Шымкентте деструктив діни ағымдағылардан құралған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Сейсенбі, 19.09.2017
Шымкентте деструктив діни ағымдағылардан құралған қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)

Астана. 19 қыркүйек. KAZISLAM – Шымкенттегі арнайы операцияда деструктив діни ағымдардың ұстанушыларынан құралған қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.

«2017 жылдың 19 қыркүйек күні Шымкент қаласының "Гарант" дүкендері аумағында ОҚО ІІД және ОҚО ҰҚК қызметкерлері бірлесе отырып, деструктивті діни ағымдарының ұстанушыларынан құралған қылмыстық топты құрықтау бойынша арнайы іс-шара өткізді», - делінген хабарламада. 

Тергеудің нұсқалары бойынша бұл топ мүшелері ұрланған телефондарды алып сатумен айналысқан. Олар мобильді құрылғылардың идентификациялық кодын өзгертіп, оған экстремистік сипаттағы ақпараттарды жазып, сатып отырған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, мұның алдында Шымкентте арнайы операция жүріп жатқаны хабарланған еді.  Полицейлер мен арнайы жасақ Тәуке хан даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесінің қиылысындағы жолдар мен жаяу жүргінші жолын қоршауға алған. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, «Гарант» қиылысы шымкенттіктерге және қала қонақтарына ұялы телефон сататын орын ретінде танылған. «Пайдаланылған ұялы телефондармен қатар бұл жерде ұрланғандары да бар - барлығы «Гарантта» жиналады», - деп жазады басылым. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1692 рет
JoomShaper
Top