Ағымға еріп адасқандар туралы отандық фильм түсірілді

Сейсенбі, 14.03.2017
Ағымға еріп адасқандар туралы отандық фильм түсірілді

Астана. 14 наурыз. E-ISLAM – Алматыда жат ағымның жетегінде кеткендер туралы толық метражды «Сергелдең» фильмнің арнайы көрсетілімі өтті. Кинокартинаны Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің арнайы тапсырысымен «Асыл арна» телеарнасы түсірген.

Терроризм мен экстремизмнің алдын алуға, ұлттық болмысымызға қайшы рухани дерттердің бет-пердесін ашуға бағытталған көркем фильмге көрермен көптеп жиналды. Фильмнің кейбір эпизодына бірге күлді, кейбір тұстарында бірге мұңайды.

Көрермендер екі сағатқа жуық көз алмай көрген фильмнен соң жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков, «Жас өркен» ЖШС бас директоры, қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек, «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев, «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім және мемлекет қайраткерлері Асылы Осман, Амалбек Тшанов, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, профессор Айгүл Ісмәқова сынды белгілі азаматтар картина жайлы ой-пікірлерін айтты.

Фильмде басты рөлдерді ойнаған Алмат Сақатов, Мақсат Сәбитов, Сафуан Шаймерденов, Әйгерім Сәбитова, Әлия Даниярова, Әсет Есжан сынды актерлер де алғашқы көрсетілімнің құрметті қонағы болды. Жиналған қауым фильмнен соң өткір юморға құрылған салмақты тақырыптың фильм барысында сәтті берілген тұстарын тілге тиек етіп, шеберлігімен тәнті еткен фильм актерлеріне алғыс айтты.

«Бұл фильм дәл уақытында түсірілген. Бізге қазір осындай туындылар көбірек кажет. «Асыл арнаның» осындай тың туындылар жасауға деген ұмтылысы қуантады. «Сергелдең» – қазақ кино тарихындағы осы бағыттағы алғашқы туынды», – десті жиналған зиялы қауым.

Алдағы уақытта «Сергелдең» фильмі «Асыл арна» телеарнасында көрсетіледі.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 866 рет
JoomShaper
Top