Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы басталды (ФОТО)

Бейсенбі, 12.10.2017
Ақтөбеде «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы басталды (ФОТО)

Астана. 12 қазан. KAZISLAM –  Ақтөбе облысында «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы өз жұмысын бастады. Жобаға сәйкес бекітілген жұмыс тобы Хромтау ауданында болды.

Топты бастаған облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы аудан активінің жиналысына қатысып, үш күндік жұмыс жоспарын пысықтады. Жоспарға сәйкес тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жобаның бірінші күнінде Тау Кен техникалық колледжінде «Діни рәсімдердің орындалу тәртібі» атты семинар өтті. Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыс əкімінің қоғамдық кеңесшісі, аудан жəне ауыл имамдары мен ақсақалдары, мешіт жамағаты қатысты. Семинарда өкіл имам Төлеби Оспан бастаған жұмыс тобы діни рәсімдердің шариғат талаптарына сай орындалуы керектігін түсіндіріп, діни басқарма тапсырысымен жарық көрген «Жаназа және жәрлеу рәсімдері» кітабын таныстырды. Сонымен қатар, сәуір айында қабылданған облысқа ортақ садақа мәзірінің жергілікті халыққа насихатталу барысы айтылып, тұрғындардың пікірлері тыңдалды.

Аудандық «Нұр» мешітінде өңірдегі дін қызметкерлерінің қатысуымен «Діни қызметті жетілдіру» тақырыбында семинар өтті. Өкіл имам өз баяндамасында халыққа ұсынылатын қызмет көрсету сапасына көңіл бөліп, мешітке келушілермен жақсы мәміле жасау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, діни қызметті жетілдіру үшін маманның діни білім деңгейіне назар аударылатынын тілге тиек етті.

Жұмыс тобы қалалық №6 мектеп-гимназиясында аудандағы білім беру ұйымдарының бапкерлерімен кездесіп, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдарын түсіндірді. Бұдан кейін Хромтаудағы Тау Кен техникалық колледжінде өткен кездесуде жастарды діни радикализмнен қорғау мәселесі көтерілді. Дін мамандары ата-аналармен кездесіп, жат ағымның зардаптарын, ұлт болашағына зияндылығын түсіндірді. Әсіресе, дінге бет бұрушы жастардың сенімсіз дереккөздер, ғаламтор арқылы діни сауат ашуы қауіпті екендігі айтылып, ата-ана бақылауында болуы тиістігі ескертілді. Шараға 140-қа жуық ата-ана қатысып, қажетті ақпарат алды.

Жұмыс сапары аясында теолог мамандар Ақтөбе мыс комбинатының қызметкерлерімен, Көктау, Көктөбе ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, аймақ мешіттерінде дәстүрлі ислам дінінің ерекшелігі, дін мен дәстүр сабақтастығы жайында тұшымды уағыз-насихат айтылды.

Аудандағы мобильді топ жұмысы үш күнге жалғасты. Осы аралықта 50 іс-шара ұйымдастырылып, 1756 адам қамтылды. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 50 рет
JoomShaper
Top