Жаңалықтар

Шариғат – жазалау емес, жамандықтан тыю!

Бұл қағида Әбу Юсуфтың «Хараж» еңбегінде: «Имам (басшсы) біреудің қолындағы затын (басқа біреудің) ақылы болғанын анық білмей тұрып, алып бере алмайды» деген сөзіне сәйкес қалыптасқан. Яғни, құқықтық мәселелерге қатысты біреудің нақты кінәлі екені анықталмай тұрып, қылмысты саналмайды. Немесе халифа Омарға (р.а) қастандық жасаған Әбу Лүьлүәнің қасындағылар да қылмыскер ме?! Осы мәселе төңірегінде ислам халифаларының әділдік ұстанымдарын ашып көрсетуге тырысамыз.     

Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы имам Тахауй «Шарх әл-Әсәр» еңбегінде Ибн Шиһәбтың Сағд ибн әл-Мүсәйбтан естігенін былай жеткізеді: «Абдуррахман ибн Әби Бәкір, Бақиғ жерінен өтіп бара жатып Әбу Лүьлүә, әл-Һурмүзан және Жүфәйналардың халифа Омар (р.а) жайлы қастандық ісін ақылдасып жатқандарында үстілеріне келіп қалдым. Олар мені көріп қашып кетісті. Сол сәтте үші ортасынан шыққан, екі басты қылыш түсіп қалды. Кейін Омарға (р.а) қастандық жасалып, шәһид болған кезде Омардың ұлы Убайдулла Абдуррахман сипаттап берген қылышты көреді де қысас алу ниетімен әл-Һурмүзанды жазым етеді. Оған қылыш тиген уақытта: «Алладан басқа тәңір жоқ» дейді. Ертесі Хиралық христиандардан болған Жүфәйнаны өлтіреді… Арындаған ашуын ауыздықтай алмаған Убайдуллаға мүһәжир сахабалар, оның шектен шығып бара жатқан әрекетіне басу айтып, райынан қайтарады.

(Омардың орнына) Халифа болып сайланған Осман (р.а) мүһәжир және ансар сахабаларды жинап: «Маған діннің абыройын төккен бұл (Убайдулла ибн Омар) жайлы әділ үкім шығаруыма кеңес беріңдер» – деп көпшілікпен ақылдасты. Содан Әли бастаған бір топ сахаба Убайдуллаға өлім жазасы лайық екенін алға тартса, қалған көпшілік: Алла қанды қол әл-Һурмүзан мен Жүфәйнаны бақилық етті, енді сендер Убайдулланы да әкесінің артынан жіберуді қалайсыңдар ма? – деп өлім жазасына ара түседі. Амр ибн Ас: «Уа, мүміндердің басшысы! Расында, ол (Омар ибн Хаттаб) Сізден бұрын болған сұлтандардың бірі еді ғой» дейді. Мұны жиылған жұрттың көбі қолдап, Убайдулланың ісі кек алу мақсатында болғанын алға тартып, өлім жазасын беруге келіспейді. Сөйтіп, оған өлім жазасы берілмей, құн төлетеді. Яғни, сахабалар арасында Убайдулланың жазасына қатысты қарама-қайшы пікірлер туындағандықтан мәселенің ушығып кетпеуі үшін құн алынған еді. Кейін (Османның орнына) Әли халифа болған кезеде Убайдуллаға аталмыш қылмысы үшін өлім жазасын беру шешімі шығарылып, үкім атқарылады…»[1].

Ислам тарихында әділдігімен даңқы шығып, әл-Фаруқ (әділетті) деген лақаб атты еншілеген екінші халифа Омар ибн Хаттабты өздері өлтірмесе де, өлтіруші қанды қолға жол сілтеп, тілеулес болған ислам дұшпандарын қысаспен өлтіргені үшін өлім жазасына тартылған сол халифа Омардың баласы Убайдулла болатын. Сондай-ақ, халифа Османның уақытында Убайдуллаға өлім жазасы берілмей, құн төлетудегі даналықтың сырына үңілер болсақ, халифалардың «билік қолымда, өзім білем» деместен қарапайым халықтың көзқарасымен санаса отырып, исламның кеңшілігін пайдаланып «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жол тауып, қол астындағы халықтың берекесін сақтай білгенін көреміз. Ал, Убайдулланы өлім жазасына кескен Әли (р.а) болса, оның әкесін де, өзін де жанындай жақсы көретін имани бауырларынан еді. Міне осындай өлім түгіл, өкпеге қимайтын имани бауырмалдыққа қарамастан әділ үкімнің атқарылуы – жеке тұлғаның қылмысына кешіріммен қарасақ, қара ормандай халықтың қауіпсіздігіне кесірін тигізеді деген қауіп болса керек.

 

                                                                  Абдусамад Оқан  



[1] Нұр әд-Дин Әли әл-Қари,Фәтхү бәби әл-Ғинәя фи шархи китәби ән-Ниқая, Дәрү ихиаү әт-Түрас әл-Араби, Бейрут. – 2005. 1-том, 333 б.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close