Қазақстанда тыйым салынған 7 ірі террористік ұйым (ФОТО)

Бейсенбі, 21.09.2017
Қазақстанда тыйым салынған 7 ірі террористік ұйым (ФОТО)

Астана. 21 қыркүйек. KAZISLAM – 2004 жылдың 15 қазанынан бастап Қазақстан аумағында лаңкестік ұйымдарға тыйым салына бастады. Әлемде 500-ге жуық ірілі-ұсақты террористік және экстремистік діни топтар бар. Ал Қазақстанда 21 ұйым анықталып, тізімге енгізілді. Соның ең ірі жетеуіне тоқталып өтейік.

«Аль-Каида»

1988 жылы Ауғанстанда құрылған. Бастапқыда бұл топты АҚШ-тың Құпия барлау қызметі Кеңес одағына қарсы күрес үшін құрған. Қазіргі мақсаты – исламдық және исламдық емес мемлекеттердің аумақтарын біріктіретін, утопиялық мемлекет құру арқылы бүкіл әлемде исламдық тәртіпті орнату.

1998 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен «Аль-Каида» террорлық ұйым деп танылып, халықаралық санкцияларды қолдау үшін мерзімі ұзартылған. Сол жылы ұйымның содырлары Кения мен Танзанияда АҚШ елшілігінде жарылыс жасады. Ең үлкен терактісі 2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалды. Атақты террорлық ұйымды 2011 жылы 2 мамырда қаза тапқанға дейін Усама бен Ладен басқарып келген. Ұйымға АҚШ, Батыс Еуропа, Ресей және Өзбекстан елдері де тыйым салды.

«Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы»

1996 жылы Түркияда құрылған. Құрушы – сепаристік қозғалыстың көсемі Айсан Махсум (шын есімі Хасан Джундулла). Мақсаты – Қытайды террористік әдіспен қирату, Шыңжан аумағында біріккен «Шығыс Түркістан исламдық мемлекетін» құру. Ұйым мүшелері сепаратистік идеяларды насихаттаумен, қарулар мен жарылғыш заттарды сатып алумен, жаңа мүшелерді өз қатарына тартып және оларды халықаралық террористік ұйымдардың лагерлерінде оқытумен, өте қатыгез содырлық актілер істеп, азаматтарды өлтірумен айналысады.

«Талибан қозғалысы»

Ауғанстандағы діни саяси ұйым. «Талибан» сөзінің арабша төркіні «талиб» – білім іздеуші, оқушы. Қозғалыс исламшыл студенттердің әскери ұйымы ретінде пайда болды. 1980 жылдары Пәкістан Ислам Республикасының билігінің нұсқауы бойынша, жабық түрдегі идеологиялық және діни тәрбие алған Ауған қашқындарының балаларынан және жетімдерден жасақталды. Кеңес Одағының басқыншылық әрекеттерінен қашқан босқын студенттер де солтүстік-батыс Пәкістанда талибтер қозғалысына қосылды. Талибтер өздерін «Аллаһтың шәкірттеріміз» деп атады. Олар 1994 жылы билік үшін тартысқа түсті. Қысқа уақыт ішінде ауған жерінің үлкен бөлігін бақылауға алды. Ол жерлерге өз заңдарын енгізді. Қазір «Аль-Каидамен» бірігіп билік кұрылымдарына және сол елде тұрған халықаралық коалиция күштеріне қарсы күрес жүргізіп, түрлі лаңкестік әрекеттер жасап жатыр. 2001 жылы 11 қыркүйек күні Ауғанстанда «Аль-Каиданың» 80-ге жуық лагері талибтерді терорлыққа дайындады. Бұл ұйымның қызметіне Ресей мен Өзбекстан тыйым салған.

«Күрд Халық Конгресі»

Содырлық құрылымдары бар әскери-саяси ұйым. 1978 жылы құрылған. Мақсаты – Түркияның оңтүстік шығысында күрдтердің тәуелсіз мемлекетін құру. Түркия мемлекетінде және шет елдерде лаңкестік акциялар ұйымдастырды. Террорлық әрекеттері үшін ұйым басшысы Абдулла Оджалан 1988 жылы Найроби (Кения) қаласында ұсталып, 1999 жылдан бері Түркияда қамауда. Олар көбіне өзінің жауынгерлік әрекеттерін партизандық тактикада жүргізеді. Лаңкестік актілерінің басым бөлігін Түркияның әскери қызметшілеріне, қауіпсіздік қызметінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы дәрімен атылатын қаруды, жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасайды. Ұйым жауынгерлері көбіне шенеуніктер мен саясаткерлерге, шетелдегі Түрік дипломаттарына, іскерлерге де шабуыл жасайды. 1994 жылдан бастап Түркияның туристік инфрақұрылымына, соның ішінде Жерорта теңізі жағалауының курорттарында, жолаушы поездарында, паромдарда және қоғамдық көліктерде теракт өткізуді ұйымдастырды. 1996 жылдан террорист-жанкештердің қатысумен терактілер өткізді. Басшылары тұтқындалғаннан кейін лаңкестік құрылымның белсенділігі төмендеп, жауынгерлердің көпшілігі Түркиямен шекаралас солтүстік Иракқа көшті. «Күрдтік халықтық конгресі»  Европалық одақ пен АҚШ-та лаңкестік ұйым ретінде тізімге енді. Ал Түркия Республикасында тыйым салынған.

«Өзбекстанның ислам қозғалысы»

1992 жылы Өзбекстанның Наманган облысында билікті күшпен басып алуға әрекет еткені үшін қудалауда жүрген Тахир Юлдашев құрды. Қозғалыстың мақсаты – Өзбекстан Ресбуликасындағы конституциялық билікті құлатып, орнына шариғаттың заңына бағынатын исламдық мемлекет құру. 2001 жылы қозғалыс мүшелері 2000-ға жуық адамды құрады. Ұйым мүшелері 1992-1997 жылдары Тәжікстанда қарулы оппозиция жағында белсенді түрде  соғысқан. 1999 жылы ақпанда «Өзбекстанның ислам қозғалысы» содырлары Ташкент қаласында 6 жарылыс ұйымдастырды. 1999 – 2000 жылдары ұйым содырлары екі рет Тәжікстан арқылы Қырғызстанның Баткен облысында және Өзбекстанның Ферғанасында қарулы қақтығыстар жүргізді. Олар «Аль-Каида» және «Талибан» қозғалыстарының тікелей қарамағында болғандықтан содырлары АҚШ басқаратын халықаралық коалицияға қарсы Ауғанстанда әлі де соғыс қимылдарына қатысып жүр. Ұйым мүшелері Қазақстанда бірнеше рет жасырынып шоғырланбақшы болды. «Өзбекстанның ислам қозғалысы» бірыңғай халықаралық тізімде террорлық ұйым ретінде тіркелген. Ұйым қызметі Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және АҚШ елдерінде де тыйым салынған.

«Мұсылман бауырлар» ұйымы

Трансұлттық, діни-саяси, террористік ұйым. 1928 жылы Мысырда Хасан әл-Банна құрды. 1950 жылдары Сейіт әл-Кутб жүргізген өзгерістерден кейін ұйым радикалды сипатқа ие болды. Мақсаты – қоғамды мұсылмандандыру, мұсылман емес өкіметтік құрылымдарды жойып, халифаттық режимдегі мемлекет орнату. 1940-50 жылдары ұйым мүшелері Египетте саяси өлтіру әрекеттерін ұйымдастырды. 1954 жылы осы елдің премьер-министрі (кейінірек президент) Г.А.Насерға қастандық жасады. 1970 жылдың соңы мен 1980 жылдың басында Сирияда жергілікті «Мұсылман бауырлар» ұйымының мүшелері террорлық әрекеттерін күшейтті. 1981 жылы ұйым мүшелері Египет президенті А.Садатты өлтіруді ұйымдастырды. Ал 80-жылдары олар Ауғанстандағы ислами экстремистік топтарға белсенді қолдау жасаған. Ұйым шабармандары жалдамалыларды тартумен айналысқан. Оларды алдымен содырлардың дайындық жасайтын орнына кейін әскери соғыс жүргізу үшін Ауғанстанға бағыттап отырды. 1995 жылы бірнеше рет Египет Президенті Х. Мубаракқа қастандық жасады. Египетте ұйым жауынгерлері шетелдік азаматтарға террористік актілер ұйымдастырды. Қазіргі уақытта «Мұсылман бауырлар» ұйымы Мысырда жартылай заңды жағдайда. Аталмыш лаңкестік ұйым әрекеттері Қазақстанда байқалды. «Мұсылман бауырлар» ұйымы Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстанда лаңкестік ұйымдардың қатарына жатады.

«Боз гурд (Сұр қасқыр)»

Әскерилендірілген ұлтшыл ұйым. 1965-1970 жылдары Альпарыслан Тюркеш құрды. Мақсаты – Тұран ойпатында түркі халықтарының бірыңғай мемлекетін құру. 1968 жылы «Боз гурд» ұйымы өзге ұлтшыл түрік ұйымдарымен бірігіп альянс құрды, кейін бұл альянстың негізінде Ұлттық қозғалыс партиясы құрылды. Партияның ұстанымы радикалды идеялардан тұрды. 1974-1980 жылдар арасында қоғам қайраткерлерін, саяси партия жетекшілерін, журналистерді өлтірмен және қоғамдық орындарда, қалалық көпіктерде жарылыстар ұйымдастырумен айналысты. 1977 жылы мамыр айында Стамбул қаласында ереуілге шыққан халыққа оқ жаудырып 40 адамды өлтірді. 1978 жылы желтоқсанында бір топ жанкешті Кахраманшехир қаласында діни рәсімнің үстінде 101 адамды өлтіріп, мыңға жуық адамды жарақаттады. 80 жылдары бұл ұйымның әрекеттері экстремистік және заңсыз деп табылады. Бұған қарамастан 1988 жылы А. Тюркеш «Ұлттық жұмысшылар партиясын» құрды. 1992 жылы ұйымның құрылымы екіге бөлініп кетті. Бөлінген екінші топтан радикалды бағыттағы жанкештілер шықты. 90 жылдардың басында «Боз гурд» ұйымы қызметінің ауқымы кеңейді. Бірегей түрік мемлекетін құру идеясын қолға алды. Ұйым мүшелері Қазақстанға келіп, жасырын жиналыстар ұйымдастыру фактілері тіркелген. Сонымен қатар, Түркияда оқып жүрген студенттерді аталмыш ұйым қатарына тарту оқиғалары кездескен. Бұл ұйымның қызметіне Түркия мен Өзбекстанда тыйым салынған.

 Мейірім Бақытжанова

7kun.k

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 974 рет
JoomShaper
Top