Сәресінің пайдалары

Бейсенбі, 11.05.2017
Сәресінің пайдалары

Сәресі – ораза тұтушының таңғы дастарқаны. Дәрігерлер ауызашардан сәресі дастарқаны пайдалырақ екенін ескертуде. Сәресі асы ораза тұтушыға күн ұзаққа күш-қуат береді. Мұны: «Сәресі ішіңдер, анығында сәресінде берекет бар[1]»,-деген хадистен аңғара аламыз. Сәресінің берекеті оразаның қиыншылығын жеңуге, қала берсе сезінбеуге септігі тиуінде. Бұған қоса Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті саналған сәресіге тұру арқылы сауапқа кенеледі. Сәресі дастарқанының денсаулыққа пайдасын санамалап шығатын болсақ:

1.Сәресі ішу, әсіресі жаз маусымында, күн ұзаққа әлсіздік сезінуі және бас ауруынан сақтайды;

2.Шөлдетпей және қарын аштырмай оразаны жеңілдете түседі;

3.Ораза кезінде шаршау салдарынан болатын енжарлық, әрекетсіздік және жалқаулыққа жол бермейді;

4.Ас қорыту жүйесінің белсенділігін арттыра түсіп, тәулік бойы ағзаға қажетті қан кұрамы деңгейін сақтайды;

5.Сәресі оразаны мейлінше құлшылықпен өткізуге айрықша көмектеседі.

Жаз маусымында сәресі дастарқанында қорытуы жеңіл әрі дәрумен мен минералды тұзға бай жеміс пен көкөністің көп болғаны жөн. Көкөніс ағзадағы сұйықтық мөлшерін сақтай отырып, организмге қажетті дәрумендер және минералды тұздармен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, жұмыртқа, ірімшік, зәйтүн сияқты құнарлы әрі қорытылуы орташа тағамдардың болғаны жөн. Құрамында қант пен тұз тым көп астан сақ болған жөн. Себебі, қант тез қарын аштырса, тұз шөлдетеді.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткендей: «Мұсылманның сәресісі құрма неткен тамаша[2]»,-дегендей сәресіді тым болмағанда құрма жеп немесе бір кесе су ішкен жөн. Бұл сәресінің берекетінен сыбағалы болу үшін.

Тағы бір ескеретін жайт, сәресіні таң намазына дейін мейлінше асықпай ішкен дұрыс. Байһақидің хадис кітабында: «Мұхаммед (с.ғ.с.) сахабалары ауызашарды асығушы, сәресі дастарқанына баяу отырушы адамдар еді[3]»,-делінген.

 

[1] Бұхари, Муслим

[2] Әбу Дауд

[3] Байһақи

 

Kazislam.kz

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 901 рет
JoomShaper
Top