Рамазандағы жомарттық

Жұма, 12.05.2017
Рамазандағы жомарттық

Періштелердің ең абзалы – Жәбірейіл, кітаптардың ең абзалы – Құран Кәрім, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзаттың ең қайырлысы әрі пайғамбарлардың төресі. Мүбәрак айда осы үш абзал дүние жер бетінде бірігеді. Құран Кәрімнің ізгілік пен жақсылыққа үндейтін аяттарын өмірлік қағидатқа айналдыру мұсылманға міндет. Ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) мінез-құлығы Құран еді. Пайғамбарлар сұлтаны (с.ғ.с.) Құран құп көрген іс-әрекетті жан-тәнімен қабыл етті, Құран айыптаған нәрсені ол да жақтырмады. Құран үндеген жақсылыққа бар болмысымен ұмтылды.

 

Тиым салған іс-әрекеттен аулақ болды. Құтты ай рамазан келгенде Пайғамбар (с.ғ.с.) Жәбірейіл періште екеуі ұстаз бен шәкірттей Құран оқуға кірісетін. Құран түскен қасиетті айда пайғамбар ерекше жомарттық танытатын. Себебі, рамазанда Хақ Тағала пенделеріне мейірімділік және мағфиретпен жомарттық жасайды. Әрине, мейірімділік пен кешірімге ең әуелі мейірімді жандар лайықты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анығында, Алла Тағала мейірімді пенделеріне рақымет етеді[1]» және «Ақиқатында, жәннатта ішінен сырты және сыртынан іші көрінетін бөлмелер бар,-дегенде адамдар: «Уа, Алла елшісі! Ол бөлмелер кімге?»,-деп сұраған екен. Сонда: «Жақсы сөзді, адамдарды тамақтандырған, оразасын жалғастырған және адамдар ұйқыда жатқанда намаз оқығанға[2]»,-деп жауап берген екен. Демек, рамазанда мұсылманның бойынан оразамен бірге түнгі құлшылық, садақа және жақсы сөз табылады. Оразаның мән-мағынасының бірі бай-дәулетті мұсылманның мұқтаж және көпбалалы отбасыларға жәрдем беру. Ораза не үшін парыз етілген?,-деген сұраққа ғұламалардың бірі: Байлардың аштық дәмін сезініп, аш отырған адамды ұмытпауы үшін,-деген екен.

Абдулла бин Омар рамазанда сәресі мен ауызашар дастарқанына тек кедейлермен бірге отырады екен. Кедейлер келмей қалса кешкі дастарқанға жоламайтын көрінеді. Рамазан жомарттық танытатын ай Құранда: «Егер Аллаға көркем қарыз берсеңдер, Ол оны сендерге еселеп арттырып қайтарады және сендерді кешіреді...[3]».

Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.): «Тозақ отынан құрманың жартысын беріп болса да қорғаныңдар, ешнәрсе таппаған жақсы сөзбен қорғансын»,-деген сөзі неткен терең мағыналы десеңізші! Бір жайтты ескеру керек рамазан жомарттық айы деп мешіт, базар және көшелерді қайыр сұрайтын орын етіп, рамазанның рухани рақатын кірлетпеген дұрыс.

Адам мұқтаж болса да арсыздық жасауға және жанжал шығаруға құқығы жоқ. Құран Кәрімде: «Қайыр-садақаны Алла разы болатын іс-амалдармен айналысып, мұқтаждық көрген кедейлерге беріңдер. Олардың өзге жерге баруға шамалары келмейді, білмейтіндер оларды қанағатшылықтары себепті, бай деп есептейді. Оларды белгі-сипатынан танисың: олар адамдардан тілемсектеніп сұрамайды. Жақсылықтан не жұмсасаңдар да сөзсіз, Алла – оны Білуші[4]». Міне, бұл аятта мұқтаж болса да ар-ұятын жоғары қоятын адамдар жайлы. Ибн Аббастың қызметшісі Икрима жұма күні қайыр тілеп жүргендерді көрсе ұрсып: «Ибн Аббас: Жұмаға да, айтқа да қайыр тілеу үшін және зиян тигізу үшін келесіңдер. Адамдардың құштарлығы Аллаға болса, адамдардың да құштарлығы ол мұқтаждарға болар еді»,-деуші еді,-деген екен.

 

[1] Мұттафақун алейһи

[2] Ахмед, Тирмизи

[3] Тағабун сүресі, 17-аят

[4] Бақара сүресі, 273-аят

 

Kazislam.kz

Оқылды 154 рет
JoomShaper
Top