Мәмуни мемлекеті (995-1017)

Сәрсенбі, 06.12.2017
Мәмуни мемлекеті (995-1017)

Хорезм өңірінде Х ғасырдың соңында құрылған бұл мемлекетті Әбул Аббас Мәмун бин Мұхаммед негізін қалады. Ол бастапқыда Самани билеушісінің Гурганжиге тағайындаған әміршісі еді. Қарақандықтар 992 жылы Бұқараны басып алғанда оларға Саманилермен бірлесіп қарсы тұрды. Мәмун Гурганжиде орталық ете отырып Хорезмнің батыс өңіріне иелік етті.

Сол дәуірде Хорезмде сауда-саттық пен қолөнер ісі өркендеді және Әмудария атырабында егіншілік кәсібі де дамыған еді. Бірақ, Әмударияның оң сағасын жайлайтын Афригидтер* Хорезмге билік ететін. Мәмунилер осы Афригидтермен Хорезм үшін таласқа түсті. Афригидтерге тұтқынға түскен өзінің одақтасы Әбу Әли Симжуриді құтқару үшін Мәмун Әмударияның оң жағасына өтіп, оларды жеңді. Сөйтіп, Мәмун  995 жылы Хорезм тізгінін өз қолына алды. 

Мәмун ұзақ билік жүргізген жоқ. Оны 997 жылы өз жасауылдары қастандықпен өлтірді. Таққа ұлы Әбул Хасан  Әли отырлы. Ол Ғазнауи патшасы Махмұт Сұлтанның қарындасы Каһбалаға үйленіп, өзіне жаңа сыртқы қолдаушылар тапты. Самани билеушісі Исмайыл бин Нұх әл-Мунтасир 1000 жылы Бұқараны Қарақандықтардан азат ету үшін Мәмуни мемлекетінің көмегіне жүгінді. Әбул Хасан  Әли Саманилерге көмек қолын созып, олар Бұқараны Қарақандықтардан қайтарып алды.  Осыдан кейін аймақта Мәмуни мемлекетінің беделі  күшейді. Хорезмдегі бұл жаңа мемлекетті алыс-жақын елдер танып біле бастады.

Әбул Хасан Әли 1008 жылы қайтыс болып, таққа оның бауыры Әбул Аббас ІІ Мәмун отырды.  Жаңа тақ иегеріне Аббаси халифасы Кадир-Биллаһ сыйлықтар жіберіп, оған «Зайнул-Милла» деген атақ берді.  Мәшһүр ғұлама Бируни ІІ Мәмуннің дипломатиялық қызметшісі болды. Халықаралық саясатта ғана емес, Мәмунилердің діни қайраткерлер мен ғұламалар арасында беделі арта түсті. Бірақ, Мәмунилердің Аббаси халифасымен жақын араласуы Ғазнауи билеушісі Махмұт Сұлтанның қызғанышын оятты. Мәмунилер Ғазнауи мемлекетінің Мәуреннахрдағы басты бәсекелесі Қарақан мемлекетіне қарасты тайпа билерімен де жылы қатынас орнатқан еді. Ғазнауи билеушілеріне ІІ Мәмуннің мұндай дипломатиялық ұстанымдары ұнай қоймады.

Жалпы, Ғазнауи мемлекеті Мәмунилерді өздерінің вассалы деп білетін. Махмұт Сұлтан Ғазнауилердің Хорезмдегі өктемдігін сақтап қалу үшін Ашраф және басқада қолбасыларының қарсылығына қарамастан, Мәмунилерге өзінің атына Хорезм мешіттерінде құтпа оқытып, алым-салық төлеуді  бұйырды.  Сыртқы саясатта барынша дипломатиялық жолды ұстанған ІІ Мәмун Ғазнауи билеушісінің бұйрығына көніп Хорезм мешіттерінде Махмұт Сұлтанның атына құтпа оқытты. Алым-салық ретінде 80.000 динар және 3000 жылқы төледі. Алайда, ІІ Мәмуннің шектен тыс дипломатиясы Мәмуни әкери қолбасшыларына ұнаған жоқ. Қолбасы Алып Тегін көтеріліс жасап, ІІ Мәмунді өлтірді. Орнына 17 жастағы туыс інісі Әбул Харис Мұхаммед бин Әлиді таққа отырғызды. Бірақ, Хорезмге шын мәнінде Алып Тегін мен оның тағайындаған уәзірі билік жүргізді.

Махмұт Сұлтан 1017 жылы жездесі ІІ Мәміуннің кегін қайтару үшін Хорезмге жорыққа шықты. Ғазнауи мен Мәмуни жасақтары Хазарасаб дегенде жерде соғысып, Махмұт Сұлтанның пілдерден тұратын қолы жеңіске жетті. Мәмуни билеушілерінің бәрін Қорасанға айдауға жіберді. Тұтқынға түскен Мәмуни сарбаздарын құл етіп Ғазнаға алып келді. Атақты ғұлама Бируни және өзгеде ғалымдарды Ғазнаға алдырды. Хорезмді Ғазнауи мемлекетінің ажырамас бөлігі деп білген Махмұт Сұлтан Мәмуни билеушілерінің орнына Алтунташ әл-Хажибті тағайындады. Әбул Аббас Мәмуннің қайынатасы Әбу Ысқақ Ғазнауилерге мойынсұнғысы келмегенімен, Алтунташ әскері оны тас-талқан етіп жеңді. Осылайша Хорезмдегі Мәмуни мемлекеті жойылды.

Мәмуни мемлекетінің ғұмыры қысқа болғанымен, олар Хорезмдегі алғашқы ислам мемлекеті еді. Мәмунилер билігі кезінде Хорезмнің кескін-келбеті исламдық нақышта өріліп, мешіт-медреселермен бірге, керуен-сарай, монша, емхана секілді жаңа ғимараттар бой көтерді. Мәмунилердің алғашқы билеушісі Әбул Аббас Мәмун әрі ғалым әрі ақын адам еді. Сол себепті ол сарайға ақындар мен ғұламаларды жинап, оларға дәйім қамқорлық жасады. Мысалы, Бируни, Әбул Хасан Ахмет Сухайли, Ибн Сина, Ибнул Хаммар, Әбу Сахл әл-Мәсихи, Әбу Мансур әс-Сеалиби, Ибн Ираки секілді ғұламаларға ілтипат көрсетті. Әбу Мансур әс-Сеалиби «Китабу Адабил-мулукул Харизмшах» атты трактатында Мәмуни билеушілерінің атына мақтау айтады.

 

Мұхан Исахан,

дінтанушы PhD доктор



* Бирунидің дерегіне қарағанда Афригидтер (IV-X ғғ) парсы тілдес Хорезмнің байырғы тұрғындары болып есептеледі. Олардың көпшілігі зороастаризм сенімін ұстанған. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 504 рет
JoomShaper
Top