Нығматуллин: Террорлық әрекетті жоспарлаған 220-дан аса адам жазаланды

Жұма, 19.05.2017
Нығматуллин: Террорлық әрекетті жоспарлаған 220-дан аса адам жазаланды

Астана. 19 мамыр. KAZISLAM –  Өткен жылдан бері құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері республика бойынша әртүрлі террорлық әрекетті жүзеге асырмақ болған 220-дан астам адамды анықтады. Олардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы Ақтөбеде өткен Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті көшпелі отырысында ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат. 

Жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин 5 маусымдағы лаңкестік оқиға бәріне сабақ болғанын жеткізді. «Бейбітшілікті қорғау, тыныштығымызды сақтау және татулықты күшейту бұл біздің бабаларымыздан келе жатқан қасиетті жол. Ел қауіпсіздігі әрқашанда тұрақты дамудың кепілі. Елімізде қауіпсіздікті нығайту үшін көптеген жұмыстар қолға алынды, заң жағынан қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, «Терроризмге қарсы іс-қимыл» заңын қабылдап, оған Елбасы қол қойды. Өткен жылы осы мәселеге байланысты заңнамаларға бірқатар өзгертулер енгізілді. Қазақстанда терроризмге қарсы күрес жөніндегі арнайы комиссия да құрылды. Үлкен шаралар атқарылып жатыр. Дегенмен, өте сақ болуымыз керек. Бүгінгі күні бүкіл әлемде түрлі қауіпті жағдайлар болып жатыр. Экстремизм және лаңкестік мәселесі ешқандай ұлтқа, дінге қарамайтын өте үлкен қауіп-қатер. Өткен жылы күптеген жерден террорлық акт тіркелді. Осы оқиғалар қайталанбас үшін барлық қоғамдық ұйым, саяси партиялар, мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Себебі, ол тек құқық қорғау органдарының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз» деді Нұрлан Нығматуллин. 

Оқылды 122 рет
JoomShaper
Top