Рамазан – сабырлық сабағы

Жұма, 12.05.2017
Рамазан – сабырлық сабағы

Әкесі мен ағасы сахаба болған Уруа бин Зубайр (р.а.) халифа Уалид бин Абдулмалик шақыртуымен мемлекеттің бас қаласына жолға шығады. Жолда табиғин ғалымның аяғына бір жара шығып, ақыры дерті асқынып астанаға ғалымды зембіл көтеріп кіріп барады. Халифа құтты қонағының асты-үстіне түсіп бәйек боп, білгір дәрігерлердің барлығын шақыртады. Ешбір ем табылмай, дерті болса бойына дендеп бара жатты. Ақыры аяғын балтырдан кесуге мәжбүр болды. Дәрігерлер ауруды сезбеу үшін ұйықтататын дәрі бермек болып еді, ғалым келіспеді. Аяғын кесіп жатқанда тілі зікір айтумен болды.

 

Табиғин ғұламаның төзімділігіне куә болған Халифа Уалид: «Уруадан асқан сабырлы да, төзімді кісіні көргенім жоқ»,-деп таңданысын жасыра алмады. Бұған қоса, Уруамен бірге сапарға шыққан баласы Мұхаммедті ат қорадағы қашыр теуіп өлтірді. Жазмыштан озмыш жоқ дегендей аяғынан айырылып отырған Уруа бір сәтте баласын жоғалтты. Бір ауыз ләм-мим демей: «...Бұл сапарымыздан шаршадық[1]»,-деп Құран аятын оқып: «Уа, Алла! Менің жеті ұлым бар еді, біреуін алдың алтауын қалдырдың. Менің екі аяқ, екі қолым бар еді, біреуін алдың үшеуін қалдырдың. Егер дертке шалдықтырсаң амандығыңды бересің, егер бір нәрсені алсаң қалдырасың»,-деп сабырлық мен шүкіршілігін білдірген екен.

Абдулла бин Мұхаммед әңгімелейді: «Теңіз жағалауына қарай күзетші боп тексеріп келе жатқанмын. Жағалауда бір шатырға тап болдым. Ішінде аяқ-қолы сал, құлағы мен көзі нашарлаған тек тілі ғана сау бір кісі отыр, өзі: «Уа, Алла! Маған берген нығметіңе және көптеген пенделеріңнен артық еткеніңе лайықты түрде шүкіршілік ету үшін Сені мадақтауыма жәрдем бере гөр»,-деп дұға етіп отыр. Мен жанына барып, сәлемдескен соң: «Сен шүкіршілік ететіндей басқалардан қай жерің артық»,-деп осындай күйде бола тұра, шүкіршілік еткенін көріп таңданысымды жасыра алмадым. Ол: «Уаллаһи, аспаннан от түсіп мені өртеп жіберсе де, тау шағырып басып қалса да, теңіз түбіне батып кетсем де, жер мені жұтып жіберсе де мен мына тілді нығмет етіп бергені үшін Раббыма тек қана шүкіршілік етемін. Ей, Алланың құлы сен келіп қалған екенсің, менің бір мұқтаждығым бар. Менің жағдайымды көріп тұрсың, ешбір нәрсеге шамам жоқ. Маған намаз уақытында дәрет алуыма көмек беретін, ас-суымды әзірлеп тамақтандыратын балам бар еді. Үш күн болды, қайда кеткенін білмеймін, соны іздеп тауып берсең»,-деп өтінді.

Мен: «Сендей адамға көмек беру Алла құзырында мол сауапты іс»,-деп іздеуге шықтым. Құмды жотадан асқан жерде жыртқыш талап тастаған жігіттің мүрдесіне тап болдым. Бейшараға бұл хабарды қалай жеткіземін деп ойланып тұрып есіме Аюб пайғамбардың сынағы түсті. Менің келгенімді сезіп хабар-ошар сұрадым, мен: Алланың пайғамбары Аюб артық па, сен артықсың ба?,-дедім. Ол Пайғамбар артық деді. Аюб мал-дүниесі, бала-шағасынан айырылып сынаққа түскенде қандай күйде болды дедім, бейшара: «Аллаға сабыр етуші, шүкіршілік етуші және мадақтаушы күйде»,-деді. Ағайын-туыстары мен жора-жолдастары да оны тастап кеткенде қандай күйде болды,-дедім. Ол болса: Аллаға сабыр етуші, шүкіршілік етуші және мадақтаушы күйде,-деді. Мен тағы ешнәрсеге дәрменсіз қу сүйек боп қалғанда қандай күйде болды,-дедім. Ол: «Аллаға сабыр етуші, шүкіршілік етуші және мадақтаушы күйде»,-деді. Мен: «Алла сенің сауабыңды үлкен етсін, сабырлық берсін балаңды жыртқыш талап тастапты»,-деп қайғылы хабар жеткіздім. Бейшара: «Менің ұрпағымнан тозақта азапталатын бала жаратпаған Аллаға мың да бір шүкір»,-деп қатты шыңғырып сол сәтте жан тапсырды. Мұндай көрініске куә болған мен марқұмның бетін жауып басында көз жасыма ерік бердім. Осы кезде төрт кісі шатырдың маңайына келіп мән-жайды сұрай бастады. Мен бейшараның оқиғасын айтып бергенімде, олар марқұмның жүзін көруге рұқсат сұрап ашты да төртеуі төрт жақтан қаумалап Алланың харам еткен нәрселеріне қарамаған көздері, жұрт ұйқыда жатқанда сәждеде болған денесі деп сүйіп жатты. Мен бұл марқұм сендерге кім болады, оны танисыңдар ма,-дегенімде олар: бұл – Ибн Аббастың шәкірті Әбу Қиләба Жарми. Ол Алланы және Елшісін жанынан артық жақсы көретін,-десті. Біз барлығымыз марқұмды жуындырып, кебіндеп жаназасын оқып, жер қойнауына тапсырдық. Сол күні түнде түсімде жәннатта екі көйлек киген әлігі кісіні көрдім. Ол: «Сабыр еткендерің үшін сендерге амандық болсын! Бұл – соңғы тұрақ қандай керемет[2]»  аятын оқып отырған еді. Мен: сен пәленше емессің бе, мұндай дәрежеге қалай жеттің дедім. Ол: «Сынақта сабырлық етпейінше, кеңшілікте шүкіршілік етпейінше һәм ашық және құпия кезде Алладан қорықпайынша жетуі мүмкін емес дәрежелер бар»,-деп жауап берді,-дейді.

Рамазан – сабырлық айы. Мұсылманның иманының тең жартысын құрайтын сабырлық қасиетін осы құтты ай шыңдайды.

 

[1] Каһф сүресі, 62-аят

[2] Рағд сүресі, 24-аят

 

Kazislam.kz

Оқылды 145 рет
JoomShaper
Top