Муржийа ақидасының ахлу сунна ақидасына қатысы бар ма?

Сәрсенбі, 13.12.2017
Муржийа ақидасының ахлу сунна ақидасына қатысы бар ма?

Түбірі «иржа» сөзінен шығатын Муржийа сөзінің екі мағынасы бар: Бірінші; «кейінгі қалдыру» болдса, екіншіден «үміт ету» болып табылады.

Бұл мазхап үлкен күнә жасаған адам мүмін санала ма, саналмай ма деген тартыстың өршіп тұрған кезінде пайда болды. Харижиттер үлкен күнә жасаған адамды кәпір деп санады. Муғтазали өкілдері үлкен күнә жасаған адамның мүмін саналмайтынын, тек мұсылман екенін алға тартты. Ал, ахлу сунна өкілдері үлкен күнә жасаған адамның «асылық етуші мүмін» екенін, оның ақыреттегі жағдайы Алланың құзырында болғандығын, Ол қаласа жасаған күнәсіне қарай жазалайтынын, қаласа, күнәсін кешіреді деген көзқараста болды.   

Мүржийа мазхабының өкідері үлкен күнә жасаған адамға құлшылығының пайда бермейді және иманмен бірге күнә де зиян бермейді деген ұстанымда болды. Сонымен бірге, үлкен күнә жасаған адамның күпірлікке кіргенін немесе кірмегенін ақыретке Аллаһқа қалдыруға тиістіміз деген көзқарасы да болды. Бұл пікір, бір қарағанда ахлу сунна өкілдерінің үлкен күнә жасағанды ақырет күні Алла қаласа кешіреді, қаласа азап береді деген көзқарасына ұқсағанмен, үлкен айырмашылығы бар еді. Себебі, ахлу сунна өкілдері үлкен күнә жасаған адам күпірлікке кірді, тек, Алла ақырет күні үлкен күнә жасаған адамды кешіруі немесе азап беруі де мүмкін деп білетін. Ал, Мүржийа өкілдері үлкен күнә жасағанның күпірге кіріп, кірмегенін де ақыретте Аллаға қалдыруды жөн көретін.

Үлкен күнә жасаған адамның мәңгі тозақ отына жанатынын айтқан Муғтазали өкілдері, өздерінің бұл пікіріне қарсы келген бүкіл ғалымдарды Мүржиттер деп атады. Яғни, Муғтазалиттер үлкен күнә жасаған адам тәубеге келген болса, Алла кешіруі мүмкін немесе тәубесі қабыл болмаған жағдайда, жасаған күнәсіне қарай жаза шегіп, Аллаға иман келтіргені үшін түбінде жұмақтық болады деген ұстанымда болған ахлу сунна өкілдерін де Мүржиттердің қатарына қосқан еді. Муғтазали мазхабы дәуірлеп тұрған шағында, Ханафи мазхабының екінші ірі өкілі имам Әбу Жүсіпті өздерінің пікіріне қосылмағаны үшін Мүржи деп атады. Тіпті, Муғтазали өкілдері Имам Ағзамның: «Иман жүрекке бекітіледі. Иман артпайды немесе кемімейді» деген пікірі үшін, оны да Мүржи деген еді. Муғтазалиттер Имам Ағзамның: «иман жүрекке бекіп, ол артпайды немесе кемімейді» деген пікірін, амал етушілікті кемсіткендік деп білді. Алайда, бүкіл ғұмырын амалдардың дұрыстығы мен бұрыстығын анықтауға арнаған адамды, қалайша амал жасаушылықты кемсітті деп айтуға болады?

Нағында, Муғтазалиттердің имам Ағзамды бұлай қаралауының бір себебі, Имам Ағзам Муғтазалиеттердің «жақсылықты Алла жаратады, жамандықты сайтан жаратады» деген тағдыр түсінігін жоққа шығарған еді. Олар осы себептен де Имам Ағзамға жөн–жосықсыз Мүржи деген еді. Сондай–ақ, имам Ағзам Харижиттердің Ислам негіздеріне қайшы келетін пікірлерін сынағаны үшін, олар да ұлы имамды еш негізсіз һәм себепсіз Мүржи деп қаралады. 

Үлкен күнә жасаған адамды кәпір деп танымаған және бұндай күнә жасаушы мәңгі тозақта қалмайды деген өз дәуірінің Исламның жарық жұлдыздары болған Хасан б. Мұхаммед б. Али б. Әби Тәліп, Сайд б. Жубайр, Амр б. Мүрра, Мухариф б. Дассар, Мукатил б. Сүлеймен, Хаммад б. Әби Сүлеймен, Кадид б. Жафар және өзге де осы пікірді ұстанушыларды Харижиттер мен Мутазалиттер Мүржи деп қаралады.

Осыған қарап кейбір ғұламалар «сунниттік Мүржиттер» және «бидғаттық Мүржиттер» деген терминді айтып жүр. «Сунниттік Мүржиттер» деп, үлкен күнә жасаған адамды кәпір деуден бас тартқан және оны тозақта мәңгі қалмайды деп білетіндер, ал, «бидғаттық Мүржитттер» деп, кәпірге құлшылығының пайда бермейтіні секілді, иман еткен адамға жасаған күнәсі де зиян бермейді деп, әрбір мәселенің ақ-қарасын ақыретке Аллаға қалдырамыз дейтіндер айтылады.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 408 рет
JoomShaper
Top