Біз террорист емес едік... немесе Ауғанстандағы сәбилер қырғынына шолу

Сәрсенбі, 11.04.2018
Біз террорист емес едік... немесе Ауғанстандағы сәбилер қырғынына шолу

«Менің екі құлыным Құранды түгел жаттап алып, Хафиздерді марапаттау салтанатына асыға кеткен. Сол күні олар өздеріне түрлі гүлдерден шалма дайындап қойған еді. Екінтіден кейін, үйге келіп шалмаларын тағып кетулері керек-тұғын. Олар кешігіп жатты, гүлдерін қолыма ұстап, ұзақ күттім. Кенет аспан асты у-шу, тарсыл-гүрсіл болып, айналаны алып кетті. Сәлден соң үйге екі құлыншағымның мүрделерін көтерген отағасы кіріп келді де, маған қарап: «Біздің ұлдарымыз Алланың барлық сөздерін жаттап алып, оның өзімен қауышуға кетті..» - деді.

Бұл - сәуірдің төрті күні Ауғанстаның Құндыз аймағы, Дашт-е Арши ауданындағы медреседе АҚШ бастаған НАТО әуе әскерлерінің көмегімен ауған әуе күштерінің «Талибан» содырларына қарсы қарулы іс-шараларының барысында қаза тапқан «кішкентай қарилардың» анасының сөздері.

Иә, Ауғанстанның Құндыз аймағы «Талибан» содырларының қарауындағы, билігіндегі қарулы қақтығыстар жиі болып тұратын аймақ. Алайда, дәл сол күні Құранды жатқа оқыған 200-ден астам бүлдіршіндерді марапаттау салтанатында қарапайым халықтан басқа медресе аумағында ешқандай да «террорист» немесе «Талибанның» содырлары болмаған, іс-шара қатысқан молда-имамдар мен жергілікті фермер, шаруалардың балалары ғана. Мұны, «Әл-Жазира» арнасы арқылы өз мәлімдемесін жасаған «Талибан» террористік ұйымның өзі де мойындап отыр. «Осы күні 150-дей адам көз жұмды, ішінде ғалымдар мен олардың шәкірттері және қара халық қана. Іс-шараға «Талибан» белсенділері қатыспады» дейді олар.

Қанды оқиғаның куәгері болған Мұхаммед Абдулл Хақ  «Әл-Жазира» -ға журналисттеріне берген сұхбатында: «Марапаттау іс-шарасында 11-12 жас аралығындағы жас балалар қатысты, оларға діни дәрістерін бітіргенін жөнінде марапаттарын тапсыру керек болатын... Айнала ащы айқай мен аналардың көз жасынан жаңғырып кетті, барлығымыз еріксіз оларға қосылып жылай бердік...».

Ал Ауғанстанның Қорғаныс Министрлігінің баспасөз хатшысы генерал Мұхаммед Радманиш «Әл-Жазира»-ға берген жауабында әуеден жасалған соққы «Талибанның жоғарғы шенді командирлеріне қарсы ұйымдастырылған іс-шара болды. Әуеден жасалған соққылар арқылы 30 «Талибан» содыры мен 9 командирінің көзін жойдық. Соққы жасалған аймақта ешқандай да, бейбіт тұрғындар болмады» деп мәлімдеді.

 

Осылайша, ауған үкіметінің ресми мәлімдемесі бойынша, әуеден жасалған соққылар Құндық қаласын жаулап алмақшы болып, жиналыс ұйымдастырып жатқан «Талибан» әскеріне қарсы болды дейді. Ал, жергілікті билік өкілдері мен халық сол күні «Даастар Банди» діни мектебінде жас қариларды марапаттау рәсімінен басқа ешқандай да іс-шараның өтпегендігін айтып отыр.

Қаза болғандардың саны бойынша да пікірлер әр түрлі. Құндыз ауданынның губернаторы Нематуллах Теморидың сөзіне сенсек, тәліптермен қоса қаза тапқан балалардың саны 70-ке жуық және олардың 7-і бейбіт тұрғын болса, оқиға куәгерлері өлгендердің саны 100-ден астам екенін айтады.

Генерал Мұхаммед Радманиш қаза болған бейбіт тұрғындар «біз білмейтін басқа қарулы қақтығыстың себебінен болуы мүмкін» дейді. Себебі, сол күні ауруханаға түскен бейбіт тұрғындардың денесінен оқтар табылып жатыр деген дәйек келтіріп отыр.

Алайда, шейіт болған бүлдіршіндердің бірінің әкесі Абдул Халид «Әл-Жазира» -ға былай дейді: « Менің ұлым 13 жаста еді, Құранды жаттап болып, марапаттау рәсіміне шақырылған болатын. Ол әдемі киімдерін киіп, қуанып шыққан сол күні үйден. Оның денесінде ешқандай да оқтардың ізі жоқ. Ол оқтан емес, әуеден тасталған бомбалардан қаза болды».

Құндыздың қоғамдық денсаулықты сақтау бөлімінің басшысы Матин Атифи журналистерге сол күні 30-дан астам бейбіт тұрғынның ауруханаға түскенін хабарлап отыр.

Құндыз қаласының тұрғыны Файз Мұхаммад өзінің кішкентай екі інісі 11 жастағы Миравис пен 12 жастағы Ахмед ғажаптың арқасында тірі қалды дейді.

«Олар не болғанын да түсінбей отыр, көңілдері жоқ, себебі ең жақын достарын жоғалтты»

Ауғанстан бойынша БҰҰ-ның өкілдері, адам құқықтары бойынша жұмыс тобы тәуелсіз арнайы өз зерттеулерін жүргізеді деп твиттер парақшасы арқылы хабарлап отыр.

Осы оқиғаға дейін, Чапархар және Нангархар өлкелерінде жүргізілген қарулы іс-шараларларда бейбіт 7 шаруа мен 2 жасөспірім балалар қаза болған еді.

Яғни бұл осындай оқиғаның бірінші рет болуы емес. Осы жылдың 31 қаңтарынан бері ауған жеріндегі «Талибанға» қарсы ұйымдастырылған қарулы іс-шаралар нәтежиесінде  «Human Rights Watch» есебі бойынша 20 бейбіт тұрғын қазаға ұшыраған.

Бұл Ауғанстанда ғана болып жатқан жағдай, Сирияда мен Иракта, кешегі Палестина мен Мяньмада ше?! Қанша жасөспірім балалар оққа ұшуда, қаншасы ел аралап қаңғырып жүр?!  Еуропаға қашқан жанұялардың балалары Жерорта теңізінің жағалауларына өлі денелері шығып қалып, әлемді шулатқаны кеше ғана емес пе еді?!

Жалпы мәлімметтер бойынша әлемдегі әр алты баланың біреуі соғыс жағдайында өсіп келеді. Соғыс жүріп жатқан аймақтарда 350 миллионға жуық бала өмір сүреді екен.

Мұны «Балалларды құтқар» (Save the Children) халықаралық ұйымы хабарлап отыр.

Аталған ұйымның баяндамасы бойынша 350 млн баланың 165 млны ірі соғыс аймақтарында тұрып жатыр. Бұл 90-шы жылдармен салыстырғанда 75 пайызға көп.

Ал БҰҰ хабарлауынша, соңғы 13 жылда 73 мың бала қаза болған немесе жарақат алған.

Балалар үшін ең қауіпті үш мемлекет - Сирия, Ауғанстан және Сомали.

Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары да үн қосып, қыршын кеткен сәбилерге қайғыра көңіл білдіруде.

Қайрат Жолдыбай: «Ауғанстанда Құранды толық жаттаған 101 бүлдіршін қапыда шейіт болғаны жайлы хабарды естіген боларсыздар. Оқиға бүлдіршіндерге "хафиз" дипломын табыс ету рəсімі кезінде орын алған. АҚШ қолдауындағы Ауғанстан əскери ұшақтары "əлдебіреулерді" жою барысында бүлдіршіндерді қателікпен бомбалаған көрінеді. Сонда не қателікпен осыншама бүлдіршіндердің жанын қиғандар жауапқа тартылмайды ма? Неге əлем үнсіз?! Ислам ынтымақтастығы ұйымы қайда? БҰҰ ше? Мұсылман емес елдерде орын алған мұндай жағдайларда басқаша әрекет ететін əлем лидерлері қайда? Неге алалаймыз?! Қайғыру да саясат па? Бүлдіршіндердің жазығы не?!

Жандарың жəннатта шалқысын, уа, Құран хафиздары!. Ата-аналарыңа шапағатшы болыңдар, періштелер!

Қайғыра көңіл айтамыз! Қылмыскерлерді айыптаймыз!»

 

Абдусамат Қасым: «Ауғанстанда болған оқиға бәрімізді тебірентпей қоймады. Ауғанстанның солтүстігіндегі «Дафтани» ауылында орналасқан «Құран жаттау мектебін» жергілікті екі әскери тікұшақ атқылап, соның салдарынан жазықсыз 101 сәби Құран қарилары (Құранды бастан аяқ жаттап алғандар) қыршын кетті. Ал, 150 бала – жаралы... Олардың бұл жағдайлары - Пайғамбарымыздың заманындағы мүшриктердің қолынан қаза тапқан 70 бірдей жас Құран қариларын еске түсірді маған.

Хижра жыл санауы бойынша, 4 жылында Амир ибн Мәлик есімді бір адам Пайғамбарымызға келіп, әлі пұтперестіктен қайтпаған, қыздарын тірідей көметін Нәжд халқына дінді үйрету үшін бір топ сахабаны жіберуін сұрайды. Пайғамбарымыз алғашқыда олар үшін Нәжд халқынан қауіптенетінін айтқанымен, Амир өз қорғауына алатындығын уәде еткеннен соң, 70 таңдаулы сахабаны қосып жібереді.

Ол сахабаларды жұрт «Қурра» деп атайтын. «Қарилар» деген мағынада. Құранды жатқа білетін, көп оқып, өзгелерге үйрететін кісілер еді. Бұнымен қоймай олар күндіз ағаш шауып әкеліп, соны кәсіп қылатын да, тапқан табыстарынан пақырларды тамақтандыратын болған екен. Мешітке мұсылмандар үшін су таситын. Күндіздерін осындай игі іспен өткізсе, түндерін тахажжут намазын оқумен, Құран оқып, қайталаумен өткізетін болған. Міне, осындай пәк рухты, игі жандар еді олар. Құдды күні кеше өлім құшқан жас қарилар іспетті тұғын..

Пайғамбарымыз оларды Исламды үйретсін деп Нәжд халқына жібереді. Алайда жол-жөнекей «Маъуна» құдығының түбіне аялдаған тұста, жан-жақтан мүшрік әскерлері қоршап, бәрін қылыштан өткізеді. Осылайша, қиянатқа ұшырап, 70 қари дін жолында шейіт болады. Мұны естіген Пайғамбарымыз қатты қайғырып, отыз күн бойы өлтірген жауыздарға дұға еткен екен. Көп ұзамай қанды қол қарақшылар Құдай Тағаланың жазасына ұшырап, жоқ болады...Бақилық болған балалардың Алла ата-аналарына, жақындарына сабыр берсін!»

 

Zhanuzakh Mussapir: Ауғанстанда 101 жас бала жазықсыз қайтыс болыпты. О дүниеге пәк күйінде ата-аналарының көз алдында кете барды. Қандай ауыр қасірет?! Бұдан артық Ауған елі үшін ауыр қаза болмас. Адалдықтың ақ жолын бесіктен белі шықпай жатып таңдаған, құран жаттап шыншыл, ақ адал боламыз дегендегі тапқандары осы болды ма, бұл қалай болғаны сонда...?! Айтарға сөз жоқ. Иманды болсын, жас қариларымыз! Артындағы ағайындары аман-есен болсын!

 

 

Шолу жасаған: Асхат Ахмедияр

арнайы Kazislam.kz үшін

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2445 рет
JoomShaper
Top