Әкім салафизмге заңмен тыйым салуды ұсынды

Жұма, 19.05.2017
Әкім салафизмге заңмен тыйым салуды ұсынды

Астана. 19 мамыр. KAZISLAM –  Ақтөбеде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті көшпелі отырыс өтті. Аймақ әкімі Бердібек Сапарбаев жиын барысында терроризм және діни экстремизммен күрес жолында бірқатар ұсыныс айтты.

Жиында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин террорлық әрекетті жүзеге асырмақ болған 220-дан астам адамның жазаланғанын айтты.  Қазір Ақтөбе облысында жағдай тұрақты. Өткен жылы Бас Прокуратураның «Халық қауіпсіздігі үшін» атты жұмысы биыл жергілікті жерде жалғасып, жат ағымды насихаттайтын бірқатар сайттар жабылды. Дегенмен, мәселе әлі толыққанды шешімін тапқан жоқ, деп жазады ҚазАқпарат агенттігі.

Айта кетсек, қазіргі күнде Ақтөбедегі барлық қару-жарақ дүкендерінде дабыл жүйесі қосылған. Сондай-ақ, бейнекамера қондырылып, қару-жарақ сақтау қоймасының қауіпсіздігі күштейтілген. Дүкендерден түсетін дабыл алдымен облыстық ішкі істер департаментінің арнайы қызметіне, халыққа қызмет көрсету орталығына жетеді.

Жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев терроризм және діни экстремизммен күрестің бірнеше жолын ұсынды. «Алдымен салафизмге заңды түрде тыйым салу қажет. Сонымен қатар, еліміз бойынша тыйым салынған әдебиеттер тізімін қайта қарап, оларды жою жұмыстарын жандандырған дұрыс. Бізге әйел теологтар керек. Себебі жат ағым жетегінде жүргендердің 30 пайызы әйелдер. Балаларды вакцинациялау да маңызды. Бұл проблема алдағы уақытта ушығып кетуі мүмкін. Қазір өңірде 2500-ден астам бала екпе алмаған. Бәрі сол діни көзқараста жүрген ата-аналардың балалары. Діни жоғары білімді шетелде емес, елімізде алған дұрыс. Біздің ойымызша, жергілікті жердегі жоғары оқу орындарында теологтар дайындау керек. Себебі, қазір теолог маман тапшы. Мектептерде діни киімдер киюге де тыйым салған жөн» деді Бердібек Сапарбаев. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 517 рет
JoomShaper
Top