Рамазандағы уақыт қадірі

Жұма, 12.05.2017
Рамазандағы уақыт қадірі

Уақыт адамның өмірі. Расында, адамның өмірі сәт сайын дамылсыз сырғып өтіп жатқан секунд пен минуттардан құралады. Әрбір сырғып өткен секунд пенденің пәнидегі уақытын қысқарта түседі. Уақыт ең қымбат дүние болса-дағы адам оның қадіріне жете бермейді, оңай сарп етеді. Бір қызығы адам уақытпен салыстырғанда ешбір құн жоқ ақшасын қызғыштай қорумен әлек. Бірақ, уақытын біреу-міреу ұрлап жатса оған ешбір қарсылық білдірмейді. Міне, бұл үлкен қасірет. Қолдан кеткен мал-дүние күндердің күні қайтар, бірақ уақыт шіркіннің бір сәтін де дүниенің алтынын сарп етіп кері қайтару мүмкін емес. Екі дүние сардары (с.ғ.с.):

 

نعمتان مغبون فيهما كثير من الناس: الصحة والفراغ

«Адамдардың көбі алданып жүрген екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт[1]»,-деп уақытқа тең байлық тек денсаулық екенін айтуда.

Ал енді, мүбәрак күндерде, қасиетті айларда уақыттың құны арта түседі. Дәлірек айтқанда, рамазан айындағы әрбір сәт берекет пен сауапқа бай. Рамазанда сауап базары ашылып, иләһи табыстар мен олжалар таратыла бастайды. Құтты айда әрбір құлшылыққа берілетін сауап еселене түседі. Өкінішке орай, адамдар бұл айда күндіз ауызашар дастарқаны қамымен базар мен асхана ортасында өтсе, түні телехикая көрумен айды тәмамдайды. Әрине, жылдағыдай рамазан қарсаңында Құран оқысам деген сияқты бірқатар жоспар құрады. Бірақ жүзеге аспай қалады. Бұл жылғы рамазан басқаша өткізуді қаласаңыз бірнеше кеңеске құлақ түре жүріңіз:

1.Рамазанда орындауға ниеттенген шаруалар көрсетілген нақты жоспар құрыңыз. Бес уақыт намазды уақытылы оқып, Құранды толығымен хатым етіңіз;

2.Маңызды шаруаны бірінші кезекке жоспарлаңыз. Себебі, әрбір пайдалы шаруа кезеккүттірмес маңыздылыққа ие бола бермейді.

3.Телефонмен сөйлесу, сауда-саттыққа дүкенге шығу, қонаққа бару сияқты шаруалардың өзіне шектеулі уақыт ажыратыңыз;

4.Мүмкіндігіңіз бен шама-шарқыңызды ескеріңіз. Уақыт шеңберіне сыймайтын және шектен тыс көп шаруаларды жоспарламаңыз. Өйткені, бірер күннен кейін жоспарларған шаруаның көптігінен орындау қиынға соғып, шаршап еңсеңіз түсіп кетуі әбден мүмкін;

5.Әрбір құлшылықты өзіне лайықты уақытқа белгілеңіз. Мәселен, сәресіден кейін және әр намаздан кейін Құран оқу және дұға жасау, дүкенге бару және ас дайындау кезінде салауат, истиғфар және басқа да зікірлерді айту сияқты;

6.Бүгінгі істі ертеңге қалдырмаңыз. Жоспардағы құлшылық пен жақсылық амалды кейінге шегеретін болсаңыз шаруалар қабаттасады. Ал, бұл өз кезегінде, ықыласпен амал етуге кедергісін тигізе бастайды;

7.Аллаға тәуекел етіп, Одан жәрдем тілеңіз. Құтты да мүбәрак айды тиімді өткізу үшін тәуекел мен дұға аса маңызды.

Он екі айдың сұлтаны Рамазанда жүректі тазартып, жыл бойына жететін рухани қуат алуға жоғарыдағы жоспардың септігі тиеді деген ниеттемін.

 

[1] Бұхари

 

Kazislam.kz

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 441 рет
JoomShaper
Top