Ғұмар Қараш неге құрбандық шалуға қарсы шыққан?

Бейсенбі, 31.08.2017
Ғұмар Қараш неге құрбандық шалуға қарсы шыққан?

Дінге реформа жасамақ болған жәдидшілдердің көзқарасын ұстанған Ғұмар Қараш «Қазақ» газетінің 1914 жылғы  № 50 санында «Құрбан шалу жаңа заманда міндетті емес» деген пікір айтқан болатын. Ол Құрбан шалуды сынға алып, оған жұмсалатын қаражатты қажетті игі істерге пайдалану керектігін айтқан еді. Нақты өз сөзіне келер болсақ, Ғұмар Қараш былай дейді:

«Енді келелік құрбандық мәселесіне... Аллаға шалынған малдың еті, қаны жетпейді. Бәлкім ақ ниет, адал жүрегі жетеді, яғни малды шалып, қанын ағызу, яки табақтан етін тарату мақсұд емес, бәлікм адам малын-мүлкін қиып жақсы күндерге Алла жолына шығаруды мақсұд деген. Бірдің емес көптің, жалпы жұрттың, ұлттың пайдасына жараған орынды... жасыңыздан құрбан деген қан ағызу деп басыңызға сіңіп қалғандықтан, сізге үйреткен молдалар ашып шариғаттың рух пәлсапасын үйретудің орнына, әлгі қалың кітаптардағы мың жыл бұрынғы халге, заманға қарай айтылып қалған сөздерді үйретіп, осыдан айырылмай, тап осыны өзгертпе дегендіктерінен. Өзіңіз ойлап қараңызшы: жыл сайын хадждардағы мына деген жерде құрбан күні жүз мыңнан артық қой, түйе, сиыр малдар бір күні ішінде шалынып, жерге көміледі, бұл ұят емес пе?! Мұндай ысырапты ақ шариғат қосар ма? Міне, осылардың бәрі шариғаттың рухын тастап, адасуымыздан келіп тұр. Пайғамбарымыз (ғ.с) заманасында ислам мәдениетінің кітап-құрал деген заттар болмаған, жазу-сызу да мұнда аз болған. Сол себепті, ол күндері де құрбандықты шалып, фақырға етін таратудың басқа тиісті орын табылмаған. Осы күндері пайғамбарымыз (ғ.с) тіріліп, қайтадан арамызға келіп халқымызды көрсе, ең әуелі бастан өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді».

Нағында, Құрбан шалу рәсімі хижраның екінші жылы Сабук соғысынан кейін алғаш рет Мәдина қаласында орындалған. Аллаға арнап Құрбан шалу хақында Құран-Кәрімде: «Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал» (Кәусар, 2) деп бұйырылған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) зулхижжа айының оныншы күні таңертең күн арқан бойы көтерілгенде, жамағатпен бірге Құрбан айт намазын оқып, артынан Құтба оқып, сахабаларына Құрбан шалуды бұйырған. Өзі бас болып, екі қойды құрбан етіп шалған. Осыдан кейін жыл сайын «Ид әл-Адха» мейрамында Құрбан шалу мұсылман үмбетіне діни дәстүр болып бекіді. Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Әл-ауқаты келіп тұрып, Құрбан шалмағандар намазханамызға жақындамасын» деп, Құрбан шалудың мұсылмандар үшін аса жоғары уәзипа екенін белгілеген еді.

Ханафи мәзһабының мужтаһитттері Құран Кәрімде Құрбан шалуға қатысты аят (Кәусар, 2) бұйрық райда айтылғандықтан, сондай-ақ, Алла Елшісі (с.а.у) Құрбан шалуды үзбей, жылма-жыл қолға алғандықтан, бұл діни рәсімді жағдайы бар мұсылманға орындау уәжіп деп консенсус (ижмағ) жасаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) және мужтаһиттер Құрбан шалудың алмастыратын балама діни рәсім көрсетпеген. Осы себептен де, Ғұмар Қараштың Құрбандыққа қатысты «Қазақ» газетінде жариялаған жоғарыдағы ой-пікірі мұсылмандар арасында үлкен дау тудырған еді. 

Ғұмар Қараштың «Құрбандыққа шалуға кететін қаражатты қайырымдылық уақфтар құйып, мектеп-медресе ашып, оқу-білімге жұмсау» туралы көзқарасы бір қарағанда оң бастама болып көрінгенімен, бұл шариғатқа реформа жасамақ болған жәдидшілдердің ұстанымы еді. Оның құрбандық етін жерге көміп, ысырап қылуға қатысты сыны дұрыс. Бірақ, «Осы күндері пайғамбарымыз (ғ.с) тіріліп, қайтадан арамызға келіп халқымызды көрсе, ең әуелі бастан өз құрбандығын сатып, біздің ғылымды-өнерлі болуымыз, басқа елдерге қатарласуымыз жолына жұмсар еді» деген көзқарасы шариғат ижмасын (ижмаға қарсы келу күнә) жоққа шығару болып саналады. Ханафи мәзһабының захир риуаяға және надир риуаяға жататын барлық пәтуа кітаптарында жағдайы бар мұсылманға құрбандық шалудың уәжіп екендігі айтылған.

Жәдитшілдік козғалыстың көсемдері Жамаладдин Афғани және Мұхаммед Абдуһ та бекітілген шариғат үкімдеріне реформа жасамақ болып, канондық мәселелерде үлкен-үлкен қателіктерге ұрынған болатын. Олардың ұстанымын жақтаған Ғұмар Қараш та базбір діни тақырыптарда шариғаттан қиыс кетті. Яғни, оның құрбандық шалуға қатысты жаңсақ көзқарасына жәдитшілдердің ықпалы болған еді.

Мұхан ИСАХАН

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1810 рет
JoomShaper
Top