«Уақып» қоры Қазақстан Митрополитімен ынтымақтастық орнатады

Сейсенбі, 13.02.2018
«Уақып» қоры Қазақстан Митрополитімен ынтымақтастық орнатады

Астана. 13 ақпан. KAZISLAM – Алматы қаласында Иосиф атындағы Қазақстандық Митрополит рухани-мәдени орталығында Астана және Қазақстан метрополиті Александр мен «Уақып» қазақстандық корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбай кездесті.

Кездесу Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен «Уақып» қорының басшылығы бастамасымен ұйымдастырылды. Басқосудың басты тақырыбы 7 ақпан күні өртенген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түркен ауылындағы Архистратиг Божий Михаил атындағы православтық шіркеуді қалпына келтіру мәселелеріне арналды.

«Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай Митрополит округы басшысы мен Түркен ауылындағы христиан қауымына ғибадат үйінің өртенуіне байланысты өкініш білдірді.  Сондай-ақ, қор басшысы Митрополит Александрға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2017 жылдың 1 шілде күні құрылған «Уақып» қорының мақсат-міндеттері туралы баяндады. Оның айтуынша, қор коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы болып табылады, оның негізгі міндеті әлеуметтік жобаларды, білім беру-ағартушылық шараларын қаржыландыруға, сондай-ақ, діни қызмет жұмыстары тиімділігін арттыру және мәдени орындар жұмысына қолдау көрсетуге бағытталған.

Әңгіме үстінде «Уақып» қоры азаматтардың деструктивті діни идеологияларға қарсы иммунитетін күшейту арқылы діни радикалзимның алдын алу, деструктивті діни ағымдардан жапа шеккен тұлғаларды оңалту, тұрмысы төмен, жұмыссыз немесе мүгедектік санатындағы адамдарға көмек беру жұмыстарымен айналысатыны атап өтілді.

Митрополит Александр өз кезегінде Қазақстанда әлеуметтік-қайырымдылық қызметтерімен қатар мемлекеттік органдар басшылары, діни конфессия лидерлері, рухани мәселелер бойынша бизнес және ғылым өкілдерімен тығыз байланыста қызмет ететін осы сынды қайырымдылық қорының қажеттілігі мен маңыздылығын атап кетті. Сонымен қатар, ол Қайрат Орынбайұлына Қазақстандағы Православтық шіркеу өмірі, ағартушылық және әлеуметтік-қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру, мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және конфессия лидерлерімен, оның ішінде бірінші кезекте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен әріптестік байланыс мәселелерін баяндады.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан Метрополит округы және «Уақып» қорының алдағы уақытта әріптес, ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайту тақырыбын талқылап, уағдаластық жасады.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 151 рет
JoomShaper
Top