанар есімді өте әдемі, ақылды, мінезі салмақты жас қыз болды. Жасы жиырма екіде. Өте мейірімді еді. Кітапханаға келген зағип жандардың бәріне жақын туысы секілді мейіріммен қарап, қамқорлық көрсететін.

Ақыл деген  зағип жігіт те біздің тұрақты оқырманымыз еді. Бойшаң, сұлу жігіт. Әттең, көзі көрмейді. Сол жігітке Жанар ертелі-кеш кітап оқып беруден жалықпайтын.  Жұмыс уақыты біткен соң да қалып, кітап оқып беріп отыратын. Бір күндері Жанар әлгі жігітке ғашық болып қалды. Зағип жігіт те Жанардың адамгершілігіне тәнті болып, үйленуге ұсыныс жасады. Жанар жігіттің ұсынысын бірден қабыл алды. Біздер Жанарға: «Ойлансаңшы, ертең туған балаңның қандай болатынын кім білсін? Зағип адаммен өмір сүру оңай емес. Ғашықтық та ауру секілді, ауырасың, жазыласың.  Бәрін де ақылмен шеш» деп ақылымызды айттық. Бірақ Жанар айтқанынан қайтпады. Зағип жігітке тұрмысқа шықты» деп аяқтады әңгімесін кітапханашы апай.

Мейіріммен  мен махаббат бәрін де жеңеді…

Аягүл МАНТАЙ

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close