Әрбил ислам мемлекеті

Жұма, 15.12.2017
Әрбил ислам мемлекеті

ХІІ ғасырдың орта шенінде солтүстік Ирак пен оңтүстік Анадолы өңірінде Бәйтік руының бегі Зейнаддин Әли Кушук ибн Бег-тегін «Әрбил атабегін» құрды. Бұл тәуелсіз иелік тарихи деректерде «Бег-тегин атабегі» деп те аталады.

Әсілі, Мосул атабегі Имададдин Зеңгі Әрбил қаласын 1131 жылы бағындырғанда, Зейнаддин Әли ибн Бег-тегінді осы өңірге әмірші етіп тағайындаған еді. Имададдин Зеңгі атабек 1144 жылы қайтыс болған соң, Зейнаддин Әли Мосул атабегі Сайфуддинге тәуелді болды. Ол 1168 жылы қайтыс болғанда, Әрбил тізгінін оның ұлы Мұзафарраддин Көкбөрі қолына алды.  

Шынтуайтында, Әрбил атабегінің тарихы Көкбөрінің атымен тығыз байланысты. Бірақ, Мұзафарраддин Көкбөріге Әрбил атабегіне қол жеткізу оңайға соққан жоқ. Алдымен Көкбөрінің Әрбил аймағына атабек болуына Каймаз әмірші қарсы шықты. Ол Көкбөріні ІІ-ші Сайфуддиннің қарауына жіберіп, Әрбилге өзінің айтқанынан шықпайтын Зейнуддин Жүсіпті атабек етті. Мұзафараддин Көкбөрі әлі ел билеу ісінде пісіп-жетілмегендіктен, Каймаз әміршіге қарсы келе алмады. Сайфуддин Ғази оған Харран өлкесін икта ретінде берді.

Мосул билігін 1174 жылы Салахаддин Әйуби қолына алғаннан кейін Мұзафарраддин Көкбөрі онымен барынша жақын болуға тырысты. Салахаддин Әйуби оған өзінің қарындасын беріп, Көкбөрі соның арқасында Урфа мен Самсаттың билігіне қол жеткізді. Музафараддин Көкбөрі Мосул атабегінің крестшілерге қарсы соғыстарында ержүректігімен көзге түсіп, үлкен атақ-абыройға кенелді. Салахаддиннің көзі тірісінде оның ең сенімді серіктерінің бірі болды.

Әрбил атабегі Зейнуддин Жүсіп 1190 жылы қайтыс болғанда, Мұзафараддин Көкбөрі әкесі мирас еткен атабек тағына қайта қол жеткізді. Ол Салахаддин қайтыс (1193 ж) болғаннан кейін де Әйуби билеушілерімен бірге крестшілермен, сондай-ақ, Елдеғұз және Ирак билеушілеріне қарсы соғысты. Бірақ, кейін Әйубилер әлсіреген тұста, Әрбил атабегін тәуелсіз ел ету  үшін оларға қарсы шықты.

Таяу Шығыс пен Анадолыдағы атабектер бір-бірімен қырқысып жатқан шақта, ХІІІ ғасырдың басында шығыстан Моңғол-татарлар шапқыншылық жасап, Орталық Азиядағы ірі билеуші Хорезм шахты батысқа қарай шегіндірді. Шыңғысханнан жеңіліс тапқан Жалаладдин Хорезм шах Иран, оңтүстік Кавказ, Анадолы, Ирак жерлерін өзіне қаратқысы келді. Осы кезде Мұзафараддин Көкбөрі онымен одақтас болды.

Мұзафараддин Көкбөрі 1232 жылы қайтыс болды. Өзінен ер ұрпақ болмағандықтан, қайтыс болар алдында Әрбил атабегін Аббаси халифінің басқаруына табыстады. Оның қайтыс болуымен, Әрбил атабегі де біржолата жойылды.

Бег-тегін атабегінде сол дәуірдегі мұсылман мемлекеттеріне тән «диван» басқару жүйесі жұмыс істеді. Оған атабек, бас уәзір,  мұстауфи, мұшриф, мұнши, ариз-ул-жайс және т.б. да мансаптылар мүше болды. Атабектер өздері тағайындаған хажибтары (көмекшілері) арқылы мемлекетті басқарды. Хажибтардың басшысын «хажиб-ул-хужжаб» деп атайтын. Одан басқа Әрбил атабегінің сарай жұмысын бақылайтын «устад-уд-дар» қызметкері, ал қауіпсіздік қызметін атқарушы «әмір-и жандар» лауазымындағы қызметкерлер болды.

Мұзафараддин Көкбөрі Әрбилдің мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын түзеу үшін көптеген қоғамдық ғимаратттарды тұрғызды. Ол мешіт-медреселер, ауруханалар, жесірлер үйі мен жетімханалар салдырды. Әрбір жетім сәбиге сүт ана тауып беретін. Әрдайым ауруханалардағы науқастардың қалін сұрап, оларға қажетті дәрі-дәрмекті мемлекет қазынасынан бөлдіретін. Әрбилдің экономикалық жағдайын жақсарту үшін жаңа базарлар мен керуенсарайлар салып, қала көшелерін абаттандыруға күш жұмсады.

Мұзафараддин Көкбөрі ислам дініне жоғары деңгейде қолдау көрсетті. Ғұламалар мен шариғат иелеріне (қазы) дәйім қамқорлық жасады. Мысалы, атақты ислам тарихшысы Ибн Халикан өзінің кейбір шығармаларын Әрбил сарайында жазған еді.

Мұзафараддин Көкбөрі Алла Елшісінің (с.а.у) туған күні «Мәуліт» мерекесін тойлаудың сүнниттік рәсімінің негізін салды. Ибнул-Жаузидің айтуына қарағанда Музаффаруддин Көкбөрі «Мәуліт» мерекесінде жарлы-жақыбайларға садақа ретінде 5000 қой, 10.000 тауық, 100 жылқы, 100 мың табақ ас-ауқат, 30 мың табақ халуа, науқастарға дәрі-дәрмек, қарт адамдарға киім-кешек, бүлдіршіндерге көген-түп таратып, жыл сайын «Мәуліт» мерекесі үшін 300 мың динар ақша жұмсап отырған. Мешіттерде құтпа оқылып, «Мәуліт» жыры айтылып, Алла Елшісіне (с.а.у) салауаттар арнап, жұрт арқа-жарқа болып бұл мерекені тойлаған. Кейін бұл ізгі дәстүр Мәмлүк және Осман мемлекеттерінде жалғасын тапты.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, PhD доктор

 

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 547 рет
JoomShaper
Top