Тағдырды Аллаға жабу таухидке қайшы емес пе?

Сейсенбі, 12.12.2017
Тағдырды Аллаға жабу таухидке қайшы емес пе?

Бір қарағанда барлық іс-әрекетті Алла жасатады деген жәбири ақидасы таухид сенімін дәріптеген сияқты болады. Себебі, іс-әрекетті немесе тағдырды Алладан басқа күш тудырады десек, онда таухид түсінігі бұзылмай ма? 

Таухид – исламдық сенімнің негізі. Таухид – Алладан басқа жаратушы болмағандығын, Мұхаммедтің (с.а.у) оның Елшісі екендігін мойындау. Илаһ дегеніміз – барлық стандарттар мен ұлылық сипаттарына лайық болу деген сөз. Илаһ – жүректердің берілгендігін, жүректердің ерекше сүйгендігін, үрей мен үміттің байланған ең жоғарғы сатысы. Алла Елшісінің әкелген таухид сенімі – Ұлы Жаратушының алдында кішіпейілдікпен мойынсұнудың шыңына шығып, Алланы тану. Сондай-ақ, махаббатпен, мойынсұнумен, Оның ризашылығына ие болу үшін Оған деген құрметті бәрінен жоғары қою.

Пайғамбарымыздың (с.а.у) таухид сенімін ерекше ыждағатпен қабылдаған оның үмбеті ұдайы осы шыңға шығуға ұмтылады. Нағында, Алладан өзгені тәңір деп білмеу – нағыз таухид сенімі. Таухид сенімін Елшілер арқылы бұйырып, кітаптар түсірген. Құлдарын осы сенімге шақырып, олар үшін сауап пен жазаны жаратқан. Таухиттің жүзеге асуы үшін оның механизмі болып саналатын заңдылықтар түсірген. Жәбири ақидасындағы «Іс-әрекетті Алланың пенделеріне мәжбүрлеп жасатады» деген түсінігі бос сөз. Адам іс-әрекет жасауға қабілеті жоқ болса, онда Алла неге бұйырған? Жәбри ақидасы бойынша бұйрық пен тиымдардың түсуімен, Алла іс-әрекетті жасауға мәжбүр болған деген түсінік шығады. Егер, бір пенде Алланың бұйырғанын орындай алмаса, онда сол кезде Алла Өзі бұйырып, адамның ол бұйрықты орындауына Өзі кедергі болған деген түсінік шығады. Яғни, Алла адамның ізгілікті жасауына ешбір жол қалдырмаған болып шығады.

Әсілі, тәухид – Аллаға мойынсұнғанды білдіреді. Бірақ, жәбри ақидасы Аллаға деген ынтық сезім мен махаббаттың Онымен қауышуын кес-кестеп, құлдықтың мән-мағынасын жоққа шығарады. Құлдың әрекет етуін, құлшылық етуін, сүюін жоққа шығару арқылы құлшылық-ғибадаттың Аллаға ғана жасалатынын жоққа шығарады. Егер, жәбири  ақидасын ұстанар болсақ, илаһи зорлық (жәбири түсінігі) илаһи сүйіспеншілікті терістеуімен таухид сенімін жоққа шығарады. Өйткені, жәбири  ақидасы Алланың адамға бір нәрсені жасауға қабілет бермегенін немесе Алланың бұйрығын тәрк етуге қабілет бермегенін айтады. Яғни, жәбири ақидасында Алла адамға бір нәрсені жаса деп бұйырады және адамның оны іске асыруына кедергі келтіреді. Соңында Өзі жасатқан әрекеті үшін адамды жазалайды.

Жәбири  ақидасы бойынша Алла ешқашан күнә жасамаған салих бір құлды жазалауы мүмкін. Бұл Алла-Тағала құлына көтере алмайтын міндетті жүктеп, соңынан оны атқара алмағаны үшін жауапкершілікке тартады дегенге саяды. Олай болса, жәбири ақидасы Раббыны азап беруші деп отыр. Іс-әрекетті Алла істеттіреді деген ұғым шариғатқа қайшы. Себебі, шариғат – бұйрықтар мен тиымдардан тұрады. Бұйрық пен тиымға қатысты құл я мойынсұнады, я қарсы келеді.  Ал, жәбири ақидасы құлына іс-әрекет жасауға емес өзіне іс-әрекет жасауға бұйырды немесе құлына емес өзінің іс-әрекетіне тиым салды деген тәрізді негізсіз сенім.

Бұл ақиданың нәтижесін негізге алатын болсақ, Алла бұл дүниеде құлдарына өзі тілеп, өзі жасатқан іс-әрекеттерін есепке алып, қиямет күні құлдарына я нығмет, я азап бермек. Бұл сенім бойынша адам өзі жасаған тура немесе жаңылыс іс-әрекеттері үшін нығмет пен сауап ала алмайды. Алла адамға тура немесе жаңылыс іс-әрекетті күшпен  жасаттырып, соған сай нығмет пен жаза береді. Әлбетте, бұлай илану түбірімен әбестік!

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 176 рет
JoomShaper
Top