Дінтанушылар әскерилермен кездесті

Жұма, 12.01.2018
Дінтанушылар әскерилермен кездесті

Астана. 12 қаңтар. KAZISLAM – Бүгінгі таңда елімізде дінаралық өзара түсіністік және толлеранттылық қарым-қатынастардың сақталуының ерекше маңызды рөл атқаратыны белгілі. Мемлекеттің кемел келешегі үшін қоғамда бүлік тудыратын, ел арасына іріткі салатын экстремистік идеологиялардың мемлекет азаматтарының арасында таралуының алдын алу шараларын жүргізудің маңызы өте зор.

Осы мақсатта Жамбыл облысы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығы ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімінің инспекторлары, дінтанушылар Бахтияр Алпысбаев пен Елнұр Әскенұлы  Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінде «Діни экстремизм мен терроризм қатерінің алдын алу» тақырыбында әскерилерге дәріс оқыды.

Кездесу барысында сардарлар мен сарбаздарға діни экстремизм мен терроризм ұғымдарының мәні, деструктивті діни ағымдардың ұлттық тұтастыққа, мемлекеттің ішкі тұрақтылығына төндіретін қауіп-қатері жайлы мәліметтер айтылды. Сонымен қатар тыңдаушыларға қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негіздері және оны сақтаудың маңыздылығы жайында кеңкөлемді ақпарат жеткізілді.

Ұлттық Ұлан сарбаздары ислам дініне, Қазақстандағы дін мен мемлекет қатынастарына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын дінтанушы мамандарға қойып, тиісті жауаптарын алды. Сонымен қатар, жастардың жалған діни ағымдарға кетпеуі үшін қандай іс-шаралар жүргізілуі керектігіне қатысты өз ойларын білдіріп, пікір бөлісті.  Жиын соңында Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» қызметкерлері әскерилерді ата-баба тарихын білуге, дәстүрлі діни танымнан ауытқымауға, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық кодты  сақтау мәселесіне мұқият назар аудару қажет екенін айтып түсіндірді. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 128 рет
JoomShaper
Top