Күндердің күнінде Хамит жұмыстан қайтып келе жатып, дүкенге соғып кешкі асқа тауық етін сатып алады. Әйелі әлгі тауықты пісіріп, кешкі асқа қамданып жатқан сәтінде кенет есікті біреу қағады. Хамит есікті ашса арғы жақта бір кедей кісі:
– Ішерге асым жоқ, маған берер азықтарыңыз барма? – деп сұранып тұрды. Хамит ашуланып:
– Енді жетпегені сен едің. Үйдегі асым өзімізден артылмайды, кет бұл жерден, – деп әлгі кедейдің әңгімесін аяғына дейін тыңдамастан есікті тарс етіп қатты жабады. Сонда әйелі:
– Неге сен алдыңа келген мұқтаж адамға сонша дөрекі сөйледің? Мына қазандағы тауықтың бір қанатын берсек болар еді ғой. Сонда Хамит әйеліне:
– Қалай ғана тауықтың қанатын толықтай біреуге бере саламыз? Есің дұрыс па?
Әйелі:
– Ештеңе бермесеңде ең болмағанда жылы сөйлеп шығарып салуың керек еді, – деп әйелі бір күрсінеді.
Біршама уақыт өтіп Хамит әдеттегідей таң ертең жұмысына баруға бет алады. Жұмысқа келсе дүкені маталарымен бірге толық өртеніп кеткенін көреді. Хамит өзін қоярға жер таппай басы салбырап үйіне қайтып келеді. Үйіне келіп мән-жайды әйеліне түсіндіреді. Сонда әйелі оны жұбатып:
– Еш алаңдама, Алланың мейірімінен үмітің үзілмесін. Бұл дүкеннің орнына Алла саған басқа жақсылық дайындап қойған шығар. Әйелінің мұндай сөзіне ашуланған Хамит:
– Сен не айтып тұрсың, менің дүкенім толықтай маталармен жанып кетті. Сен ертеңнен бастап төркініңе кет, мен қазір біраз уақытқа дейін жалғыз қалуым керек, – дейді.
Уақыт өтіп Хамит өз әйелімен жақсы болмай ақыры некесін бұзып ажырасып кетеді. Әйелі жалғыздықтың кебін киіп жүріп қалтасы қалың болмасада Жүсіп есімді жомарт кедейге тұрмысқа шығады. Жүсіп екеуі бір күні кешкі ас ішіп отырған сәтінде есікті кенет біреу қағады. Әйелі орынан тұра сала есікті барып ашса, бір кедей адам келіп азық сұрап тұрғанын көреді. Мұны естіген Жүсіп дереу дастархандағы тауық етінің жартысын әлгі кедейге азық етіп береді. Содан кейні екеуі қайта дастархан басына келіп астарын жалғастырады. Кенет әйелі көңілі босып жылап жібереді. Сонда Жүсіп:
– Не болды? Тыныштық па?, деп сұрайды.
Әйелі:
– Әлгі есікті қағып келген менің бұрынғы күйеуім еді. Оның осындай халге түскеніне жаным ауырып кетті, – дейді. Сонда Жүсіп:
– Егер үйдің есігін қаққан ол сенің бұрынғы күйеуің болса, сол күйеуің кезінде азық сұрап келген кедейге айғайлап есіктен қуып шықан кісі мен боламын, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы