Жаңалықтар

ӨЗІҢНЕН ӨЗІҢ ЕСЕП АЛ!

Қазақ халқының данышпан ақыны Абай Құнанбайұлы он бесінші қара сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнін де өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» – деп, адам баласын өтіп жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен.

Абай – ислам дінін терең түсінген ғалым. Олай дейтінім, бабамыздың бұл сөзімен ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақылды кісі – өзін-өзі есепке алып, өлімнен кейінгі өмірде (ахиретте) азық болатындай амал еткен кісі…», – деген хадисін түсіндірген. Ақын Алла Тағала «Жүніс» сүресінің 4-аятында «Барлығың да Оған (Жаратушыға) қайтып ораласыңдар» деп айтқандай, үлкен сұрақ-жауап болатын қиямет күнін – «Ахиретте» деп атап отыр. Сол күн үшін сауабымен жарамды, бұл өмір үшін пайдалы амалдар жасауға меңзейді. Арап халқында да «Ахиреттегі есепке тартылмас бұрын, өздеріңнен өзің есеп алыңдар» деген қанатты сөз бар.

Адам баласы өркениетті өмір сүруге талпынуы тиіс. Кейде пенде болғандықтан, осы аласапыран өмірдің сарынына түсіп, жат қылықтарға бой алдырып өзіне, отбасына, қоғамға және қоршаған ортаға зиянын тигізіп қоятын кездері де болады. Сондықтан, ақылды адам артына қарап, өміріндегі өткен істеріне, қылықтарына жасаған жұмыстарына бір үңілмек керек. Егер қате-кемшіліктері болса, оны алдағы уақытта қайталамауға, оны игі амалдармен түзеуге тырыспақ керек.

Ғұламалардың айтуынша өзіңнен өзің есеп алу екі кезеңнен тұрады. Олар – бір істі жасаудан алдыңғы және кейінгі кезеңдер. Біріншісі, білгілі бір істі бастамас алдын тоқтап ойлануды, әбден кесіп-пішіп жоспарлауды талап етеді. Бұл жөнінде Хасан әл-Басри: «Әрбір істі салмақтап, егер Алланың разылығына жеткізетін іс болса амалға асырып, ал егер басқалай мақсатта болса, тәрк еткен пендені Алла жарылқайды», – деген екен.

Екіншісі, орындаған жұмыстың кемеліне жеткізе орындалғанына ой жүгірту.

Әрбір өткен күн, апта, ай және жыл бойы атқарған жұмыстарымызды ең әуелі өзіміз үшін саралап, жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді салмақтап, есеп жүргізіп отырғанымыз абзал болмақ.

Ендеше, өткен жылда алға қойған мақсаттарымызды кемеліне жеткізе орындадық па? Жеткен жетістіктеріміз қаншалықты салмақты болды? Жаңадан кірген Қой жылына жоспарларымыз қалай болмақ? Ендігі кезекте жаңа белестерді бағындыру, руханиятымызды байыту үшін тиімді жоспарлар құруымыз қажет.

Жаратқан Хақ әрбір игі істерімізде бізді жарылқағай!

 

Оңғаров Ершат Ағыбайұлы

теолог, (Ph.D) доктор

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі,

 

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close