Ғұламалар бұл пікірталасқа Имам Ағзамды шақырады. Имам Ағзам пікірталас майданына кешігіп жетеді. Дінсіз ғалым салған жерден:
– Неге кешіктің, дейді.
Имам Ағзам:
– Өзеннің арғы бетінде едім. Бергі жағаға өтуге қайығым жоқ еді. Кенет өзен жағасындағы өсіп тұрған ағаштың бұтақтары өздігінен қайық болды. Сол қайыққа мініп бергі жағаға өтем дегенше уәделі уақыттан кешіктім, – деп жауап береді.
Имам Ағзамның жауабын естіп кеңк-кеңк күлген дінсіз ғалым:
– Соқпа өтірікті. Ағаш бұтақтары өздігінен қалайша қайық болады? – дейді.
Дінсіз ғұламаға бас изеген Имам Ағзам:
– Дұрыс айтасың. Өздігінен ағаш бұтақтарының қайық бола салуы мүмкін емес. Ендеше, мына әлем Ұлы Жаратушысыз қалайша өздігінен бар бола салады? – деп дінсіздің аузына құм құяды.
Мұхан ИСАХАН