Рамазан оразасының қасиеті

Дүйсенбі, 15.05.2017
Рамазан оразасының қасиеті

Ораза – ең қасиетті құлшылықтың бірі. Хақ Тағалаға жақындаудың төте жолдарының бірегейі. Ораза ізгілердің өмір салты, тақуалардың төбесіне көтерген туы. Ораза жәннатқа алып баратын ең қысқа жолдың бірі, жәннаттың сегіз қақпасының бірі де ораза тұтушыларға арналған.

Ораза адамның нәпсісі мен мінез-құлқын түзей түсетін тәрбие мектебі. Кімде-кім рамазан босағасынан шынайы ниетпен аттайтын болса жан сарайын иманмен нұрландырып, жүріс-тұрысын түзеп шығады. Жабир (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ораза – қалқан, пенде онымен тозақтан қорғанады[1]»,-деген. Сонымен бірге, адамның бойындағы жүгенсіз құмарлықты тізгіндейдің таптырмас тәсілі. Әсіресе, жастар үшін оразаның пайдасы көл-көсір. Ибн Масғұд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Ей, жастар қауымы! Сендерден кім үйленуге мұршасы болса, үйленсін. Анығында, үйлену көзді жақсырақ сақтап, жыныс мүшесін қорғайды. Ал, кімде-кім үйленуге шамасы келмесе оразаға берік болсын. Себебі, ораза – қорған[2]»,-деп ораза харам құмарлықтан сақтайтындығын айтқан.

Әбу Умамат (р.а.) «Мен  «Уа, Алла елшісі! Алла Тағала маған пайдасын тигізетін бір амалды бұйырыңыз»,-деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оразаға берік бол, өйткені оның теңдесі жоқ[3]»,-деген кеңес берді. Міне, Алла елшісі (с.ғ.с.) оразаға тең келетін құлшылық жоқтығын айтуда. Адам баласын Жаратушысына жақындата түсетін ең абзал құлшылық – ораза.

Саһл бин Сағд (р.а.) риуаятында: «Шындығында, жәннатта райан деп аталатын бір қақпа бар. Қиямет күні ол қақпадан тек ораза тұтқандар ғана кіреді. Олардан басқа ешкім кірмейді. Ораза тұтушылар қайда?,-деп жар салады. Олар орындарынан тұрып, олардан басқа ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң, қақпа жабылады. Одан ешкім де кірмейді[4]»,-делінген. Күндіз біршама шөлдегендей боп, қарны ашқандай сезінген адам күн ұясына батқанда дұға-тілегін жасап бұйыртқан ризық-несібесімен ауыз ашқандағы қуаныш сәті айрықша. Өйткені, Алланың қолдауымен, бір күндік оразаның сауабын қанжығасына байлап, дұға қабыл болатын ауызашар сәтте бата жасайды. Бұл жайлы Әбу Һурайра (р.а.): «Ораза тұтушыға екі қуаныш бар: бірі ауызашқан уақытта, екінші қуаныш Раббысымен қауышқан уақытта»,-деген риуаят жеткізген. Күні бойы ораза тұтып, ауызашарда Алла Тағаланың берген ризық-несібесінен нәрленіп қуанышқа бөленсе, қиямет күні ораза тұтқаны үшін берілген сауапты көріп шексіз қуанышқа кенеледі.

 

Ораза қасиеті жайлы хадистер

 

1.Абдулла бин Амр (р.а.):

الصيام والقرآن يشفعان للعبد يوم القيامة، يقول الصيام: أي رب منعته الطعام والشهوات بالنهار فشفعني فيه، ويقول القرآن: منعته النوم بالليل فشفعني فيه، قال: فيُشَفَّعان

«Ораза мен Құран пендеге қиямет күні шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз асы мен суынан және құмарынан тидым, оған шапағат етуге рұқсат бер»,-дейді. Құран: «Уа, Раббы! Мен оны түнде ұйқыдан тидым, оған шапағат етуге рұқсат бер»,-дейді. Ол екеуіне де шапағат етуге рұқсат беріледі[5]»,-деген.

2.Әбу Һурайра (р.а.):

من صام رمضان إيماناً واحتساباً غفر له ما تقدم من ذنبه

«Кімде-кім иманмен және сауабын үміт етіп рамазанда ораза тұтса оның өткен күнәлары кешіріледі[6]».

3.Әбу Һурайра (р.а.):

قال الله تعالى: كل عمل ابن آدم له إلا الصيام، فإنه لي وأنا أجزي به

«Алла Тағала: «Адам баласының барлық амалы, оразадан басқа, өзі үшін. Расында, ораза Мен үшін және Мен оның сауабын беремін»,-деп әмір етеді[7]».

4. Әбу Һурайра (р.а.):

كل عمل ابن آدم يضاعف، الحسنة بعشر أمثالها إلى سبعمائة ضعف، قال الله عز وجل: إلا الصوم، فإنه لي وأنا أجزي به، يدع شهوته وطعامه من أجلي

«Адам баласының барлық амалының сауабы еселенеді. Бір жақсылық он мысалынан жеті жүзге дейін еселенеді. Алла Тағала: тек ораза, расында ораза Мен үшін. Оның сауабын Мен беремін. Пенде Менің разылығым үшін тамағы мен құмарынан тиылады[8]».

 

  

[1] Ахмед

[2] Мұттафақун алейһи

[3] Насаи

[4] Мұттафақун алейһи

[5] Ахмед

[6] Бұхари, Муслим

[7] Мұттафақун алейһи

[8] Муслим

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 750 рет
JoomShaper
Top