Басты тақырыпЖаңалықтар

Толеранттылық – қазақ халқының болмысында бар мінез

Елордасы Астанада өткен «Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогқа қосқан үлесі» атты конференцияда сөз сөйлеген «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» директоры Айнұр Әбдірәсілқызы «Қазақ дүниетанымындағы мәмілегерлік мәселесі» тақырыбында баяндама жасады.

-Қазір «толеранттылық» терминін «мәмілегерлік» деп аударып, қолданысқа енгіздік. Сөздің төркінін түсінсек те, мұндай ұғымның бүгін немесе кеше қалыптаспағанын ескергеніміз жөн. Сондықтан, тарихқа шолу жасауды жөн санап отырмын.

Ең алғаш рет 1893 жылы Чикагода әлемнің дін өкілдері бас қосқан еді. Сол кезде әлемдік діндердің Парламентін құрып, бұл мәселені әлемдік деңгейге көтеріп, діндер арасындағы сұхбаттастықты жолға қою жоспарланған еді. Өкінішке қарай, тарихи тәжірибенің жоқтығынан болар, әлемдік діндер өкілдері бір тұжырымға келе алмай, бастамалар айтылған күйі қалған болатын. Жүз жылдан кейін бас қосуға келіскен дін көшбасшыларының келесі ауқымды жиыны ХХ ғасырдың екінші жартысында өтті. Іргелі бастамалар қолға алынды, «Ислам-христиан діндерінің сұхбат хатшылығы» құрылып, оның төрт құрлықта филиалдары жұмыс жүргізе бастады. Дегенмен, бұл да, одан кейінгі Италияда екі рет өткен жиын да дін мамандарының бас қосуымен ғана шектелді.

Бұл нені білдіреді? Әртүрлі діндер диалогының мәмілеге келуі үшін біріншіден, тарихи тәжірибе, екіншіден, ізгі ниет және жаңа бастама өсіп, көктейтін құнарлы топырақ қажет болды. Сөйтіп, бағымызға орай мұндай құнарлы топырақ қазақ жерінен табылып, соңғы 15 жыл ішінде Астана төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 6 съезі өтті. Дәл осы жерде ұлтымыздың болмысында әуелден бар толеранттылық мінезі өзінің орнын, көзін тауып жарыққа шықты десек қателеспейміз. Өйткені, сан ғасырлардан бері тоғыз жолдың торабында жатқан, өткен-кеткенге дінді-дінсіз деп бөлмей, оларға дастарқаны жаюлы, құлағы түрік болған, жақсы мен жаманды сараптай алған, бірақ, ешкімді алалап бөлмеген қазақы болмысқа осындай қасиет, тәжірибе, мінез тән болды,-дейді дінтанушы.

Сонымен бірге, А.Әбдірасілқызы Көк Түріктің дәуірінде бабаларымызға таңдау жасау керек болғанын айтады.

-Алғашында Будда іліміне қызығып, ғибадатханаларын салғызып, кейін олардың 10 қағидасының ішінде «Тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деген қағиданың бар екенін естігенде Көк Түріктер қағаны: «Біз Жердің өтінде, Күннің шетінде, жаудың бетінде жатқан елміз. Ертең ел шетіне жау келсе, «Тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деп қарап отыра алмаймыз. Бала-шағаны, ел мен жерді қорғау үшін жаумен күресеміз. Бұл дін біздің жауынгерлік рухымызға сай келмейді екен» деп, Будда дінін ұлттық дін деп қабылдаудан түбегейлі бас тартқан ілімінен бас тартқан,-дейді теолог-ғалым.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close