Жаңалықтар

Садақа жәшігіндегі қаражатты санамай-ақ қояйықшы…

Шығыстар көзге көрінбегенімен, көл-көсір

Алдымен өзімізге мәлім, көзімізбен күнде көріп жүрген, көрсек те, аса мән бермейтін жайттарды тізбелесек. «Мешіт – Алланың жердегі үйі», деп дәрежесін биіктетеміз. Дұрыс-ақ. Қасиетті мекенге күн сайын сан мың адам кіріп, сан мың адам шығады. Бір мұсылманның өзі күніне бес мәрте кіруі мүмкін. Апта сайын орындалатын құлшылықтың бірі – жұма намазы бар. Ол кездегі жағдай, тіпті бөлек. Мәселен, бес жүз-алты жүз жамағатқа шақталған мінəжатхананың табалдырығын ол күні екі есе жамағат, яғни миллионның үстінде адам аттауы ғажап емес.

Ал енді күмəншіл һəм кінəмшіл есіңізді есепке аударыңыз. Күндіз оқылатын намаз бар, түнде оқылатын намаз бар, өзге де діни рәсімдерді еске түсіріңіз. Бұл – мешіттің жарығы тəуліктің төрттен үшінде қосулы тұрады деген сөз. Ал ондағы электр қондырғыларының саны көптігі белгілі, яғни шығын да жоғары. Электр қондырғыларының саны неге көп деп ақыл айту орынсыз, өйткені, қарадан бастап, ханға дейін түсетін даңғарадай шаңырақты сығырайтып қою – санаға сыйымсыз.

Енді суды алайық. «Ұлы сөзде ұяттық жоқ». Əр намаздың алдында жарты сағат бұрын дəретханаға кіріңізші. Судың шығынына сол кезде көзіміз жетеді. Қазіргі таңдағы жетілген технология су құбырына да электрондық есептеуішін жапсырып үлгерген. Бұл əлгі мешіт дəретханасындағы көптеген ағызғыш кранындағы əр тамшының ақшаға айналатындығын айғақтайды. Ай сайынғы төленетін сома да миллионның ар жақ-бер жағында екені анық.

Мешіт күн сайын сан мыңдаған адам кіріп-шығатын мекеме болғандықтан, əлбетте оның тазалығы, техникалық жабдықталуы (шаңсорғыш, электрлік, сантехникалық құрал-жабдықтар, т.с.с) міндетті. Жəне персоналдық, техникалық қызметкерлер тағы керек. Олардың жалақылары мен шығындары, əлбетте садақа жəшігінен есептеледі.

Ең төменгі жалақы алатындар – имамдар

Шамамыз келгенше саралаған сияқтымыз. Енді Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек Есмағанбеттің мына сөзіне жүгінсек, біраз дүниеге көз жеткіземіз: «Халық мешітке кіретін кірісті есептегенімен, шығысты есептемейді. Қазақстандағы кез-келген мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Жалпы мешіттердің жағдайы төмен. Бір ғана орталық мешітте қырықтан аса адам қызмет жасайды. Олардың барлығы ең төмен жалақыны алады. Қысқы мерзімдегі жылуға төрт айда алты млн теңге төлейміз. Ал суға 300-500 мың теңге аралығында ай сайын төлеп отырамыз. Жарық үшін төленетін қаржы бөлек. Ондай жауапкершіліктен мешіттерді ешкім босатқан жоқ. Ал жұма намазына келетін он мың адамның барлығы бірдей қомақты қаржы беріп, садақа тастамайды ғой. Әркім өзінің мүмкіндігіне қарай береді».

Басқаның сөзі емес, бас имамның сөзі. Келіспеске амалымыз кем. Төмендегі мəліметтерге де назар аударсақ, қаладағы үлкен мешіттің садақадан түскен бір жылғы табысы 75 млн теңгенің шамасын құрайды екен. Ал имамдар бір жылда мешіт қызметкерлеріне төленетін жалақы мөлшері де 75 млн теңгеге жуықтайтынын айтады.

Әр мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын болғандықтан, садақаның есебін өздері жүргізіп отырады. Сондықтан жалпы Қазақстан бойынша түсетін садақа мөлшерін дәл айту мүмкін емес. Десе де, осы қаржыға көз алартып отырғандардың қатары жиілей түсті соңғы кездері. Олар «Имамдар халық алдында есеп берсін» дейді. Садақа жәшігіндегі қаражаттың қайда жұмсалатынынан хабардар болғысы келеді. Жә, мұны қойшы, оған иелік еткісі келетіндер де бар.

Терминалдың да теперіші жетерлік

Дін қызметкері қарапайым болу қажеттігін біледі. Және солай да. Алайда, арагідік мешітке жолымыз түсе қалғанда кейбір наиб-имамдардың, ұстаздардың тізесі тесілген шалбармен, шынтағы тозған көйлекпен немесе костюммен жүргенін көзіміз көрді. Бұл енді олардың қарапайымдылығынан еместігі анық. Әлбетте, жалақының жартымсыздығы, қаражаттың жеткіліксіздігі. Олардың да отбасы, қолдарына қарап отырған бала-шағасы бар. Әйтпесе, бүтін киімге не жетсін!

Әңгіме арнасынан ауытқымай, өз тақырыбымызға оралсақ. Мешіттегі садақа жәшігіне күмәнді көзқарастың көбейгені болар, енді Алланың үйінде ұсынылған елдің ақшасын терминалдар қабылдай бастады. Яғни, берген садақаңыздың сомасын электронды есептеуіш құрылғы анықтайды. Алайда, мұның да «минустары» көріне бастады. Садақа жәшігіне тиын-тебенін тастай салып кететін жұрт, енді әлгі терминалдың қарсысында ұзын-сонар кезекке тұрып әуре. «Әр адамның ақшасын екі-үш минут қабылдайтын құрылғы ыңғайсыздық тудыруда. Жастары егде кісілер оған садақасын қалай салуды да білмейді. Жалпы, осының не керегі бар екен?» деп шамданады бір топ жамағат.

Терминал тоқтаусыз жұмыс істеп тұрса жақ, техника емес пе, ауық-ауық істен шығып қалатыны да бар. Ал ондайда құрылғының жөндеу шығыны құрық бойлатпайтын көрінеді. Ішіне түскен садақа қаражатынан еселеп асып кетеді екен. «Мешіттің садақа жәшігіне түсетін қаражатты санағысы келетіндерді түсінбеймін. Шындығында, ол ақша сол мешіттің шығынан ешқашан жаппайды. Имамдар сонда да жұмыстарын немқұрайды атқарған емес. Әрдайым қайырымдылық шараларына атсалысып, игілікті істерді ұйымдастырып жүргені. Сондай жұмыстарына қарап, көпшілік олардың байлығы көл-көсір деп ойласа керек. Қайырымдылық шаралары қалталы азаматтардың демеушілігімен жүзеге асатынын түсінуіміз керек. Ал садақа жәшігіндегі сомма дін қызметкерлерінің жалақысы мен коммуналдық шығыннан артылмайды» дейді белгілі дінтанушы Руслан Қамбар.

Түркия – мешіттері көп дамыған мемлекет. Осындайда біздің билік солардан үлгі алса екен деген ой келеді. Түрік билігі елдегі мешіттердің барлығының шығындарын мойындарына алған. Имам-молда, дін қызметкерлерін жалақымен қамтамасыз етеді. Дін саласында жүйелі түрде ілгерілеу бар. Мешіт мамандары ештеңеге бас қатырмайды екен, әрқайсысы өздеріне жүктелген жұмысты атқарады.

Ал бізде ше?.. Ол енді басқа тақырып. Ең бастысы, садақа жәшігіндегі қаражатты санағанша, садақа берейікші.

Игілік ҚОҢЫРАТБАЙ

 

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close