Мектепте орамалсыз жүрген қыз мұсылмандықтан шығып кетпейді – маман

Бейсенбі, 14.09.2017
Мектепте орамалсыз жүрген қыз мұсылмандықтан шығып кетпейді – маман

Астана. 14 қыркүйек. KAZISLAM – Мектепте міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау заң талабы және Мемлекет басшысының шешімі саналады. Ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсұну міндетті. Ал оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушы ретінде айыпталады.

Сондықтан мектепте 5-6 сағат хиджабсыз жүрген қыз мұсылмандықтан шығып кетпейді. Бұл туралы Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу талдау орталығы директорының орынбасары Тұрар Әбуов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның пікірінше, Қазақстанда діни сенім бостандығы бар. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылығын кедергісіз жасап жатыр.

«Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеу себебі білім мекемесінің ішкі тәртібі зайырлылық қағидаттарына сәйкестендірілген. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйым жоқ.

Ислам шариғаты бойынша «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құқығы жоқ. Яғни мұсылмандықтың негізгі шарты – иман келтіру.

Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес» дейді Тұрар Әбуов.

Оның айтуынша, мектеп қабырғасында жүрген шектеулі кезеңде хиджаб кимеу қыз баланы мұсылманшылықтан шығармайтынын шынайы мұсылман толық түсінуі тиіс. Дін формаға емес, мазмұнға сүйенеді, яғни кез келген дін үшін сырттағы киім емес, жүректегі иман маңыздырақ.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 856 рет
JoomShaper
Top