Министр: Дінді фанатизммен қабылдау радикализмге жол береді

Бейсенбі, 07.12.2017
Министр: Дінді фанатизммен қабылдау радикализмге жол береді

Астана. 7 желтоқсан. KAZISLAM – Қазақстандықтардың 87 пайызы өздерін Құдайға сенеміз де айтады. Бұл туралы Сенаттағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңын іске асыру барысына арналған дөңгелек үстелде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Елімізде соңғы 25 жылда діни ахуал біршама өзгерді. Бүгінде қазақстандықтардың 87 пайызы өздерін Құдайға сенеміз де айтса, олардың ішінде тек 16 пайызы ғана діни жоралғыларды тұрақты ұстанады. Біз рухани құндылықтардың көзі ретінде діни сенімге қарсы емеспіз. Барлық діни сенімдерде моральдық-этикалық нормалары айтылған, олар бізді қайырымдылыққа әрі шыдамдылыққа үйретеді. Біз діни бірлестіктермен қоғамның рухани дамуының міндеттерін шешуде әріптестік қатынастар құрудамыз, бірақ ол үшін бірқатар шарттар сақталуы тиіс. Біріншіден, дін әркімнің өзінің жеке ісі, ол саясиланбауы және заңдардың орнын алмауы қажет. Екіншіден, дін тек рухани құндылықтарды дәріптейді, өзге көзқарастағыларды кемсітпейді әрі айыптамайды. Діндарлықтың өсу қарқыны тиісті мәдениет пен білімнің қалыптасуынан озып кетсе, ол рухани адамгершілік құндылықтарды бұрмаланып түсінуге әкелуі мүмкін. Дінді фанатизммен және сөзбе-сөз қабылдау - көп жағдайда радикализмге жол ашады» деп пікірін білдірді Н.Ермекбаев.

Министрдің айтуынша, кейбір елдердің тәжірибесі көрсеткендей, деструктивті ағымдар фундаментализм мен ескірген догмаларды таратады. Дінді саясиландырып, оның ықпалын қоғамның барлық саласында күшейтуге тырысады. Ал дін саласын саясиландыру мен діни ұйымдарды саясатқа араластыру әдетте негативті нәтижеге апаратыны белгілі. Мемлекет, қоғам және діннің қарым-қатынастары жүйесіндегі бұндай үрдістер бүкіл әлемге тән. Соңғы онжылдықта олар Қазақстанда да көрініс табуда.

«Өткен жеті жылдың ішінде біздің елімізде террористік белсенділіктің бірнеше фактілері орын алғаны белгілі. 2010 жылдан бері 16 сондай факті болды. Кейбір дінге қатты беріліп кеткен азаматтарымызға біздің халқымызға тән емес діни идеологияның ықпалы күшейді. Діндарлық желеумен адамдардың медициналық қызметтен бас тартып, балаларын мектепке жібермей, басқа елдерге тән қара жамылғы киім киіп, көпшілікке әдейі көрінуі фактілері көп» деп тоқталды Н. Ермекбаев.

Осы орайда ведомство басшысы бүгінде бұндай құбылыстар Қазақстанның көп өңірлерінде кездесетінін, ол белгілі бір деңгейде жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысына да байланысты екенін жеткізді.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 59 рет
JoomShaper
Top