Қазақ жеріне ислам діні қашан келген?

Бейсенбі, 11.05.2017
Қазақ жеріне ислам діні қашан келген?

Кемеңгер халифтар (хз. Әбубәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әли) билік құрған (632-661 жж) дәуірде Хақ дін жаһанға фатх жорықтары арқылы таратылды. Алайда, кемеңгер халифтар тұсында мұсылман қосыны түркілермен бірнеше рет бетпе-бет келсе де, оларға қарсы қару көтеріп, жортуыл жасаған жоқ. Себебі, Алла Елшісі (с.а.у) өз хадис-шарифінде: «Түріктер сізге тисіпейінше байқаңыз сіздерде түріктерге тиіспеңіз...» (Әбу Дауд, Малаһим, 8: 4302) деп қатаң ескерткен болатын.

Мысалы, Омар халиф құрған кезеңде (634-644 жж) мұсылман қосыны Ирандағы Сасани патшалығының әскерін тықсыра қуып, 642 жылы Жейхун өзеніне дейін жетіп, Мәуреннахр шекарасына тұмсық тіреген еді. Осы тұста Омар ибн Хаттаб мұсылман қолбасшысы Ахнаф ибн Қайсқа хат жазып, Жейхун өзенінен ары өтіп, түркілермен қақтығысуға тиым салды (Табари, IV том, 168 б).

Әйтсе де, кемеңгер халфитардан кейінгі Омая билігі (661-750 жж) тұсында араб-түрік қатынастары шиелінісе түсті. Мәуреннахрға қоңсы Хорасан өлкесі Омар ибн Хаттаб билік құрған кезеңде ислам халифатына қараған еді. Омаядтар билігі тұсында осы Хорасан өлкесінің әміршілері Мәуреннахр қалаларына шабуыл жасай бастады. Мысалы, Хорасанның 673-680 жылдары әміршісі болған Убайдуллах ибн Зияд бірнеше рет Бұхараға, 680-683 жылдары Хорасан әміршісі Сағид ибн Осман Самархандқа, Сәлим ибн Зияд 683 жылы Бұхараға, Хажжаж ибн Юсуб 689 жылы Термезге узурпациялық (басып алып, отар ету) мақсатта шабуыл жасады. Хорасан әміршілерінің бұл әскери жорықтары түркілердің тегеурінді қарсылығына тап болып, көбіне нәтижесіз аяқталып отырды. Тек Хорасанға Құтайба ибн Муслим (705-715 жж) әмірші болып тағайындалғаннан кейін Мәуреннахрдың едәуір бөлігін біржолата жаулап алу жорықтары жасалды. Атап айтар болсақ, Құтайба ибн Муслим 706 жылы Пайкентті, 708 жылы Бұхараны, 711 жылы Самархандты, 715 жылы Ферғананы бағындырды.

Құтайба ибн Муслимнен кейін Хорасанға Язид ибн Муһаллаб (717 ж), Сағид ибн Харис (720 ж), Асад ибн Абдуллаһ әл-Қусри (726 ж), Ашрас ибн Абдуллаһ ал-Сулами (728 ж), Жунайт ибн Абдрухман (729 ж), Наср ибн Сайиар әл-Кинани (738 ж) әмірші болды. Олардың кезінде де Мәуреннахрға оқтын-оқтын жорықтар жасалды. Бірақ, Түркі билеушілері Омая узурпациясына қарсы ұдайы бас көтерді. Бір сөзбен айтқанда түркі қауымы күштеп таңғысы келген дінді қабылдай алмады.

Десе де, 751 жылы Қытайдың Тан династиясы Орталық Азияға басып кіргенде мұсылман әскері түркілерге көмекке келіп, бұл біріккен қосын «Талас ғазауатында» зор жеңіске жетті. Ғасырға жуық уақытқа созылған араб-түркі соғысы «Талас ғазауатынан» кейін біршама саябырсыды. Әлбетте, түркі халықтарының арабтарға қарсылығы үзілді-кесілді тоқтады деп кесіп айту қиын. «Насабнама» қолжазбасында Ысқақ ат-Түрік бастаған мұсылман қолының 768-780 жылдар аралығында жергілікті түркілермен соғысқандығы айтылады. Дегенмен, «Талас ғазауатынан» кейін исламның таралуына кедергі азайып, Хақ дін кеңінен қанат жая бастады (Қараңыз: Мұхан Исахан. «Талас ғауазатының» тарихи рөлі аса маңызды.http://e-islam.kz/interview/item/10791-m-khan-isakhan-talas-azauatyny-tarikhi-roli-asa-ma-yzdy). 

Жалпы, алғашқыда түркілерге исламды тарату үшін фатх жорықтары жасалды. Омая билеушілері түркілердің саяси билігін құлату арқылы исламды Мәуреннахрға жерсіндірмек болды. Ислам дінін фатх жорықтары насихаттау Иран жерінде өз жемісін бергенмен, бұл әдіс түркілер үшін өтімсіз болып шықты. Себебі, түркілер бұрын-соңды ешбір елдің отарына түспеген, рухы азат, жауынгер халық болатын. Ал, жүрек қалауымен ғана бойға сіңетін дін деген нәзік дүниені күшпен таңу түркілердің табиғатына қайшы-тын. Дегенмен, Омая билігінің фатх жорықтары көздеген нәтижесіне қол жеткізбегенмен, түркілер осы кезеңде Хақ дінмен танысу үдерісін басынан кешірді. Түркілер қан майдандағы соғыста иілікпегенмен, жаңа дінмен танысу барысында исламның құшаққа тартып алып кететін илаһи күш-құдіретіне қарсы тұра алмады. Осының негізінде түркілерде исламдану процесі басталды. 

Мұхан ИСАХАН

Оқылды 2076 рет
JoomShaper
Top