Сұхбат

Тоғанбай қажы ҚҰЛМАНҰЛЫ: Ел тағдырын танып-білмеу – жастарға қасірет

АСТАНА. 14 шілде. E-ISLAM.KZ — Өткенін білмеген, бүгінін бағамдамаған болашақтың парқын біле ме? Елбасы нақтылағандай, біздің арғы бергі тарихымызда ұялатын тұсымыз жоқ! Қазыналы дәстүріміз, бағаналы ғұрпымыз өнегелі, өрелі ұлттың өкілінен екенімізді айғақтайды. Осы ретте дін тақырыбында толғамды ой айтып жүрген журналист Тоғанбай қажы Құлманұлы мен тілшіміз Назира Сайлауқызының арасында өрбіген салиқалы  сұқбатты ұсынып отырмыз. Өткенінен сабақ алып, бүгінінен берекет іздеп, болашаққа бет алған санасында сәулесі бар жандардың жүрегіне қозғау салар деген ойымыз бар… Оқи отырыңыз…

–Ата-бабамыздың асыл арманының асқары болған Тәуелсіздік – бүгінде еліміздің тірегі. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген текті бабалардың өсиеті саналы жандарды, зиялы қауымды толымды ой, елдік ортақ идея төңірегіне топтастыра түсті. Зиялы қауым өкілдері жастарға үлгі боларлық бабалар өмірін насихаттауда белсенділік танытуда. Ондағы мақсат – өткеннің тәлімі болашаққа ұмтылыстың негізін қалайтынын түсіндіру емес пе?

–Дұрыс айтасыз. Сан жылдар бойы санаға сіңіп, қанымызда қалыптасқан елдік мақсат-мұра бүгінгі – «Мәңгілік ел» идеясының өзегі болып отыр. Ол тарих тағлымын, бабалар арман-мүддесін бүгінмен шебер қабыстырған идеясымен, оң бағыт ұстанған өрелі шешімімен қымбат. Атам заманнан бергі дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайта түлеп, жаңғыруы, дініміз бен тіліміздің өркендеуіне кең жол ашылуы  – Елбасымыздың барша қазақстандықтарды ортақ игі іске жұмылдырып, елдік кемел істерді жүзеге асыруға бастаған кешенді бағдарламасы. Зерделеп қараңызшы, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» құжаты әлемдегі ең  дамыған 30 елдің қатарына ену жолдарындағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Ғылым мен білімге зор көңіл бөлінуде, білмекке құлшынған жастарға қамқорлық жалғаса береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне рухани құндылықтарды байытуға, адамдар арасында мейірімділікті жаюға, саналы ғұмырын ізгілікке арнауды өсиет еткеніндей, Елбасымыздың әр игі бастамасы имандылық пен ізгілікке толы. Ол сонысымен де құнды, сонысымен де халықтық сипатқа ие. 

 –Дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «нағыз поэзия еркіндікте ғана туады» деген тұжырымы – қазіргі әлем әдебиетінің ұранына айналды. Өкініштісі, сол бабамызды жастар әлі танып-білуде кенжелеп жатқан сыңайлы. Оның басты себебі неде? 

–Сауалыңыздың астары тым тереңде екенін ұқтым. Мұнда ескеретін үш жай бар сияқты. Назар аударып көрейік.

Біріншіден: Әл-Фараби бабамыздың ірі тұлға болып қалыптасуына басты себеп: оның  шыққан тегінің мықты болуы. Нақтылай түссек, ол асыл текті – Қазақ ұрпағы! Оның өскен-өнген ортасы, қазақ жері киелі, қасиетті.  Қандағы тектілік тексізге тән жат қылықтан – тәрбиесіздіктен, имансыздықтан білімсіздіктен, мәдениетсіздіктен, әдепсіздіктен, парықсыздықтан бойын аулақ салады. Қазақ неге «Іріген ауыздан – шіріген сөз шығады» дейді? Демек, «Жаны саудың – тәні сау». Сол себепті Әл-Фараби бабамыз келешек ұрпаққа қатысты ойын: «Әуелі балаға тәрбие беру керек, содан кейін ғана білім беру қажет» деп түйіндеген. Осында мол ғибраттық мағына бар. Одан арғы тірлік өзіміздің қаншалықты сауатты, салауатты, тәрбиелі, саналы болуымызға тікелей байланысты. ІХ-Х ғасырда Ислам тағлымы менен қазақтың салт-дәстүрінің шебер ұштауы елімізге рухани шамшырақ болып, ерекше нұрланғанына тарихтың өзі куә.

Екіншіден, Әл-Фараби бабамыздың «нағыз поэзия еркіндікте ғана туады» деген тұжырымы – елдің, халықтың тәуелсіздігі екені айдан анық. Мұның өміршеңдік сипаты осы. Осыны лайықты бағалай алмау – қасірет. Сондықтан саналы қазақ қауымы білімге ұмтылуда. Елдің абройын асқақтату мақсатында ұзақ мерзімдік жоспарлар іске асырылуда. Фараби поэтикалық туындылардың алты түрі бар екенін айта келіп, олардың үшеуін – «мақтауға тұрарлық, қалған үшеуін құптауға жатпайтын түр» деп бөледі. Алғашқысына парасатты болуды, санада биік идеалдар қалыптастыруды, адамның рухани сапалық қасиеттерін жақсартуды, қабілет-қасиеттерді ізгі іске бағыттауды жатқызады…

Осы жерде ойға оралатын мәселе, қайырлы істі қайырсыз әрекетке балап, өңін теріс айналдыру деген сұрқия саясат өнер адамына, ірі тұлғаларға ұдайы кедергі-қырсығын тигізіп отыратыны. Әл-Фарабидің да әлі күнге жарқырап ашылмай жатқан бір қыры – күйшілік өнері. Ол туралы қыпшақ даласы да, шығармашылық ізі қалған араб елі де аңыз етеді. «Музыканың ұлы кітабын» жазған ғалымның бұл қасиеті табиғатынан жұғысқан, туған жер топырағының қасиеті қанында бары рас. Мұны ұлы ғалым Әлкей Марғұлан: «VІІ–Х ғасырларда оғыз-қыпшақ  дәуірі әдебиет, музыка (күй) … өркендеген бір сәулетті кезі болса, Қорқыт, Әл-Фараби сияқты генийлер – соларды жасаушылардың ұлы басы» деп нақтылай түседі. Ұлы бабалардың қай-қайсысының да ғылыми еңбектері ислам дінімен қабыса өрілетіні, «Әл-Фараби, Абай үштіктерінің» сырлары жайлы бұрын да жазған едім. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын.  

Атап кетерім, бұрынғы өткен бабалар еңбегіне енжарлық, салқын қандылық, жат бауырлыққа тәрбиелеген «жат ағымдардың» ықпалы екені анық.  

Ондай әрекеттерден жастарды арашалаудың жолы қайсы?

–Ол үшін өткен тарихымызбен, бабалардың еңбегімен, ұлылардың өсиет-арманымен жастарды жақынырақ қауыштыруға мол күш салу қажет. Осы жерде ойға оралатын бір жай, кейбір жастарымыз, тіпті ересектеріміз де ана тілімізді білмейтінін желеу етіп, пәлсапалық ойлардың түсінікке ауырлығын алға тартады. Демек, тарихи деректердің шешуі күрделілігінен бой сақтайды. Сөйтіп, қазақ  дүниетанымынан тайсақтай береді. Одан да екі-үш ауыз жеңіл тіл қатысатын «шала-қазақ тірлігін» қолайлы көреді. Әйтседе, одан шығар оңай жол бар. Әр ел, аймақ та, өз еліне танымал тұлғалар бары мәлім. Соларды жинастырып, қағазға қаттап, кітапқа басып, елдік жүйеге келтіру қажет. Сонда «ру»-ды танудан «қашпайтын», «рушылдықтан» бой тартатын қалыпты жағдайға ораламыз. Қазақ тарихына, болмысына, дүниетанымына жүйелі түрде қарауға қалыптасатын боламыз. Сөйтіп, жік-жікке бөлінуге емес, қоғамдасуға бейімделіп, елдік қалпымыз сақтайтын боламыз. Бұл бір жағынан «өлкетану», «аймақтану» ісіне қосқан үлесіміз болады. Әр өлкенің өз тарихи ерекшелігі, қалыптасу кезеңі болғанына көз жеткіземіз. 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы желтоқсандағы  Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді», – деген ұлағатты сөзінің кімге де болса үлкен ой саларына күманданбаймын. 

–Дегенмен, көпшіліктің «рушылдықты» дерт деп мойындайтыны бар ғой…

–Ондай сөздерді айтатындардың әр қайсысының өзіндік ұстанған «саяси астары» бар. Мәнісі: жершілдік, рушылдықты «өзінің бас пайдасына» жаратпақ болса, әркім өзін бай-манаптың ұрпағы етіп көрсетіп, өзгені кемсітуге талпынса, ол – қоғамның қауіпті дерті екені рас. Өйткені оның бәз біреулерге «шенеунік жағалап» лауазымдық қызметке көтерілуіне жәрдемдесетін де шығар… Бірақ, адал ниеттегі елдік тарихымызды, ілгері де өткен тұлғалы азаматтарымыздың өнеге-өсиетін, үкілеген үмітін «әлдекімдер үшін» тарих  сахнасынан алып тастау – күнә.

Өйткені, әлі күнге мемлекеттік тілімізге мұрынын шүйіре қарағысы келетіндердің, мұсылман ғалымдарының көптеген жаңалықтарды көне дәуірлерде-ақ ашуға ат салысқанына күмәнмен қарайтыны басымдыққа ие екені ойландырмай қоймайды. Олар К.В.Бодлейдің: «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар» деген ұлағатты сөзінің байыбына бара бермейтін сыңайлы. Мәселен Батыста орын тепкен Андалусия (қазіргі Испания)  ол кезде мұсылмандардың қолында еді. Басқасын айтпағанда  Андалусияның Кордова қаласының кітапханасында алты жүз мыңға жуық кітап болыпты. Салыстырмалы түрде айтсақ, ХІ ғасырда батыстың ең бай деген Сенегалдағы кітапханасындағы кітап бар 400-дей ғана екен. Бертінде ара салмақтың алшақтауына тарихи түрлі себептер әсер етті. Отырардың бай кітапханасының өртелуі, білім орталығы болған Бағдаттағы кітапханалардың жойылуы, ғылым мен өнердің мақтанышы – Андалусияның мұсылмандар уысынан шығуы, Осман империясының күйреуі – рухани мәдениетке орасан зор қасірет әкелді. Бір ғана Гырнатаны қолға түсірген уақытта қаладағы мұсылмандардың сексен мыңға жуық кітабы өртелді. Кітапханалардағы құнды қағаздар, қолжазбалар, т.б., рухани құндылықтарды талан-таражға салып, елдеріне тасып әкетті…

Сол еңбектерді жазған кімдер еді, олар тегін адам ба еді, олар кімнен кем? Оларды сынауға, кемсітуге кім пәрмен бере алады? Сол себепті өткенге құрметпен қарауға дағдылану қажет.

–Сіздің негізгі мамандығыңыз–журналист. Не себепті дін тақырыбында мақалалар жазып, діни кітаптарға ықылас білдіріп, діндар саналған жандарға айрықша көңіл бөліп деректерін жинастырдыңыз? Жақында, ( «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт», биыл «Ұлы даладағы Кішітаудың қырандары» деген көлемді зерттеу-кітап жазып аяқтадыңыз. Мұнда да тіл, діл, дін мәселесін қатар өрбітіпсіз. Бірнеше тақырыпты қатар өрбітуге неге талпыныс жасадыңыз? Әр қайсысын жеке алып қарастыру тиімді, әрі жеңіл емес пе?

–Дұрыс айтасыз, ел-жер, өткеннің сан тарау тарихын сөз еткенде бірқатар ғалымдар «ізімен» тек тіл, діл, дін мәселесін жеке алып қарастыру тиімді, әрі жеңіл болар ма еді, кім білсін? Бірақ, осы елдік мәселеде жігі айырылмайтын үш егіз ұғымды бөлшектеп тастау ақылға қонымды ма? Біз көбіне осындай көзқараспен көп істе ақсап жататын сыңайлымыз. Қараңыз, қазіргі заман талабына сай «тар шеңбердегі мамандық» деген ұғым бар. Ол белгілі бір мамандыққа ғана бейімделіп, қалыптасады. Мысалы: тек қана көз, құлақ дәрігері, т.с.с. алайық. Әлдеқалай опатқа ұшыраған жағдайда, сізге жолыққан дәрігер: «Кешіріңіз, сіздің дертіңіз жол апатынан болған бас, аяқ сынығы. Құлағыңыз аман екен…. Мамандар келгенше күтерсіз. Мен сізге қайырым жасамаймын десе… қайтпексіз? Қансырап өлесіз бе?.. 

Сол сияқты қазақи ойлайтын, бүйрегі бұратын, жетік білетін иманжүзді кәсіби тарихшы жетіспейтіні шындық қой. Сонда тарихшылардың жаңа буынын қалыптастырғанға шейін қаңтарулы тұрмақпыз ба? Дін мәселесінде де дәп солай ғой. Егер уақытты өткізіп алып, дінді де саясиландырып алсақ не болмақпыз? Онсыз да біз Кеңес кезеңінде («Кеңес дәуірі» деген сөзге келісе қоймаймын») дін мен тілді алшақтатып тасталдық. Нәтижесінде халық қалай зардап шеккені мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі жат дінділер тұралатып кеткен олқылықтарды қалпына келтірудің де оңайға түспегені өзіндік мәселе. 

Шынтуайтқа келгенде, байтақ далада ғұмыр кешкен бабаларымыздың жұбанышы да, сенім-нанымы да ұлттық осы үш ұғым негізінде қалыптасқанын ұмытуға бола ма? Діндарлар мен ақындар жыры, әңгіме, аңыз-күйлері тұтас халықтың жүрек жұбанышы емес пе еді? Ендеше, тыныс-тірлік деген тіркестің «тынысын» алып тастасақ, тірлігі қалай болмақ?

Мәселен, қазіргі Ұлытау мен Кішітаудың арғы атаулары «Ертағы, Кертағы болыпты. Содан бері қаншама тірлік ауысты. Небір ұлылардың өсиеті, Әл-Фарабидің табан ізі қалды емес пе? Сондықтан дін мәселесін, діндарларды, қажыларды жырлаған Қожабай ақынды, елінің зар-мұңын күйге «Ақсақ құланға» өзек еткен Кетбұға абызды, елі үшін дертке шипа іздеген Бибісара мен әкесі Ахмет ишанды жастар танып-біліп құрметтесе, несі мін? Осыны қоғамның қозғаушы күшінің бірі кәсіби журналист ретінде ат салыспай шет қалуым лайық болар ма еді? Мен діндар ортада қалыптастым. Иманда болу менің де болмысым, сол себепті мен өзгенің ауласына кіріп кеттім деп санамаймын. Жақында маған бір жас жігіт «мен дінтанушымын, ал дінге араласатын сен кімсің?» деді. Осы сауатты сауал ма? Ол сірә, дінді өзінің «жеке фирмасы көретін» сыңайлы. Дін – ғылым, көптің – ортақ қазынасы. Мен – иншалла мұсылманмын!.. 

–Кетбұғы – танымал тұлға ғой. Оған арнайы оралуыңыздың себебі не? 

–Орынды сауал. Кетбұғы төңірегінде даулы мәселе өте көп, аса күрделі тұлға. Оның туған жері, өскен ортасы, ұстанған діні, шығармашылығы, бәрі-бәрі жұмбақ. Бір өзінде бірнеше лақап ат бар. Ара-жігін тарқату аса қиын. Мен өскен орта – сол Кетбұғы өмір сүрген жер, бабамның табаны тиген топырақта дүниеге келгенмін. Қумола өзені – менің кіндік қаным тамған жер. Ол – тарихи орын. Жошыхан баласы  сол жерде ақсақ құланнан ажал құшты. Аңызды айтылатын «Жалғыз шынышық» жерленген биік саң да сол Қумола өзенінің ұшар басында. Кетбұғының дінін «жат» деп қарастыру ел арасына іріткі тудыратын қате пікір болғандықтан, шындыққа жүгінуге, бірқатар ғалымдар еңбегін саралап, көптеген ғылыми деректерді талдауға күш салынды. Еліне қызмет еткен қайраткерге «күйе жағудың» қиянат екеніне көз жеткізу – ел азаматарының парызы, соны қайталап еске салдым. Қазақ халқы – мың жыл бойы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) салған жолмен жүріп келе жатқан мұсылман. Ұлтымыздың ұлы діндар-ғұламалары қалдырған ата дініміз – ислам. Дәстүріміз бен дүниетанымымыз Исламмен тамырласып кетті. Кетбұға бабам да сол ұлы дүбір ортасында елі үшін басын қатерге тіккен ұлы тұлға. Сондықтан оны, туған жерім, өскен елімді зерттеп-зерделеуге менің де, әркімнің де құқығы бар. Тек қана оны «жат ниеттілердің» қаралап­күйе жағуына құқы жоқ. Кім болса да, осыбір қарапайым қағиданы жадына түйе жүрсе болғаны. Бір анық нәрсе, мемлекет тағдыры – баршамыздың және әр қайсысымыздың тағдырымыз. Оған бейқам, немкетті қарауға болмайды..

–Сіздің кітап кейіпкерлеріңіз несімен ерекшеленеді?

–Халықшылдығымен, өз елін жан-тәнімен сүйген өршілдігімен ерекшеленеді. Қарабайыр бір ғана мысал: сонау Жоңғар шапқыншылығы жылдарында Құттымбет батыр қапияда қолға түсіп қалады. Сонда анталаған жау тірідей кеудесін қанжармен кесіп, жүрегін жұлып алғанда «екі тал қыл» шығыпты. Құтан әулие, Құттымбет батыр елін әскери өнерге баулып, елін қорғауға, жастарды білім-ғылым үйренуге шақырыпты. Досдәуірқожа, Қожабай ақын қажылардың имандылық жолындағы өнегесін паш етіпті. 

Қаперіңізде жүрсін, Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір риуаятта сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) науқасқа дұға жасағанда: «Алланың атымен. Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы. Ауруымыз Раббымыз қалауымен жазылсын», – деп, саусағын сілекейімен ылғалдап, туған жердің топырағына тигізіп, науқастың ауырған тұсына басыпты. Демек, «туған жерге деген махаббат – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті». Әр иманды жанның қасиетті борышы – Отанын сүю, қастерлеу, қызғыштай қорғау! Отаныңды, жеріңді қорғай алмайтын болсаң, жерің азады, елдңғ берекесі қашады.  

Өткен ғасырдың басында Қумола өзені маңайын алып зауыттың газ-құмы басып, шоршыған балығынан айрылып, аққу-қазынан ажырап қалады. Сол экологиялық апатты одан бір ғасырға таяу уақыт бұрын Қашарбай әулие болжаған-ды. Үзінді келтірейік.

Көде де көде, көде екен,

Көрерің көде көп екен.

Көкорай шалғын қуарып,

Өзеннің суы суалып, 

Соры шығатын күн екен.

Балығы шоршыған өзенім,

Қаңсығалы тұр екен.

Қарасуды құм басып, 

Жаншығалы тұр екен.

Қаңырап далам бос қалып,

Ел қашқалы тұр екен.

Қаптаған қалың киігің,

Бел асқалы тұр екен.

Төбеңнен түскен жай оғы

Жайратқалы тұр екен.

Сөйтіп, бір зауал заманды

Орнатқалы тұр екен, – 

дегенін «әшейін, айтыла салған сөз болар» деп әркім өз-өзін жұбатса керек! Бірақ, олай болмады.  Қумола өзеніне жіберілген улы газ өзен арнасын қаңсытқаны шындық. Беткейінде жыртылып айырылатын қисапсыз аң-құстарының, киіктердің жер ауып, жайылымдар жойылып, мал өрісі тарылғаны, жалпақ елдің жан бағар жай таппай  Жезқазған бағытына жөңкілгені анық. Төбеден зымыранның бөлшектері жауғаны ақиқат. Тіпті, «Протон» зымырағышы құлап, апат төндіргені де рас. Ендігі қалғаны сол шындықты мойындау ғана! Өкінішке орай, сол балардың есімі көпшілік жадынан шыға бастап еді. Бірақ, шүкір, тәуелсіздік таңы атты… Ел тағдырын танып-білмеу – жастарға қасірет болар… Оларға дер кезінде ұғындыра алмау ересектерге сын…

Қожабай ақын, Досдәуір қожа, Қашарбай әулие, Сармолда, Хамза молда, т.б. жырлары рухтың кемелденуі үшін білгенін ортаға салып бақты, имандылыққа шақырады. «Рухтың асыл мұраты – Алланы тану» жолында бірлікте болуға бағыт береді. Ағайын-туыс татулықтың қадірін біліңдер, «әр мезетті адалдық ізденіске толтырыңдар» деді. Сол үшін ел жадынан «аласталды». Мұның астарында қандай қиянат бар? Солай етсек те, не терістік табар едік? Есіңізде болар, профессор Ханғали Сүйіншәліұлы «Ғасырлар поэзиясы» кітабында: «Тектер тегін табу – жаратылыстың түп қазығын білуге ұмтылу – философияның негізгі нысанасы» демеп пе еді? 

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру міндетін атап көрсетті. Міне, көрегендік, ел жанашыры осылай істесе керек.

Отанға деген ыстық сезім, адамзатқа деген айрықша ықылас – жалпы адамзаттық адамгершілік қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сипат. Сондықтан да Ислам діні адам бойында болатын ізгі қасиеттердің барлығын қолдайды. Адамдарды татулыққа, бірлікке, сүйіспеншілік сезімдерін қастерлеуге шақырады. Біздің елдің «Мәңгілік мұраты» осыны ұғындыруға бағытталған. Мен сол үшін білгенімді елге жинастырып табыстаумен келемін.

Әңгімелескен Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ, арнайы «Е-ислам» үшін.

 

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close