Нұр Ғасыр

Сәрсенбі, 14.05.2014
Нұр Ғасыр

«Нұр ғасыр» мешітін салу жөніндегі бастама 2004 жылы «Қадір түні» кешінде көтерілген болатын. Сол күні түнде Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде тарихи мешітке жиналған жамағатты арнайы құттықтауға келген облыс әкімі Елеусін Сағындықов: «Сіздердің ғибадатхана ішіне сыймай, құлшылықтарыңызды мешіт ауласында жалғастырып жатқандарыңызды көріп тұрмын, осы қадір түніндегі тілегіміз болсын, Ақтөбе орталығынан сәулетті, жаңа мешіт салуды жоспарламақпыз», деді.

Осы мақсатпен 2005 жылы «Ақтөбе мешіті» облыстық қоғамдық қоры құрылып, мешіттің жобасын жасауға тапсырыс берілді. «Нұр ғасыр» мешітіне Ақтөбе қаласының орталығынан 3 га жер бөлінді. Алла үйінде тек намазхана, таһаратхана ғана емес, сонымен қатар медресе үшін дәрісханалар, шәкірттер жатақханасы, кітапхана, компьютер бөлмесі, Құран оқылатын бөлме, неке залы және садақа, ауызашар өткізетін 300 кісілік асхана да жоспарланды.Мешіт құрылысы 2006 жылы басталды. Құрылысқа облыс және қала тұрғындары, оның ішінде ұлтына, нәсіліне, тіпті діни ұстанымына қарамастан барлық тұрғындар белсене атсалысты. 2005 жыл басынан 2009 жылдың 1-ші қаңтарына дейінгі мерзім ішінде құрлысқа 1 901 452 769, 56 теңге қаражат жиналды. Халықтың осындай ықыласы арқасында «Нұр ғасыр» мешіті құрылысы екі жарым жыл ішінде аяқталып. 2008 жылы 22-қыркүйекте қасиетті рамазан да мешіттің салатанатты түрде ашылу рәсімі өтті.

«Нұр ғасыр» мешіті төрт қабатты. Бірінші қабатында асхана, ер және әйел кісілерге арналған таһарат, медресе жатақханалары; екінші қабатта мешіт имамдары, медресе дәрісханалары, кітапхана, компьютер бөлмесі, неке залы және Құран оқылатын бөлме; үшінші қабатта ер кісілердің намаз залы, ал төртінші қабатта әйелдердің намаз залы орналасқан. Намаз залдарына 1 180 шаршы метр кілем төселген. Олар Түркиядан әкелінген. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі 40, ені 20, ішкі кеңістігі 500 шаршы метр. Күмбез биіктігінің 40 метр болуы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 40 жасында пайғамбарлық берілген дегенді білдіреді. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Әрбір мұнараның биіктігі 63 метрден. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеден өткен жасын білдіреді. Мұнаралардың төртеу болуы, Алла тағала тарапынан түсірілген төрт үлкен кітап саны және төрт мәзһабтың бірлігі. Мешіттің негізгі күмбезімен бірге төрт мұнара басында төрт кіші күмбез бен айшықтар орналасқан. Барлығы бес күмбез бен бес айшық. Бұл ишара Исламның негізгі бес парызын меңзейді. Мешіт күмбездері мен айшықтары алтынмен қапталған. Мешіт мінбері ақ және жасыл түсті мәрмәрдан салынып, үстіне орналастырылған кішігірім күмбез бен айшық да алтынмен апталған.

Мешіт михрабында және күмбездің ішкі бөлігінде алтынмен көркемделген мозайкамен Құран аяттары өрнектелген. Мозайкалар Италияда дайындалған. Намаз залындағы ең үлкен люстраның ұзындығы 7,5, ені 5,5 метр. Салмағы 3 тонна. 294 шамдар мен 12 000 хрусталь шынылардан жасалған. Мешіт ішіне 32 үлкен, 94 кішкене, 42 бралар ілінген. Барлығы Чехияда жасалған. Екі лифт жұмыс істейді.
Мешіттің іші-сырты, ұстындары, едендері, баспалдақтары түрлі-түсті мәрмармен, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында су бұрқағы және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған. Құрылысқа 2 200 тонна арматуралық темір шыбықтар, 12 000 текшеметр бетон, 2 500 шаршы метр гранит, 7 000 шаршы метр мәрмар, 25 тонна суэмульсиялық және өзге де түрлі бояулар, 36 кг сусальды және сусальды тектес алтын жұмсалған.

Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 4 000 жуық адам емін-еркін құлшылық жасай алса, жазда 10 000 тарта кісілердің сәждеге жығылуына мүмкіндігі бар.

Мешіттің ашылу салтанатына достас екі ел – Қазақстан мен Ресейдің Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен Д.А.Медведев және Қазақстанның Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, халықты қуаныштарымен құттықтады. Дінбасы бата берді.
Сөйтіп «Нұр-ғасыр» мешітінің ашылу салтанаты қоғамдық өміріміздегі тарихи оқиғаға айналды.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2939 рет
JoomShaper
Top