Ислам және жастар

Құтқарушың бір Алла болған соң…

Білгенге бұл дүниенің тағдыры әу баста жазылып қойған. Тіпті, мынау батқан күн мен аттқан таң да осы уақытынан бір сәт кешіккен емес. Бұрап қойған сағат сықылды тықылдап күн мен түн ауысқанда шырыл қағады. Ол ол ма, Алланың құдіреті мынау құстарға қараңыз. Қай бір жылы тау етегінде тұрған едім. Сол кезде таңға шамамен он, он бес минут қалғанда бір құс жаймен сайрай бастайды. Таң намазы кірген кезде оған екінші құс қосылады. Бірақ, көпке дейін үшіншілер қосылмайды.

Енді, мына қалаға келсем әлгі екі құстың ұқсасы мында да жүр. Бір ғажабы осы бір екі құстар уақытынан бір сәт жаңылған емес. Ұйқыашар сағат тәрізді. Бірі тәһәжжүдке оятса, енді таң намазына оятады. Дәл қазір де ұялы телефон таң намазы кірді деп белгі бергені сол еді, әлгі екінші құс та сайрай бастады. Осы құстар Алланың зікір етпей енді нені зікір етеді?! Ендеше, құс екеш құс та өз міндетінен, өз құлшылығынан, Аллаға деген өз зікірінен жалықпайды да, жаңылмайды да.

«Әттең-айы», біздей пақыр таулар мен галактикалар көтере алмайтынын біліп алмаған жүкті арқалаған пенделер ғана көбіне жаңылады, жалығады. Бұл жалығу мен жаңылудың соңы қамығу мен тарығумен аяқталып жатады. Аспандай аманатты алғанмен шынашақтай құс құрлы жауапкершілігіміз болмай жатады. Барлап қарағанға пенденің ғұмыры қарызданумен өтеді. Жоқтан жаратылдық – өтеуі қайда? Тіршілік иесі болдық, сұрауы қайда? Ақыл иесі болдық, қайтарымы қайда? Жер бетіне халифа болдық, есебі қайда? Ол аздай, астымызда бесіктей бізді тербеген жер мен төбедегі көмкерілген жеті қат аспанды Алла адамға бағындырды, шүкіршілігі қайда, құлшылығы қайда, Аллаға деген зікірі қайда, Хаққа деген пікірі қайда? Адамды адам етіп бақ берді, баққа қарағаны қайда, жақсылық пен жамандықты жасай алатын ерік беріп, бақыт берді, сол бақытты білгені қайда? Қайда қарасаң, әлі күнге дейін бақ пен бақытты белшесінен басып жүріп, бақты сор көріп, бақ іздеп жүрген бір адам, бақытты не екенін білмей, бақытты іздеп таба алмай жүрген бір адам. Жоқ едің – бар болдың, бақ емес пе, бар болып қана қоймадың – халифа болдың, ал бұл – бақыт емес пе? Алла жүрекке иман берді, бұл бір сайраған құстай бір ғанибет емес пе? Алайда, ол аздай, адам боп жүріп, адамдар арасында жүріп адам іздеп жүрген бір адам. Алланың құтты қонағы бола тұра, Алланы танымай жүрген бір адам. Әрбір адам баласы патшадай тақта отыр, күллі ғалам қол қусырып құрақ ұшып жүр. Сөйте тұра, сол халифалық тақты да, сол тақты берген Алланы да көре алмай жоққа шығарған бір адам. Сол дінсізді қойшы, дінді білмеген, иманы жүректе ұялап, сәулесі сыртта тараған біздей шүкір ете алмай, лайықты құл бола алмай ол аздай күн жауса жауды деп, қар жауса суыды деп, күн ысыса ысыды деп, өмірге ризалық таныта алмай жүрген бір адам. Алладан асыл аманатты шүкіршілік арқылы өтейміз деп алдық, бірақ жаңылдық. Белшеден қарызға баттық. Күн өткен сайын, жыл өткен сайын алуды білеміз, қарымын қайтаруды білмейміз. Қауқарсызбыз. Құс құрлы шамамыз жоқ. Ол аздай «біз адамбыз» деген тәкаппарлығымыз тағы бар. Иә, адам баласы осылайша алданды. Енді қайтпекпіз орта жолда қалдық? Әлқисса:

Ілгері өткен заманда Тәбриз деген елде Бәдраддин Омар деген өте жомарт әрі асқан бай ғұмыр кешкен. Оның асқан жомарттығы сонша, әлгі біздің Атымтай жомартымыз да оның қасында сараң қалар. Оның жомарттығын шалғайда жатқан елдің де халқы естіп, содан үміт ететін көрінеді. Иә, расында сол шалғай жердің бірінде ғұмыр кешкен бір сіңірі шыққан бір кедей оның осы бір телегей жомарттығынан алыста жүрсе де дәмеленіп ел-жұрттан қарыз ала бастапты. «Шамам келсе, әрине, қайтарамын, ал қайтара алмай жатсам, әлгі Бәдраддин Омар қол ұшын береді ғой» десе керек. Осындай үлкен үмітпен қарыз ала беріп, бір күні шыға алмастай қарызға мойнына дейін батыпты. Ақыры бір күні қарыздарын өте алмасын білген соң үлкен үмітпен жолға шығады. Санасына «осы бай маған бермей жүрер» деген ешбір ой келмейді. Жүрегінде қорқыныш сезім болмайды. Өйткені, өзі әрі асқан бай, әрі жомарт болса менің қарызым оған неге тұрады? Бірақ Алланың бір хикметі жарты жолға келгенде алдынан шыққан керуен оған әлгі Бәдраддин Омардың аяқ астынан ауырып, көз жұмып қайтыс болғанынан хабар береді. Бұл әлгі пақыр үшін орны толмас қайғы еді. Тіпті, әкесі өлсе мұнша қайғырмас. Не істерін білмей көп жылап әлгі байдың еліне келген ол жұрттан оның мазарын сұрап, әлгінің қабірінің басына барады. Басына барғанда не өзгере қояр дейсіз, көз жасын тағы да көлдетіп жас қабірдің топырағын қайта-қайта уыстап шашып: — Уа, жомарт адам! Мен саған сеніп қарызданып едім ғой. Енді не істеймін? Сенің де өлетініңді білсем, мұнша қарызданбас едім. Енді қайттім, мені енді кім құтқарады? — деп айқайлай береді. Бәдраддиннің уәкілі бар еді. Сол кісінің сол түні түсіне қайтыс болған Бәдраддин Омар кіріп: — Менің қабірімінің басында жылап жатқан бір адам бар. Ол байқұс маған сеніп көп қарызданып еді. Мен оның қарыздарын пәлен деген жерге арнайы келетінін біліп сақтап қойғанмын. Сол ақшаны алып әлгі кісіге бер, қарызын өтесін, – дейді. Таңертең тұрған уәкілі жай түс қой деп қарап қалмай, расында, әлгі жерге барса ақша тұр екен, сол ақшаны алып қабір басына барса, қабірдің басында жылап отырған адамды көріп тағы да таңданып, қолындағы қарызға жетерлік ақшаны береді. Иә, әрине, әлгі кедей де қарызға дәл жетерлік ақшаны көріп бір қуанып, бір таңданған шығар.

 

Иә, әлбетте, Бәдраддин де біздей Алланың алдында пақыр ғой. Осының бәрін мысал болсын, өнеге болсын деп істеткен құдіреті күшті Алла Тағала ғой. Мұнан нені түсініп, нені ұғындық? Біз де Алланың шексіз құдіреті мен жомарттығына сүйеніп сол Алланың өзінің шексіз қазынасынан күн сайын, сәт сайын өтейміз деп, қарыз алып, қарызданып белшемізден шыға алмастай қарызданып күн кешіп, бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Біз, Аллаға шүкір, әлгі кедейден әлдеқайда бақыттымыз. Неге? Өйткені, Бәдраддин біздей пенде болған соң оған үміт арқалап болмайды. Ал Алла Тағала тумаған, туылмаған, серігі жоқ, жалғыз, теңдесі жоқ, заман мен мекеннен пәк құдіретті күшті Алла Тағала ғой. Олай болса, біз де: «Уа, Алла Тағала! Өзіңе сеніп асыл аманатты алып едік. Өзіңе сеніп қарызданып барамыз. Сол бір аманаттың өтеуін өтей алмайтынымызды әуел бастан білгенбіз. Бірақ Өзіңе сеніп артып, бізді қарыздан құтқарады деп сенген едік. Ендеше, бізді күнәмызға батырып, тозақ отына тастай көрме! Бізді кешір! Рақымыңа бөлеп, жұмағыңа ал! Мына жалғанда бізге иман, ихсан нәсіп ет! Өзіңе ғана сендік, Уа, рақымдылардың ең рақымдысы, жомарттардың ең жомарты Хақ Тағала!» деп, дұға етіп таң намазына жығыламыз. Уәссәләм.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,
исламтанушы

Пікір жазу

Close