Ислам және отбасы

Қарызыңызды қайтарып жүрсіз бе?

Пенде болғасын бір-бірімізден қарыз алмай тұрмаймыз. Қарыз біреуге үстемесіз берілетін материалдық көмек. Адамдық қарым-қатынастарда да жалпы шариғат бойынша да ол рұқсат етілген игі іс. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Біреудің таршылықтан қиналып барып сұраған қарызынан пайда көріп, өсімін шығару адамгершілігі бар пенденің ісі емес.
Бұл жайында ислам дініндегі ғалымдар бірауызды. «Қарыз берушіге қарыздан бөлек. қалауыңыз бойынша қосымша сыйлық беруге болады (рақмет ретінде). Пайғамбарымыз ( с. ғ. ғ ) қарыздарыңды әдемі қайтаруға тырысыңдар»дейді деген уағыз айтады. Ал кейбір жандар қарызды алып уақытында қайтармайды. Мүмкіндігі бола тұра қайтармайды. Айлық немесе қолына қаражат түскенде қарызын қайтарудың орнына қаржысын қимай қалатыны жəне бар. Сонда қиналып барғанда қол ұшын созып қарыз берген жанның не жазығы бар? Ал оны мүмкіндігі бола тұра қайтармау үлкен күнә екен. Қарызыңды өтеуге қимаған ақшаны бәрібір игілікке жұмсалмайды. Өйткені барлық ісіміз Алланың есебінде емес пе.
Ендеше бола тұра қарызың өтелмей арқалап жүре берудің ауырмалығы да болуы мүмкін ғой. Егер қарыз алмай өмір сүруге мүмкін болмаса алдымен бұрынғы қарызыңды өтеп сосын барып қарыз алу керек. Өтелмеген қарыз уайымды күшейтіп, жүйкені тоздырады. Бұлай уайымдағанша қарызыңнан құтылып тыныш ұйықтаған жақсы емес пе. Жалпы қарыз алу мен берудің әдебі бар. Қарызды тезірек қайтару ниетімен алса Алла тағала қарызын қайтаруға көмектеседі, күтпеген ризық береді дегендей соны қарызыңды өтеуге жұмсау керек. Ал ниетіміз бұзылса, қарызды қайтармай жүре берсек жолымыз да оңғарылмайды. Қарызды қайтармай ол ақшамен бірдеңе аламын деу бос әурешілік. Қарыз беретін адамды таңдай алу да мұсылман әдебінен. Кейбір кісілер дәулетті болғанымен сараң, ақшаның құлы болуы мүмкін. Ондай кісіден қарыз алсаң кейін бекер алдым-ау деп өкінесіз. Қарызды мүмкіндігінше жаны ізгі, Құдайдан қорқатын адамнан алған жөн. Ізгі кісіден қарыз алсаңыз ол өзгелердің алдында мазақтап, төмендетпейді. Ең дұрысы қарыз алуға әдеттенбеу. Қарыз берген адамды өз аяғыңмен іздеп бару керек. Ал оны келуге мәжбүр ету адамгершілікке жатпайтын іс. Қарыз алған адам қайтаруға мүмкіндігі болмаса жағдайы түзелгенше күту керек. Әр күні үшін қарыз берушіге сауап жазылады. Үйін немесе дүниесін сатуға мәзбүрлемеу керек.
Қарыз беру, қарыз алу жайында Алматы облысы, Ескелді аудандық мешітінің бас имамы Болат Жұмағалиевті әңгімеге тарттқанда ол: » Қарыз алуды біреудің аманаты деп білу керек. Ал аманатты уақытында өзінің егесіне қайтару парыз. Сонымен бірге қарызды бұл дүниеде қайтару керек. Қарызын қайтармаса ақиретте ғана емес бұл дүниеде де қарыз иесінің жағдайы қиын болады. Алайда қарыз беруші қиналған жанның жағдайын көріп қарызын кешірген жағдайда ол кісіге екі есе сауап жазылатынын пайғамбарымыздың хадистерінен кездестіреміз. Біріншіден, қарыз беріп, жәрдемдескені үшін сауап алса, екіншіден, қарызын қайтарып алмай кешіріп жібергені үшін сауап алады. Бақара сүресінің 282- ші аятында Алла тағала алыс-берістің тәртібін аятпен бекітіп қойған. Қарыз алған кезде екі кісіні куәге тарта отырып үшінші кісі қағазға жазып, қарыздың, алыс-берістің болғанын растап қағазға түсіреді. Қарызды беруде, уақытылы қайтаруды Алла тағала осы аятпен бұйырады», дейді.
Дін өкілі айтқандай мүмкін болса қиналған жанның қарызын кешіру керек. Қазір осындай адамгершілік жетіспейді. Қарызыңды уақытылы қайтара алмасаң қарыз берушіден қосымша мерзім сұрауға болады. Ең бастыс қарыз беру, қарыз алу адамдардың сыйластығын бұзып, сенімімізге селкеу түсірмеуі тиіс. Халық «Адамның күні – адаммен» деп бекер айтпаған.

Дәулет Серікбай

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close