Селжұқ Ислам мемлекеті

Жұма, 08.12.2017
Селжұқ Ислам мемлекеті

Селжұқ мемлекетінің негізін құраған Қынық руы оғыз тайпасынан шыққан еді. Мемлекеттің атауы берілген «Селжұқ» бидің арғы атасы Жаңакенттегі Оғыз жабғысының қолбасшысы болған еді. Жалпы, оғыздар  бұрын Хазар қағанатына, кейін Самани мен Қарақан мемлекетіне бағынышты болды. Селжұқ бидің ұлдарының есімдері Микайл, Исрайл, Мұса және Жүсіп болуына қарап, зерттеушілер оларды Хазар қағанатына бағынышты болған заманда яһуди дінін ұстанғанын айтады. Дегенмен, ибн Фадланның «Саяхатнамасында» Сыр бойындағы Оғыздардың Тәңір дініне сенгендігі айтылады.

Х ғасырдың екінші жартысында Шығыстан Қыпшақ тайпаларының Орталық Қазақстан және Сыр бойына көшіп келуі, мұндағы Оғыз тайпаларының күнгейдегі Мәуреннахр мен Қорасан аймағына ығысуына мәжбүр етті. Осы кезде Оғыз жабғысының қолбасшысы болған Селжұқ би (960-985) Жент қаласына қоныс аударды. Ал, Жент қаласы Самани мемлекетіне қарайтын. Қынық тайпасы Саманилердің ықпалымен Ислам дінін қабылдады.    

Селжұқ би исламды қабылдағаннан кейін оның төңірегіне мұсылман болған оғыз тапасының өкілдері жиналды. Оғыз мұсылмандары Самани мен Қараған мемлекетінде әскери қызметте болды. Самани мемлекеті 999 жылы құлаған шақта, Селжұқ би Қорасанға көшті. Ол 1009 жылы қайтыс болғанда, Селжұқтар тағы да оңтүстікке қарай ығысты. Селжұқтың ұлы Арслан би дәуірінде селжұқтар бірде Қарақан, бірде Ғазнауи мемлекетіне бағынышты болды. Арслан биді Ғазнауилер 1032 жылы өлтіріп, Селжұқ билігіне оның ұлы Тұғырыл би келді. Өз кезегінде Тұғырыл би Ғазнауилерден тәуелсіз болуға ұмтылды. Ол 1040 жылы «Данданакан» соғысында Ғазнауи әскерін тас-талқан етіп жеңіп, Мәуреннахр мен Қорасан аймағында тәуелсіз Селжұқ мемлекетінің негізін қалады.

Селжұқ мемлекетінің астанасы Мерв қаласы болды. Жаңа Селжұқ мемлекетінің алғашқы құрылтайында Әмудария мен Ғазна арасындағы өңірлер Тұғырыл бидің бауыры Шағры биге, Буст-Систан өңірі Мұса жабғыға, Нишабурдан батысқа қарай барлық жерлер Тұғырыл биге, Шағры бидің ұлы Жақұт пен Ибрахим Юналға батысты бағындыру тапсырылды. Ханадан өңірінен бастап Гүржан мен Дамғанға билік жүргізу Құталмышқа, Кирманға Қара Арслан Қабурд билік жүргізді. Көп ұзамай Селжұқ билеушілері Хорезм, Мәуреннахр, Систан, Мекран, Кирман, Иордания, Гуржан, Бадгис, Хутталан, Табаристан, Казвин, Дахистан, Исфаһан, Нихаванд, Рай, Шахразур, Ерзен, Караз, Хасанкала, Ерзурум, Гүржістан, Армения өңірлерін жаулап алып, Үлкен Селжұқ империясын құрды. 

Тұғырыл би сүнниттік исламның жоғын жоқтап, шиға Буйдтер мемлекетімен күрес жүргізді. Селжұқ әскері 1055 жылы Буйдтердің астанасы Бағдатты басып алды. Сондай-ақ, Фатими билеушілерінің төндірген қаупін сейілтті. Аббаси билеушілері Тұғырыл биді «Жаһан қағаны» деп атады. Ол 1063 жылы жетпіс жасында дүние салды. 

Тұғырыл биден кейін таққа оның бауыры Шағры бидің ұлы Алп Арслан отырды. Ол Селжұқ мемлекетінің шекарасын батысқа қарай кеңейтіп Анатолиядағы Ани және Карс қалаларын басып алды. Солтүстіктегі Маңғыстау өңірін жайлаған түркімендер мен қыпшақ тайпаларын өзіне қаратты. Және Бахрейндегі Карматилер мен Арабиядағы Фатимилерді жеңіп, Мекке мешіттерінде Алп Арсланның атына құтпа оқылатын болды. Ол 1071 жылы «Малазгирт» соғысында Византия әскерін тас-талқан етіп жеңіп, Селжұқтар Анатолияның көп бөлігін бағындырды. Алп Арслан Орталық Азиядағы түркімен тайпаларын Анатолияға көшірді. Алайда, көп ұзамай Алп Арслан Мәуреннхрға жасаған жорығында қаза тапты. Оның кезінде Шығыста Қашқардан батыста Егей теңізі, Солтүстікте Арал теңізінен Араб түбегіндегі Иеменге дейінге ұлан-байтақ аймақ Селжұқ мемлекетінің құрамына енді.

Алп Арсланның орнына ұлы Мәлікшаһ отырды. Ол Солтүстегі Қарақан, Шығыстағы Ғазнауи, Батыстағы Византия және Оңтүсте шиға топтарымен күрес жүргізді. Мәлікшаһ теріс діни ағымдарға тойтарыс беру үшін Низамия медресесін құрды. Анатолия өңірі үшін Армения, Грузия, Византия әскерімен соғысты. Жаулап алған жерлердегі шіркеулерді мешіттерге айналдырып, ондағы халықтардың ислам дінін қабылдауына ықпал етті. Тіпті,  ол шиға ағымын қолдау білдірген Фатими мемлекетін құлату үшін Мысырға да жорық жасады. Оның дін үшін жасаған еңбегі ерекше бағаланып, 1087 жылы Аббаси халифі оған «Жаһан билеушісі» деген атақ берді. Мәлік шаһ 1092 жылы Бағдатта қайтыс болды. Ол өлгеннен кейін Селжұқ империясы ыдырау кезеңін басынан кешірді.

Беркиарук сұлтан билікке келген 1093 жылы Селжұқ империясы Қорасан мен Ирак, Сирия, Кирман және Түрік селжұқтары болып, төртке бөлініп кетті. Тек Сұлтан Санжар билікке келген (1118 ж) соң Үлкен Селжұқ империясын қалпына келтіруге тырысып, Мәлікшаһ дәуіріндегі аймақтарды өзіне қаратты. Бірақ, Шығыстағы будда дінін ұстанған Қарақытай мемлекеті 1141 жылы Катауан соғысында Сұлтан Санжарды тас-талқан етіп жеңді. Бұдан кейін Селжұқ мемлекеті қайта бұрынғы қалпына келе алмады. Оның орнына Хорезмшаһ мемлекеті құрылды.   

Селжұқ мемлекетінің құрылымы түркі һәм үнді-иран басқару жүйесіне негізделді. Тұғырыл биге дейінгі Селжұқ билеушілері «жабғы» деп аталды. Көне түркілік  ел билеу жүйесіндегі секілді барлық меншік жоғары билеушінің (жабғы) иелегінде болды. Селжұқтар исламды қабылдағаннан кейін билеушіні «сұлтан» деп атайтын болды. «Дивани-Ала» атты мемлекеттік кеңес ең жоғарғы шешімдерді қабылдады. Сұлтаннан кейінгі жоғарғы лауазым «бас уәзір» деп аталды. Мысалы, Алп Арслан дәуірінде Низамулмулк бас уәзір қызметін атқарды.

Селжұқтар өздеріне дейінгі медреселерді одан арықарай дамытып, Низамулмулк уәзір өзінің атындағы «Низамия» медресе желісін құрды. Алғашқы «Низамия» медресесі 1067 жылы Бағдатта ашылды. Кейін Исфахан, Рай, Мерв, Балх, Герат, Басра, Мусулда ашылды. Низамияда діни біліммен қатар математика, философия, тіл-әдебиет пәндері оқытылды. Бай кітапханалар қоры жасақталды. Көптеген қалаларда діни мәселелер бойынша халыққа қызет ететін сұрақ-жауап орындары ашылды. Араб тілі дін мен ғылымның, парсы тілі  әдебиеттің, ал түрік тілі  сарай тілі ретінде қолданылды. Селжұқ билеушілрі халыққа арнап жаңа кенттер  салды. Халық тығыз тұрған елдімекендерде жаңа мешіт, медресе, керуенсарай, емхана, көпір, монша және т.б әлеуметтік нысандар тұрғызды. Бұл жаңа құрылыстарды сәулетшілері бір ізге түсіріп, Селжұқ мәдениетін өркендетті.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы Phd доктор

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 397 рет
JoomShaper
Top