СІМ: Сирияда құтқарылған Қазақстан азаматтары елге жеткізіледі

Сейсенбі, 14.11.2017
СІМ: Сирияда құтқарылған Қазақстан азаматтары елге жеткізіледі

Астана. 14 қараша. KAZISLAM – Үкімет отырысының кулуарында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Сирияның соғыс болып жатқан аймағынан Ресейге жеткізілген Қазақстан азаматтары туралы хабарлады.

«Кеше Сириядағы соғыс болып жатқан аймақтардан бір топ адам Шешен Республикасының астанасы Грозный қаласына жеткізілді. Олардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар. Ол – 1988 жылы туған, Орал қаласының тұрғыны және оның 4 баласы. Баланың ең үлкені 2012 жылы, ал ең кенжесі биыл дүниеге келген. Оларды Грозный қаласында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкерлері қарсы алды. Олар жақын арада Қазақстанға жеткізіледі» деді ол.

Осы орайда Әнуар Жайнақов Ресей мен Шешен мемлекетінің органдарына алғысын білдірді.

«Біз отандастарымызды Сириядан эвакуациялаған Ресейлік тарапқа және Шешен Республикасының басшылығына шынайы ризашылығымызды білдіреміз» деді баспасөз қызметінің жетекшісі.

Алайда ол Қазақстан азаматтарының Сирияға қандай мақсатпен барғанын айтқан жоқ. «Қосымша ақпарат менде жоқ. Бірақ кейін тиісті ақпаратты сіздерге береміз» деді Әнуар Жайнақов.

Еске сала кетсек, кеше Сириядан Ресейге қайтарылғандардың арасында қазақстандықтар да бар екені хабарланған еді.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 63 рет
JoomShaper
Top