Ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған асыл азамат еді...

Сәрсенбі, 30.11.2016
Ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған асыл азамат еді...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, «Сарыағаш» медресесінің директоры, белгілі дінтанушы ғалым Сманов Әбсаттар Шәкірұлының қайтыс болуы Қазақстан мұсылмандарын үлкен қайғыға ұшыратты.

Әбсаттар Шәкірұлы – Қасиетті Құранның мағынасын ана тілімізге тәржімалаған көрнекті ғалым, дін қайраткері еді. Ол – салихалы ғұмырын ислам шариғатын оқуға, шәкірт тәрбиелеуге арнаған асыл азамат болатын. Ғұламалар кеңесінде түрлі түйткілді мәселелерді талқылағанда ұлтжандылығымен, біліктілігімен, өткірлігімен, батылдылығымен көзге түсіп, құрметке ие болды.

Әбсаттар қажы ҚМДБ жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының белсенді мүшесі ретінде еліміздің барлық аймақтарында, әсіресе Ақтөбе, Атырау, Жезқазған сияқты діни ахуал күрделенген өңірлерде экстремизм мен терроризмнің алдын алуда, Ислам құндылықтарын насихаттауда көп еңбек сіңірді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесі мүшелерінің атынан марқұмның туған-туысқандарының, жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Жаратқан Алла марқұмның еліміз үшін, дініміз үшін жасаған жұмыстарын мол сауаптан жазып, жанын жаннатқа жайғастырғай! Әумин!

Ершат ОҢҒАРОВ

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы

Оқылды 899 рет
JoomShaper
Top