Жаңалықтар

Малайзиямен ислам қаржысы туралы ортақ мәміле жасалды

«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Малайзия Университетінің  Тун Абдол Разак (УНИРАЗАК) Университетімен бірге осы алдағы бірінші қыркүйектен бастап, қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыратын болады.  Басты талап — әлемдік экономикалық үрдістерді жан-жақты сараптап, экономикамызға, индустриямызға септігін тигізетін жаңа қаржыландыру көзін халыққа жеткізу, исламдық банкинг және қаржыландыру саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау.

Енді студенттер бірінші қыркүйектен бастап, бірінші семестрді осы өзіміздің университетте, екінші семестрді Тун Абдол Разак университетінде оқитын болады. Ал үшінші семестрді өздерінің қалауы бойынша Қазақстанда немесе Малайзияда оқиды. Студенттер магистратуралық диссертацияларын қорғап шығып, біздің тараптан Исламдық банкинг бағыты бойынша Қаржы мамандығы дипломын алса, Малайзия тарапынан MBA атағы бойынша диплом алады. Кейін, Алматыдағы AL-HILAL Исламдық банкі мен ҚР Ұлттық банкінің сұраныстарына сәйкес жұмысқа орналаса алады», — деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университетінің  оқу үрдісі жөніндегі проректоры Дархан Ахметзаки.

Жаңа оқу бағдарламасы бойынша биыл 5 студент қабылданады. Оқу мерзімі 1,5 жыл. Бір жыл теориялық курстарға негізделсе, қалған жарты жылда студенттер қаржы орталықтарында іс-тәжірибеден өтіп, диссертациялық жұмыстарын жазады. 

Әзірше мемлекет тарапынан бұл оқу жүйесіне гранттық орындар берілген жоқ. Дегенмен, Дархан Ахметзакидің айтуынша, осыған байланысты министрлік қабырғасында келіссөздер жүргізілуде. Оқу ақысы отандық жоғары оқу орындарындағы курстарға төленетін ең төменгі ақыдан көп болмайды.

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close